Жаңалықтар

Ханчжоу-2022 Азия Пара ойындарының қалашығында Қазақстан туы көтерілді

Ханчжоу-2022 Азия Пара ойындарының қалашығында Қазақстан туы көтерілді
Фото: gov.kz 21.10.2023 11:09 685

Бүгін, 21 қазанда Ханчжоудағы пара атлетикалық ауылда Қазақстанның мемлекеттік Туын салтанатты түрде көтеру рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Осылайша, бүгіннен бастап Қазақстан құрамасы ресми түрде IV Азия Пара ойындарының сайыстарына қатысуға мүмкіндік алды. 

Шараға Қазақстан құрамасының спортшылары мен спорт саласының мамандары қатысты.

«Қазақстан құрамасы Азия ойындарына аман-есен жетті. Біздің спортшылар классификациядан сәтті өтіп, өздерінің спорт класын растады. Спортшылардың класы паралимпиадалық спортта шешуші рөл атқарады, бұл барлық қатысушылар үшін әділ жарыстарды қамтамасыз етеді. Енді біздің алдымызда құнды медальдар үшін қарқынды күрес тұр. Қарсыластарымыз осал емес. Осы Ханчжоу-2022 пара ойындарына еліміздің тарапынан спорттың 14 түрі бойынша 131 спортшы қатысады, бұл Қазақстанның Азия пара ойындары тарихындағы қатысушылар саны бойынша жаңа рекорд. Алдыңғы ойындарға Қазақстаннан 9 спорт түрінен 91 спортшы қатысып, 33 жүлдеге қол жеткізген болатын. Биылғы жылы одан да көп медаль әкелеміз деп үміттенеміз», - деді Ұлттық Паралимпиада комитетінің бас хатшысы Ерлан Сүлейменов.

Қазақстан Туын көтеру рәсіміне қатысқан пара пауэрлифтигтен Токио-2020 Паралимпиада ойындарының жеңімпазы, Әлем және Азия чемпионы Давид Дегтярев салтанатты іс-шарадан алған әсерімен бөлісті.

«Бүгін Ханчжоуда еліміздің туы көтерілді. Өзге елде Қазақстанның туы желбіреп тұрғаны әрдайым қуантады. Еліміздің көк байрағын осылай биіктен желбіретуге бар күшімізді саламыз», - деді  ол.

Айта кетсек, IV Азия Пара ойындары 22-28 қазан аралығында Ханчжоу (ҚХР) қаласында өтеді. Жарысқа 22 спорт түрінен 43 мемлекеттен 4000-ға жуық спортшы қатысады. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға