El.kz

Халықаралық кино күні: Қазақстандық кинематографияның жаңа кезеңі

Жыл сайын 28 желтоқсанда әлемдік қауымдастық Халықаралық кино күнін атап өтеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бұл мереке ең бұқаралық әрі ықпалды өнер түрінің бірі – кинематографияға арналған. Аталған күннің таңдалуы да кездейсоқ емес: дәл осы күні, 1895 жылы Парижде ағайынды Люмьерлердің синематографы алғаш рет ақылы түрде көпшілікке көрсетілді.

Содан бері кино индустриясы үнсіз қара-ақ ленталардан бастап жоғары технологиялы блокбастерлерге дейінгі ұзақ жолдан өтті. Бүгінде ол жаһандық экономиканың маңызды секторына айналып отыр.

Қазақстанда да бұл салаға ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысы бірнеше рет отандық кинематография бәсекеге қабілетті брендке айналып, ұлттық құндылықтарды ілгерілетуі тиіс екенін атап өткен.

Өз кезегінде, салалық министрлік ұлттық киноны қолдау бағдарламаларын іске асырып, киноөндіріс пен прокатқа инвестиция тартуға жағдай жасап келеді. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстандағы кино нарығында отандық контенттің үлесі тұрақты түрде өсіп келеді. Бұл жеке киностудиялар мен шығармашылық бірлестіктер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Киноөндіріс инфрақұрылымының дамуы және салықтық жеңілдіктер жүйесінің енгізілуі креативті индустрияны шикізаттық емес экономиканың маңызды қозғаушы күшіне айналдыруға ықпал етуде. Осылайша, қазіргі таңда кинематография тек мәдени құбылыс ретінде ғана емес, халықаралық әріптестік пен технологиялық трансферт үшін перспективалы алаң ретінде де қарастырылады.

2025 жылғы отандық кино

2025 жылы мемлекеттік қолдау арқылы түсірілген «Qaitadan» фильмі қазақстандық киноиндустриядағы ең табысты картиналардың қатарына енді. Фильм прокаттан 1 миллиард теңгеден астам табыс жинады. Туынды мемлекет жұмсаған қаражатты толық қайтарып қана қоймай, оны бес есе арттырды.

Бұл жетістік мемлекеттік қолдаудың нәтижелі болғанын айқындап, көрерменнің отандық киноға деген сенімін нығайта түсті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі «Кинематография туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жұмыстарын жүргізуде. Бұл түзетулер фильмдерді прокатқа дейінгі сараптау рәсімін жетілдіруге және ұлттық фильмдердің сапасын арттыруға бағытталған.

Жылдың маңызды жетістіктерінің бірі – «Қазақфильм» киностудиясына мемлекеттік қолдаудың қайта жандануы. Студия қазақ киносының Алтын қорын қалпына келтіру шараларын жалғастыруда.

Сонымен қатар студия ғимараттарын жаңарту жұмыстары басталды. Соңғы 15 жылда алғаш рет жөндеу жұмыстары жекеменшік сектордың қатысуымен жүзеге асты.

Жоба толықтай жеке қаражат есебінен жүргізілді.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы жариялаған конкурс нәтижесінде 16 жаңа жоба жеңімпаз атанды. Олардың қатарында тарихи және патриоттық тақырыптарға арналған фильмдер бар.

2025 жылы прокатқа 10 отандық фильм шықты. Олардың қатарында «90+1», «Тарлан», «Игроманка», «Капитан Байтасов», «Qaitadan», «Алтын адам» анимациялық фильмі және басқа да туындылар бар.

«Qaitadan» фильмінің режиссері Думан Еркімбек мемлекеттік қолдаудың маңызын атап өтті.

«Qaitadan» фильмі Ақтауда өткен «Қорқыт ата» фестивалін ашты. Сонымен қатар Римде өткен Қазақстан киносы апталығының бірінші күні көрсетілді. Бұдан бөлек, мен жас режиссерлер мен продюсерлерге арналған Шанхай ынтымақтастық ұйымы бағдарламасы аясында Қытайда тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болдым. Жас буынға көрсетілетін мемлекеттік қолдау жаңа мақсаттарға жол ашып, қазақстандық киноның жаңа деңгейде дамуына мүмкіндік береді»,– деді ол.

Отандық «Бауырына салу», «Шатырдағы екеу», «Пряники для ее отца, моего прадеда, ее деда», «Победителей видно на старте» және басқа да фильмдер АҚШ, Ресей, Франция, Италия, Қытай және өзге елдерде өткен халықаралық кинофестивальдерге ұсынылып, 30-дан астам беделді марапатқа ие болды.

Актер Бақыт Қажыбаевтың жетістігін де ерекше атап өткен жөн. Ол ШЫҰ елдерінің кинофестивалінде «Үздік актер» номинациясын иеленді. Фестиваль Қытайдың Чунцин қаласында өтті, онда актер «Набат операциясы» фильміндегі рөлі үшін марапатталды.

Тамыз айында Қазақстан Циндао қаласында өткен ШЫҰ елдерінің кино апталығына қатысты. Бағдарламаға «Обучение Адемоки» және «Ағайындылар» фильмдері енді.

Қазақстан киносының күндері 15-тен астам елде өтті. Атап айтсақ, Грекия, Қырғызстан, Албания, Франция, Норвегия, Италия, Чехия, Жапония, Түркия, Сингапур, Әзербайжан, Ресей, Бельгия, Өзбекстан және басқа да мемлекеттерде отандық кино көрсетілді.