Жаңалықтар

Халықаралық «Ортеке VI» фестивалінің жеңімпаздары анықталды

Халықаралық «Ортеке VI» фестивалінің жеңімпаздары анықталды
Фото: ©El.kz/Дәурен МАҚСҰТХАНҰЛЫ 01.05.2023 14:04 1608

Алматыда өткен «Ортеке» VI Халықаралық қуыршақ театрларының фестивалі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өнер мерекесіне Грузия, Түркия, Корея, Өзбекстан және Қырғызстанның қуыршақ театрлары қатысып, балалар мен ересектерге арналған үздік қойылымдарын көрермен назарына ұсынды.

Фестиваль аясында конкурстық және конкурстан тыс спектакльдердің көрсетілімдері Республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театрында, Мемлекеттік қуыршақ театрында және Тотальный театр сахналарында өтті.

Халықаралық «Ортеке VI» фестивалінің жеңімпаздары анықталды

Мәдениет саласының үздігі, қуыршақ театрының жанашыры Гүлнафис Мырзашева шараның маңыздылығы туралы айтты.

Бұл «Ортеке» халықаралық қуыршақ театрлары фестивалінің тарихы 2007 жылдан бастау алады. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен әр екі жылда өтіп келеді. Мақсаты – кәсіби қуыршақ өнерін насихаттау, халықаралық мәдени байланыстарды дамыту. Осы өнер жолында жүрген талантты әртістер мен режиссерлерді анықтау әрі ынталандыру. Сондай-ақ қуыршақ өнері актерлерінің кәсіби және орындаушылық шеберлігін арттырып, отандық қуыршақ өнерін дамытуға ықпал ету, - дейді Гүлнафис Мырзашева.

Фестивальдің конкурстық қойылымдарын құрамында Қазақстан, Корея, Грузия және Түркияның жетекші театр қайраткерлері бар халықаралық қазылар алқасы бағалады.

Грузиядан келген Қазылар алқасының мүшесі, Грузия Мемлекеттік театр және кино университетінің профессоры, театр сыншысы, өнертану докторы, Лаша Чхартишвили Алматыға жиі келіп тұратынын, қазақ театрларын бір кісідей білетінін айтты. Оның айтуынша, бұл жолғы фестивальді алматылық корей театры алғаш рет ұйымдастырып отырса да өте жоғары деңгейде өтті.

Халықаралық «Ортеке VI» фестивалінің жеңімпаздары анықталды

Корей театрының басшылығы марапаттау салтанатында қазақтың биін билеп, әнін әуелетіп, келген меймандардың әрқайсысының иығына шапан жауып, камзол кигізіп, қошемет көрсеткендері сондай әсерлі болды.

Сондай-ақ, фестиваль аясында жетекші актерлер мен режиссерлердің қатысуымен шеберлік сабақтары да болды. Апта бойы өткен шараға жас көрермендер көптеп қатысып, шығармашылықтарын шыңдады. Фестиваль соңында жеңімпаздар марапатталып, арнайы сыйлықтар тапсырылды.

Биылғы өткен қуыршақ фестивалінің жеңімпаздарына тоқтала кетейік: «Ортеке» VI Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалінің «Ең үздік қойылым» аталымы бойынша Г.Х. Андерсеннің «Гадкий утенок» қойылымы үшін Иакоб Гогебашвили атындағы Кутаиси Мемлекеттік кәсіби қуыршақ театры (Грузия) жеңімпаз атанды.

«Ең үздік актерлік шеберлік» аталымы бойынша Е. Локшинаның «Мен бір жұмбақ адаммын. Абай» қойылымы үшін Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры үздік деп танылса, «Ең үздік қуыршақ жүргізуші» аталымы бойынша «Хонг Доджи мен Исими» қойылымы үшін «FFWANG» театрының актеры Кван Со Ёнг, «Ең үздік сценография» аталымы бойынша Г.Х. Андерсеннің «Дюймовочка» қойылымы үшін Тотальный театрының суретшісі Юлия Чернова, «Ең үздік қуыршақ суретшісі» аталымы бойынша «Ақ кеме» (Ш. Айтматов) қойылымы үшін «Алақай» Ақтөбе облыстық қуыршақ театрының суретшісі Әсия Құрманалина және «Ортеке» фестивалі Ұйымдастыру комитетінің арнайы жүлдесімен «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» (Ғ.Мүсірепов) қойылымы үшін Маңғыстау облыстық қуыршақ театры марапатталды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға