Жаңалықтар

Халықтың әлеуметтік осал санатындағы 100 мыңнан астам азаматтың үйі ТЖМ есебінде тұр

Халықтың әлеуметтік осал санатындағы 100 мыңнан астам азаматтың үйі ТЖМ есебінде тұр
Фото: ©El.kz/Бауыржан Жуасбаев 12.11.2024 10:48 344

Статистикаға сәйкес, өрттің шығуы мен адам өлімінің негізгі себебі жылу жүйелерінің дұрыс жұмыс істемеуінен болып отыр. Атап айтқанда, пештерге қатысты, ол негізінен халықтың әлеуметтік осал санатындағы үйлерге тиесілі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар адамдар, жалғызбасты қарттар Төтенше жағдайлар министрлігінің ерекше бақылауында. Есепте 100 мыңнан астам үй бар. Олардың барлығына әкімдіктермен және еріктілермен бірлесіп өрт хабарлағышын орнату және мүмкіндігінше жылыту жүйелерін жөндеу, түтін мұржаларын тазалау түрінде атаулы көмек көрсетіледі. 2021 жылдан бастап барлығы 107 мыңнан астам датчиктер орнатылды, олар адамға улы газдан болатын қауіп туралы алғашқы сатыларда ескертуге мүмкіндік береді. Өрт датчиктерінің іске қосылған 55 жағдайы тіркелді, соның арқасында 248 адамның өмірі аман қалды.   

Тағы бір себеп – тұрмыстық газды дұрыс пайдаланбау, оның соңы жарылыстарға әкеліп соғу қаупі бар.

Қазір халық заңды бұза отырып, газ баллондарын автожанармай құю стансаларынан толтырады, ал олардың басым бөлігі утилизацияға жатады. Біздің есебіміз бойынша 348 мың газбаллон ауыстыруды талап етеді. Осы орайда, әкімдіктердің жанындағы тұрғын үй комиссиялары тұрмыстық және коммуналдық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелері мен газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану ережелерінің сақталуына бақылау жасауды күшейтуі қажет, — деп атап өтті Үкімет отырысында төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға