Жаңалықтар

Халықаралық жағдай қалай құбылса да достықты сақтауға ұмтылысымыз өзгермейді – Си Цзиньпин

Халықаралық жағдай қалай құбылса да достықты сақтауға ұмтылысымыз өзгермейді – Си Цзиньпин
Фото: t.me/aqorda_resmi 03.07.2024 13:31 438

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу барысында Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқанына тағы да куә болғанын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Си Цзиньпин Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен қазақ халқы анағұрлым қуатты әрі өркендеген жаңа Қазақстан құратынына сенім білдірді.

Ежелгі «Жібек жолынан» тамыр тартатын елдеріміздің достығы мыңдаған жылдар бойы үздіксіз нығайып келеді. Дипломатиялық қатынастар орнаған 32 жыл ішіндегі ынтымақтастық нәтижесінде екіжақты байланыстарымыз мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестіктің бұрын-соңды болмаған деңгейіне көтерілді. Оның арқауы – мәңгілік достық, өзара сенім мен ынтымақтастық. Халықаралық жағдай қалай құбылса да, достықты сақтауға ұмтылысымыз, сан қырлы ынтымақтастықты дамытуға деген табандылығымыз, негізгі мәселелер бойынша бір-бірімізді өзара қолдауға бейілділігіміз және ұлттық даму міндеттерін орындауға сеніміміз өзгермейтінін растағым келеді, – деді Си Цзиньпин.

ҚХР Төрағасы Қазақстанның халықаралық аренадағы орта держава ретіндегі конструктивті рөлін қолдады.
  
Кездесу барысында тараптар электронды коммерция, автомобиль мен автобөлшек өндірісі, көлік-транзит және логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, қаржы, туризм салаларындағы инвестициялық ықпалдастықты дамыту перспективаларын талқылады.

Екі ел басшылары сауда-инвестициялық ынтымақтастықты жандандыру үшін тиісті механизмдер бар екеніне тоқталып, Қазақстан мен Қытай үкіметтері қазір және келешекте бизнес-жобалардың табысты жүзеге асырылуына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін растады.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин өңіраралық кооперация мен мәдени-гуманитарлық саладағы ықпалдастықты тереңдету жөнінде пікір алмасты.

Мемлекет басшысы Астанада Бейжің Тіл және мәдениет унверситеті филиалы мен «Лу Бань шеберханасының» ашылуын қолдап, екі елдің ғылым және білім салаларындағы байланыстарының кеңеюі екі елдің мүддесіне сай келетінін айтты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға