Жаңалықтар

Хан Тәңірі. Қанды тау ма, Құдай тауы ма?

Аңыз бен ақиқат
Хан Тәңірі. Қанды тау ма, Құдай тауы ма?
07.08.2017 17:08 20625

Қазақ, қырғыз бен қытай шекараларының түйісер тұсында әлемдегі биік нүктелердің бірі – Хан Тәңірі шыңы тұр.

Хан Тәңірінің көз жетпес биіктігін әрдайым қалың қар басып, тұман тұмшалап тұрады. Күн батар тұста шың басы қызыл реңге боялып, алаулаған от секілді көрініс береді. Сол себепті оны қазақтар «қанды тау» атап кетсе, қырғыз халқы «кантоо» деп атайды.

Кей ғалымдар Хан Тәңірі атауы тым беріде шықты дегенді айтады. Хан сөзі көне түрік-моңғол тілінде Qan мағынасында қолданған екен. Бұл сонау б.з.д. V-VIII ғасырларда сөздік қорда болған сөз. Ал Тәңір туралы аңызда былай делінеді:

Есте жоқ ескі заманда аспан да, жер де жоқ, тек ұшы-қиырсыз көк теңіз болған екен. Бір кезде  теңіз ортасынан аппақ жарықша пайда болып, ішінен алтын жұмыртқа шыға келеді. Ал жұмыртқаның ішінде Тәңір қалың ұйқыда жатыр екен. Ол миллиондаған жылдары бойы ұйықтап, ақыры бір күні оянып кетеді. Өзін қоршаған жұмыртқасын жарып сыртқа шығыпты. Содан Тәңір жоғары мен төменде ештеңе жоғын көріп, астынан жерді, үстінен аспанды жасайды. Аспан жерге құлап кетеді деп, оның ортасына Темірқазық орнатады. Содан кейін аспандағы барлық аттарды, жұлдыз біткенді сол Темірқазыққа байлап, аспанды айналатындай етіп жасап қояды.

Ендігі мәселе Тәңір үшін ұрпақ пайда қылу еді. Өзі ер мен әйел болып екіге жарылып, әйел құдайды Ұмай деп атайды. Ұмайды сонау Сумер тауының басына, Аспан тауының маңындағы Сүткөлге жайғастырады. Осыдан бастап, ана сүті – Ұмай, ал жұлдыз жолы болса – Сүткөл деп аталады.

Тәңірдің тынысы – жел, бұлт, ал даусы – гүрсіл болады, оң көзі – Күн, сол көзі – Ай делінеді. Ол ниеті бұзылған адамдарды найзағай болып өмірлеріне қауіп тудырып отырады.

Тәңір осылай ең үлкен Құдай болып есептеледі де, қалған Құдайлар оған бағынышты болады. Ол бәрін көруші, бәрін естуші, оған жер бетінде жасырын тұрған нәрсе жоқ.

Осылайша адам баласы өзінің иесі болған Аспан мен Жерге, әлемнің билеушісі Тәңірге тікелей бағынады. Ал адамның тағдыры құдайға қызмет етіледі екен.

Байқауымызша "тәңір", "құдай" сөздері тек түрік халықтарында ғана емес, басқа да ұлттардың сенім-нанымында да бар. Қазақтар Тәңіртау атаған Тянь-Шаньның төбесі сүйірленіп, аспанмен текетіресе тұрған Хан Тәңірі шыңының атауы сан жылдар бойы көпті қызықтырып келді. Зерттеушілер, ақыры «Аспан әміршісі», «Құдайлар тауы», сондай-ақ, «Аспан тау» деген мағына білдіреді деген шешімге келді.

Хан Тәңіріндегі тәңір (теңгір) көне шумер тілінде «дингер» – «құдай», ғұндарда (хұн) «ченли», яғни, «аспан» мағынасында болған. Ал ежелгі түркі тілінде «әмірші», «билеуші». «аспан» мағынасында қолданылған.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға