Халықаралық әйелдер күнін әлем қалай тойлайды?
Ақмарал Ағзамқызы El.kz тілшісі
Әлемнің әр түкпірінде 8 наурыз әртүрлі мәнге ие: бір жерде бұл – құқық пен теңдік туралы қоғамдық диалог күні, енді бір елде – мәдени дәстүр мен отбасы жылуын біріктіретін мереке. Италиядағы мимоза гүлінен бастап Франциядағы митингке, Қытайдағы отбасылық дәстүрден Латын Америкасындағы шеруге дейін бұл дата әр қоғамның құндылығын айқындайды. Әлем елдері Халықаралық әйелдер күнін қалай атап өтеді?
Қызығы сол, Біріккен Ұлттар Ұйымы Халықаралық әйелдер күнін 1977 жылы ресми түрде мойындады. Дегенмен оның бастауы ХХ ғасырдың басындағы Солтүстік Америка мен Еуропадағы еңбек және әлеуметтік қозғалыстармен тығыз байланысты. Осы кезеңде әйелдер еңбек жағдайының жақсаруы, саяси құқығы мен әлеуметтік теңдігі үшін белсенді күрес жүргізіп, қоғамдық қозғалыстың маңызды бөлшегіне айналды.
1913 жылы Бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында әйелдер қозғалысының өкілдері 8 наурыз күні бейбіт шеру өткізіп, соғысқа қарсы өз ұстанымын білдірді. Келесі жылы дәл осы күні Еуропаның әр елінде әйелдер бірлесіп, ортақ мақсат жолында жаппай акциялар ұйымдастырды. Осылайша, 8 наурыз біртіндеп халықаралық деңгейде әйелдердің құқығы мен теңдігі үшін күрестің символына айналды.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлемнің барлық құрлығындағы елдер 8 наурызды әйелдердің теңдігі мен құқықтарын ілгерілетуге бағытталған маңызды күн ретінде кеңінен қолдана бастады. Бұл дата біртіндеп халықаралық деңгейде әйелдердің әлеуметтік, саяси және экономикалық мүмкіндігін кеңейтуге үн қататын символдық алаңға айналды.
Бүгінде, бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, 8 наурыз өз маңызын жоғалтқан жоқ. Әлемнің көптеген елінде бұл күні әйелдердің жетістіктерін дәріптеуге арналған мәдени іс-шаралар, конференциялар мен қоғамдық акциялар өткізіледі. Сонымен қатар тең құқық, қауіпсіздік, еңбек жағдайы және әлеуметтік әділет мәселелерін көтеретін шерулер ұйымдастырылып, қоғам назарын өзекті проблемаларға аудару жалғасып келеді.
Қазақстан
Қазақстанда 8 наурыз - қоғамда кеңінен атап өтілетін мерекелердің бірі. Бұл күні әйелдерге құрмет көрсету дәстүрі қалыптасқан: ер адамдар анасына, жұбайына, әріптесіне мен жақынына гүл мен сыйлық ұсынып, жылы лебізін білдіреді. Елде мерекеге орай түрлі мәдени шара, концерт пен салтанатты жиын ұйымдастырылады. Сонымен қатар білім беру мекемелері мен еңбек ұжымдарында әйелдердің еңбегі мен жетістіктеріне арналған кездесулер мен марапаттау рәсімі өтеді.
Мереке аясында мемлекет тарапынан да бірқатар әлеуметтік бастамалар жүзеге асырылады. Әсіресе, көпбалалы аналарды, қоғам өміріне белсенді үлес қосып жүрген әйелдерді марапаттау дәстүрі кең таралған. Кей өңірлерде әйелдерге арналған қайырымдылық акциясы, мәдени-танымдық іс-шара мен арнайы концерттік бағдарлама өткізіледі.
Статистикаға сәйкес, 2026 жылғы 1 ақпанда Қазақстан халқының саны 20 518 005 адамды құрады. Оның ішінде 10 488 074-і әйелдер, ал 10 029 931-і ер адамдар. Халықтың басым бөлігі қалаларда тұрады - 13 106 358 адам, ал 7 411 647 адам ауылдық жерлерде өмір сүреді.
Италия
Италияда 8 наурыз мемлекеттік мереке болып саналмайды, алайда бұл күн қоғамда кеңінен аталып өтеді. 1946 жылдан бері Халықаралық әйелдер күнінің символы ретінде сары мимоза таңдалған. Көктемнің нәзік белгісі саналатын бұл гүлді италиялық ерлер әйелдерге алғыс пен құрметтің нышаны ретінде сыйласа, әйелдердің өзара мимоза тарту етуі - ынтымақ пен қолдаудың белгісі.
Осы күні кейбір әйелдер дәстүрлі түрде тек әйелдерден құралған шағын топпен жиналып, мейрамханада, дәмханада немесе үй жағдайында сәнді дастарқан басында атап өтуді жөн көреді. Дегенмен мұндай формат жалпыұлттық сипатқа ие емес, әр өңір мен әлеуметтік ортада мерекелеу тәсілі әртүрлі.
Италияның көптеген қаласында қоғамдық ұйымдар мен кәсіподақтардың бастамасымен бейбіт шерулер мен акциялар ұйымдастырылады. Елде азаматтық қоғам институттарының беделі жоғары болғандықтан, мұндай іс-шара қоғамның назарын аударып, гендерлік теңдік, әйелдердің құқығы мен әлеуметтік мүмкіндігі туралы пікірталастарды жандандырады.
8 наурыз ресми демалыс күні болмағанымен, мемлекет тарапынан белгілі бір жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, кейбір мәдени нысандарға, соның ішінде музейлерге әйелдер үшін кіру тегін ұсынылады. Осылайша, Италияда бұл күн тек мерекелік көңіл күймен ғана емес, қоғамдық ой-толғау мен мәдени мазмұнмен де ерекшеленеді.
Франция
Францияда 8 наурызды Journée internationale des droits des femmes - «Әйелдер құқықтарының халықаралық күні» ретінде кеңінен атап өтеді. Іс-шараның дені гендерлік теңдік, әйелдердің тарихтағы, спорттағы, мәдениет пен ғылымдағы рөліне арналады.
Елдің көптеген қаласында жаппай митингілер мен қоғамдық акциялар өтеді. Музейлерде тақырыптық көрмелер ұйымдастырылып, мысалы, Версаль сарайында француз корольдері дәуіріндегі әйелдердің тарихи бейнесі мен ықпалына арналған экспозициялар ұсынылады. Мәдени орталықтарда суретші әйелдердің жұмыстары көрсетіліп, бұқаралық ақпарат құралдарында гендерлік теңсіздік мәселелері кеңінен талқыланады. Кинотеатрлар мен мәдени алаңдарда әйел тақырыбына арналған фильмдер көрсетіледі.
Мереке аясында жыл сайын Француз Республикасы Симона Вейль атындағы сыйлықты табыстайды. Бұл марапат әйелдердің құқықтарын қорғау жолында еңбек етіп жүрген тұлғалар мен ұйымдарға беріледі. Кейінгі жылдары бұл бағыттағы қоғамдық пікірталастар заңнамалық өзгерістермен де сабақтасты: 2024 жылы Франция әйелдердің аборт жасау құқығын конституция деңгейінде бекіткен алғашқы елдің біріне айналды.
Осылайша, Францияда 8 наурыз мерекелік сипаттан гөрі қоғамдық диалог пен құқықтық сананы нығайтуға бағытталған маңызды күн ретінде қабылданады.
Германия
Германияда ұзақ уақыт бойы 8 наурыз кең көлемде аталып өткен жоқ. Алайда кейінгі онжылдықта мерекеге деген көзқарас біртіндеп өзгерді. Қазіргі кезде кейбір жұмыс берушілер әйел қызметкерлерді құттықтап, шағын сый ұсынып, қысқартылған жұмыс күнін енгізу тәжірибесін қолдана бастады.
Сонымен қатар бірқатар қоғамдық ұйымдар бұл күнді гендерлік теңдік пен саяси құқықтар мәселесін көтеруге арналған алаң ретінде қарастырып, бейбіт шерулер, пікірталастар мен тақырыптық кездесулер ұйымдастырады.
Дегенмен Германияда 8 наурызды гүл мен құттықтауға негізделген дәстүрлі мереке форматында атап өту кең таралмаған. Бұл күн көбіне әлеуметтік ой-толғау мен қоғамдық пікір қалыптастыруға бағытталған символдық сипатымен ерекшеленеді.
Жапония
Жапонияда 8 наурыз кеңінен атап өтілмейді, алайда әйелдер мен қыз балаларға арналған мазмұны ұқсас мерекелердің бірі - 3 наурыздағы Хинамацури (Қыздар күні). Бұл күн көктемнің келуімен астасып, кейде «шабдалы гүлінің мерекесі» деп те аталады.
Қыз баласы бар отбасыларда арнайы көпқабатты тұғырлар орнатылып, оған дәстүрлі хина нингё қуыршақтары қойылады. Тұғыр қызыл матамен жабылып, шабдалы гүлінің күлтелерімен безендіріледі - бұл тазалық пен қорғаудың белгісі саналады. Ал мерекелік бөлме сакура мен цитрус өсімдіктерінің элементтерімен көркемделеді. Бұл дәстүрдің кең таралғаны соншалық, мереке қарсаңында арнайы «қуыршақ жәрмеңкелері» ұйымдастырылады.
Хинамацури,ең алдымен, кішкентай және жасөспірім қыздарға арналған мереке ретінде қабылданады. Бұл күні олар гүл өрнекті әсем кимоно киіп, отбасымен бірге жиналып, жақындарын қонаққа шақырып, дәстүрлі тәттілер – моти күріш бәліштері мен хина арарэ ұсынылады.
Мерекенің тәрбиелік мәні де ерекше: Хинамацури қыз балалардың әдептілік, сыпайылық және мәдени мінез-құлық үлгілерін көрсетуімен ұштасады. Осылайша, Жапонияда бұл күн ұлттық дәстүр, эстетика және отбасылық құндылықтарды біріктіретін мәдени мереке ретінде сақталып отыр.
Аргентина
Аргентинада 8 наурыз өткен ғасырдың басынан бері атап өтіледі. Бастапқы кезеңде мерекелеу дәстүрлері басқа елдерге ұқсас болды: әйелдерге гүл шоқтары мен түрлі сыйлықтар табыстау кең таралған еді. Алайда уақыт өте келе бұл күннің мәні өзгеріп, символдық құттықтаудан әлеуметтік-саяси мазмұнға ойысты.
Қазіргі таңда 8 наурыз Аргентинада әйелдердің құқықтары, теңдігі және қауіпсіздігі мәселелеріне қоғам назарын аудартатын маңызды қоғамдық күндердің біріне айналды. Елде ірі марштар мен бейбіт шерулер өткізіліп, саяси құқықтар мен эмансипация тақырыптары ашық талқыланады. Бұл қозғалыстың кеңінен танылуына әртүрлі кәсіби ортадан шыққан - суретші, журналист және ғалым әйелдер бірігіп бастаған бастама түрткі болды. Уақыт өте келе ол Латын Америкасының басқа елдеріне, соның ішінде Чили мен Уругвайға таралып, өңірлік сипат алды.
Ең ауқымды шерулер дәстүрлі түрде ел астанасы Буэнос-Айресте, президент сарайы маңында өтеді. Мұнда мыңдаған адам жиналып, әйелдердің құқықтық қорғалуын күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес және тең мүмкіндіктер мәселесін көтереді. Соңғы жылдары қозғалыс заңнамалық деңгейде нақты өзгерістерге қол жеткізіп, әйелдердің құқықтық жағдайының жақсаруына ықпал етті.
АҚШ, Ұлыбритания және Аустралия
Бұл үш елде 8 наурыз дәстүрлі мереке форматында кеңінен атап өтілмейді. Оның орнына бұл елдерде наурыз айы Әйелдер тарихы айы (Women’s History Month) ретінде белгіленіп, негізгі назар ағартушылық және қоғамдық мазмұнға аударылады.
Ұлыбританияда бұл ай аясында мемлекеттік мекемелерде, мектептер мен университеттерде, сондай-ақ мәдени орталықтарда түрлі дәрістер, көрмелер, пікірталастар мен білім беру бағдарламалары ұйымдастырылады. Мұндай іс-шаралар ірі бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланып, қоғамда әйелдердің тарихи рөлі мен қазіргі жетістіктерін талқылауға серпін береді.
Аустралияда Әйелдер тарихы айы алғаш рет осы ғасырдың басында жүйелі түрде атала бастады. Содан бері қоғамдық ұйымдар мен мәдени институттар әйелдердің ғылымдағы, саясаттағы, мәдениет пен қоғамдағы үлесін насихаттауға бағытталған бастамаларды тұрақты түрде өткізіп келеді. Әр жылы белгілі бір тақырып таңдалып, бағдарламалар сол бағытта шоғырландырылады. Мысалы, бір жылдары назар әйел сәулетшілер мен қала жоспарлаушыларының еңбегіне аударылған.
АҚШ-та Әйелдер тарихы айы ұлттық деңгейде мойындалған. Ол бастапқыда Әйелдер тарихы апталығы ретінде қалыптасып, кейін азаматтық бастамалардың ықпалымен наурыз айы толықтай осы тақырыпқа арналды. Мұнда да жыл сайын жаңа тақырып белгіленіп, конференциялар, ғылыми кездесулер мен қоғамдық талқылаулар ұйымдастырылады. Алғашқы тақырыптардың бірі белгілі бір буын әйелдерінің батылдығы мен жанашырлығына арналды.
Жалпы алғанда, Ұлыбритания, АҚШ және Аустралияда бұл кезең ағартушылық сипатқа ие: басты мақсат - әйелдердің тарихи тұлғалары мен жетістіктерін кеңінен таныстыру, сондай-ақ өзекті әлеуметтік мәселелерге қоғам назарын аудару. Ал гүл мен құттықтауға негізделген дәстүрлі мерекелеу бұл елдерде кең таралмаған.
Қытай
Қытайда 8 наурыз 1949 жылдан бері аталып өтеді және бұл күн қоғамда кеңінен танылған мерекелердің бірі саналады. Бұл күні әйелдерге құрмет көрсету дәстүрі қалыптасқан: сыйлық беру, жеңілдіктер ұйымдастыру және тұрмыстық міндеттерді бөлісу секілді символикалық қадамдар кең таралған. Көптеген мекемелерде әйел қызметкерлерге қысқартылған жұмыс күні қарастырылып, сауда орындарында арнайы акциялар жарияланады.
Мерекені отбасылық ортада атап өту кең тараған. Әдетте дастарқан жайылып, мәдени іс-шараларға бару немесе серуендеу ұйымдастырылады. Бұл күні ер адамдар үй шаруасының негізгі бөлігін өз мойнына алып, әйелдерге демалуға мүмкіндік беруге тырысады.
Қытайда мерекелік бағдарламалар мемлекеттік және қоғамдық деңгейде белсенді қолдау табады. Елдің түрлі өңірінде театрландырылған қойылымдар, мәдени фестивальдер, халықтық серуендер өткізіліп, қоғам өмірінде елеулі үлес қосқан әйелдерді марапаттау рәсімдері ұйымдастырылады.
Сонымен қатар, кей өңірлерде өзіндік отбасылық дәстүрлер де сақталған. Солардың бірі - шартты түрде «адалдық асқабағы» деп аталатын сыйлық дайындау рәсімі. Оны ер адамдар әзірлеп, іші ойылған асқабақтың ішіне шағын бұйымдар мен тәттілер, түрлі тағамдар салады. Бұл - қамқорлық пен ілтипаттың белгісі ретінде қабылданады.
8 наурыз қарсаңында, 7 наурыз күні, қыз балаларға арналған ерекше күн де атап өтіледі. Бұл күні кішкентай қыздарға тәтті тағамдар мен гүлдер тарту етіліп, түрлі ойын-сауық шаралары ұйымдастырылады. Осылайша, Қытайда көктемнің алғашқы мерекесі тек құрмет көрсету ғана емес, отбасы мен қоғамдағы үйлесімділікті айқындайтын мәдени дәстүр ретінде көрініс табады.
Непал
Непалда 8 наурыз заң жүзінде мойындалған мереке және бұл күні әйелдерге ресми демалыс беріледі. Алайда мерекені атап өту көбіне қоғамдық сипатта өтеді: түрлі бейбіт акциялар, шерулер ұйымдастырылып, әйелдердің саяси құқықтары, теңдігі мен әлеуметтік мүмкіндіктері туралы мәселелер көтеріледі.
Сонымен бірге елде ресми салтанатты шаралар жиі өткізілмейді. Себебі Непал қоғамында әйелдерге арналған ең кең тараған дәстүрлі мерекелердің бірі - Тидж фестивалі. Бұл мереке көбіне отбасылық үйлесім мен неке тұрақтылығының символы ретінде қабылданады.
Тидж кезінде непалдық әйелдер дәстүрлі қызыл сари киіп, бірге жиналып, ән айтып, би билеп, ортақ дастарқан басында уақыт өткізеді. Мерекенің діни мазмұны да бар: әйелдер Парвати құдайына дұға жасап, отбасылық амандық, ерлі-зайыптылар арасындағы келісім мен жұбайларының денсаулығын тілейді. Парватидің некесі қасиетті әрі мінсіз одақ ретінде қабылданатындықтан, бұл дәстүр әйелдердің рухани және мәдени дүниетанымында маңызды орын алады.
Осылайша, Непалда 8 наурыз қоғамдық белсенділік пен құқықтық күн тәртібімен байланысса, Тидж әйелдердің дәстүрлі, мәдени және рухани болмысын айқындайтын басты мерекелердің бірі ретінде сақталып отыр.
Вьетнам
Вьетнамда 8 наурыздың тарихи негізі терең әрі мазмұны ерекше. Алғашында бұл күн ел тәуелсіздігі жолында ерлік көрсеткен Чынг әпкелерінің (Trưng Sisters) құрметіне арналған еске алу күні ретінде қалыптасты. Олардың күресі ұлттық жадыда маңызды орын алып, бұл дата ғасырлар бойы батырлық пен азаттықтың символы ретінде аталып өтті.
Уақыт өте келе мерекенің мазмұны кеңейіп, қазіргі қоғамда ол әйелдерге құрмет көрсету күні ретінде де қабылданады. Бұл күні ер адамдар әйелдерге гүл мен сыйлық ұсынып, жылы лебіздерін білдіреді. Жұптар үшін 8 наурыз көбіне романтикалық сипат алып, сүйіктісін кешкі асқа шақыру дәстүрі қалыптасқан. Сыйлық ретінде көбіне раушан гүлі таңдалады - ол махаббаттың, көктем мен шаттықтың белгісі саналады.
Вьетнамда бұл күн мемлекеттік және қоғамдық деңгейде де атап өтіледі. Елдің әр өңірінде концерттер, мәдени бағдарламалар мен театрландырылған қойылымдар ұйымдастырылып, олардың мазмұнында тарихи сабақтастыққа ерекше мән беріледі. Осылайша, Вьетнамда 8 наурыз тек мерекелік көңіл күймен ғана емес, ұлттық тарихты ұлықтау мен қоғамдық құрметтің үйлесімі ретінде көрініс табады.
Түрікменстан
Түрікменстанда 8 наурыз ұлттық деңгейде кеңінен атап өтілетін маңызды мерекелердің бірі саналады. Бұл күні ел көлемінде салтанатты жиындар, мәдени-көпшілік іс-шаралар және мемлекеттік концерттер ұйымдастырылады.
Мереке аясында Түрікменстан азаматшаларына мемлекет басшысы атынан ақшалай сыйлықтар табысталып, ресми демалыс жарияланады. Сонымен қатар ғылым, білім беру, медицина және өндіріс салаларында жетістікке жеткен әйелдерге мемлекеттік марапаттар беріледі.
Елде әйелдердің қоғамдық рөлі жоғары бағаланады. Мерекелік мазмұнда дәстүрлі құндылықтарды сақтау мен ұрпақ сабақтастығын нығайту мәселесіне ерекше назар аударылады. Әсіресе көпбалалы аналарды құрметтеу рәсімі айрықша мәнге ие: бұл қоғамдағы ана мәртебесінің жоғары екенін көрсететін символдық көрініс ретінде қабылданады.
Куба
Кубада 8 наурыз - мемлекеттік деңгейде атап өтілетін, тарихи мазмұны терең мереке. 1959 жылдан бастап бұл күн кубалық әйелдердің ел тәуелсіздігі жолындағы күресіне қосқан үлесін мойындау күні ретінде белгіленді. Әсіресе ұлттық жадта ерлігімен қалған Марианна Грахалес тұлғасына ерекше құрмет көрсетіледі.
Мерекені өткізуге мемлекет белсенді қолдау білдіреді: елдің әр өңірінде фестивальдер, көрмелер, ғылыми конференциялар ұйымдастырылып, әйелдердің қоғамдағы рөлі мен жетістіктері кеңінен насихатталады. Сонымен қатар салтанатты марапаттау рәсімдері өтіп, заманауи кубалық әйелдер ғылым, мәдениет, өндіріс және қоғамдық өмірдегі еңбегі үшін мемлекеттік наградаларға ие болады.
Көп жағдайда мереке отбасылық ортада жалғасады: кешкі ас, ән мен би арқылы кубалықтар бұл күнді жылы әрі көтеріңкі көңіл күйде аяқтайды. Осылайша, Кубада 8 наурыз тарихи жады, қоғамдық құрмет және отбасылық дәстүрдің үйлесімі ретінде көрініс табады.
Уганда
Угандада 8 наурыз көбіне мәдени сипатта атап өтіледі. Ірі қалаларда ән мен би қатар өрілген фестивальдер ұйымдастырылып, мерекелік көңіл күй көбіне отбасылық дастарқан басында жалғасады.
Сонымен бірге елде бұл күнге қатысты өзіндік аңыз-әңгімелер де сақталған. Соның бірі су құдайына қарсы шыққан батыл қыз туралы халықтық хикаямен байланыстырылады. Осы аңыздың ықпалымен кейбір өңірлерде әйел табиғаты сумен астасады деген символикалық түсінік қалыптасқан. Сол себепті көне сенім бойынша өзенге шомылу адамға рухани серпіліс беріп, ішкі толғаныстарға жауап табуға көмектеседі деп есептелген.
Дегенмен қазіргі қоғамда бұл дәстүр кең таралмаған және көбіне фольклорлық сенім ретінде қабылданады. Жалпы алғанда, Угандада 8 наурыз мәдени мерекелік атмосфера мен дәстүрлі дүниетаным элементтері тоғысатын күн ретінде көрініс табады.

