Жаңалықтар

Халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі аяқталды

Халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі аяқталды
Фото: Ұлттық спорт қауымдастығы 08.09.2024 01:29 9218

Астанада халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жарысты Ұлттық спорт қауымдастығы және оның құрамына кіретін «JORYQ» ат спорты федерациясы «AMANAT» партиясының қолдауымен ұйымдастырды. Марафон-бәйгенің жеңімпаздарынмарапаттау рәсіміне «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек қатысып,ұлттық мәдениетті насихаттау және ұлттық спортты дамыту мәселесі әрдайым Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарында екенін атап өтті.

«Президент Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Қазақстан Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері екенін айтқан болатын. Өздеріңіз білетіндей, атқа міну мәдениеті қазақ жерінен бастау алады. Бұған – 5000 жыл бұрын адамзат тарихында алғаш рет жылқы малы қолға үйретілген «Ботай» қонысы дәлел. Бүгінде түркі халықтары ата-бабаларымыздың даңқты дәстүрін жалғастыруда. Міне, үшінші жыл қатарынан «AMANAT» партиясының қолдауымен «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі ұйымдастырылып отыр. Спорттық жетістіктерден бөлек, бұл жарыс этнотуризмді дамытуға және бауырлас елдердің мәдени мұрасын насихаттауға көп мүмкіндік береді», – деді ол.

Осылайша, бес күнге созылған 500 шақырымдық жарыстың қорытындысы бойынша Қабардин-Балқар командасы мәре сызығын 27:58:23 нәтижесімен бірінші болып қиып өтсе, мәреге екінші болып Алматы қаласының командасы жетті (уақыты 28:04:40), үшінші орынды – Ақтөбе облысының шабандоздары (уақыты 28:26:57), төртінші орынды – Жетісу облысыныңкомандасы иеленді (уақыты 29:39:20), үздік бестікті Маңғыстау облысының өкілдері (Суын, әйелдер командасы) 29:43:40 уақытпен түйіндеді.

«Соңғы жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен елімізде ұлттық спорт қарқынды дамып келеді. Бүгін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына бастау болған халықаралық «Ұлы дала жорығы»марафон-бәйгесі аяқталды. Оған 10 мемлекеттен келген шабандоздар қатысты. Бірегей ат марафоны біздің жерімізде пайда болған бай көшпелі мәдениетті бүкіл әлемге таныстыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов.

Айта кетейік, осы халықаралық марафонда рекордтық көрсеткіштер тіркелді. Қырғызстаннан келген команда жарысжолынан шығып қалғанына қарамастан, алғашқы 100 шақырымды 5 сағат 12 минут 23 секундта жүріп өтіп, рекорд орнатты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға