instagram.com/indira_bektenova

Халықаралық аренадағы қазақ қызы: төрешілік, журналистика және аудармашылық жолы туралы

Қазақстан спортында халықаралық деңгейде ел атынан жұмыс істейтін спортшылар емес. Жарыстың әділ өтуіне жауапты төрешілердің де еңбегі ерекше. Сол төрешілердің қатарында ескек есу спортынан қазақтан шыққан тұңғыш нәзік жанды халықаралық төреші бар.

Ол төрешілік қызметтен бөлек журналистика мен аудармашылықты да қатар алып жүреді. Бүгінгі сұхбатымызда кейіпкеріміз Индира Бектенова өзінің кәсіби жолы, халықаралық жарыстардағы тәжірибесі, алдағы жоспарлары жайлы айтып, жастарға маңызды кеңес берді. 

El.kz: Индира, сізді көпшілік жылдар бойы спорт журналисі ретінде таныды. Телевидение мен сұхбат әлемінен соң ескек есу спортына бет бұрдыңыз. Бұл таңдау қалай қалыптасты? Жалпы, неліктен дәл осы спорт түрін таңдадыңыз?

– Өздеріңіз білесіздер, мемлекет басшысы қазақстандықтардың халықаралық ұйымдардағы өкілдігін арттыруды тапсырды. Осы ретте мен де кішкентай болсын үлесімді қосуды жөн санап, төрешілікке бет бұрдым. Оған қоса, спортты дамыту тек спортшыларды жаттықтырып, бапкерлердің біліктілігін арттырумен шектелмейді. Бұл – одан да ауқымды, кешенді жұмыс. Сол себепті біз өз төрешілерімізді тәрбиелеп, өсіріп, оларға қолдау көрсетуіміз қажет. Өйткені төрешілер де спортшылар сияқты елдің атынан жарыстарда жұмыс істейтін жандар. Сонымен қатар ескек есу спортында қазақтан шыққан тұңғыш нәзік жанды төреші болғандықтан, маған артылған жауапкершілік жүгі ауыр екенін түсінемін.

Индира Бектенова

Ескек есуден төреші болу – менің өз бастамам. Бұл спорт түрін таңдағаным кездейсоқ емес. Өйткені ескек есушілермен бірге біраз жарыстарға барып, олардың оқу-жаттығу жиындарына қатыстым. Осы спорттың қыр-сырын түсініп, қатты ұнатқандықтан осы жолға келдім.

Халықаралық дәрежедегі төреші деңгейіне жету үшін көп еңбектену керек. Бірнеше сатыдан тұратын емтихандардан сүрінбей өту оңай болған жоқ. Былайша айтқанда, күрделі терминдерге толы халықаралық ескек есу федерациясының қалың ережесін жатқа білу қажет. Жарыс барысында қандай да бір оқиға болса, шешім сол ереже бойынша қабылданады.

El.kz: Сіз өз жолыңызда бірнеше мәрте бағыт өзгерттіңіз: журналистика, шетелде білім алдыңыз, төрешілік. Өзіңізді әлі де ізденіс үстіндемін деп санайсыз ба, әлде өз орныңызды таптыңыз ба?

– Мен журналистикадан түбегейлі кеттім деп айта алмаймын, керісінше, барлығын қатар алып жүрмін. Мысалы, былтыр халықаралық дәрежедегі төреші ретінде екі бірдей ірі бәсекеде жұмыс істедім. Бірі – Қытайда өткен Азия чемпионаты, екіншісі – Үндістанда өткен Президент кубогы. Ол жерде тек төреші ретінде қызмет атқарып қана қоймай, қосымша QAZSPORT телеарнасына материал да дайындадым. Осы орайда, маған қаншама жауапты спорттық шараларда жұмыс істеуге мүмкіндік беріп, сенім артқан QAZSPORT телеарнасының директоры Нағи Бақытбековке алғыс білдіргім келеді.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Indira Bektenova (@indira_bektenova)

Бүгінгі таңда заманауи журналистің келбеті өзгерді. Ол жан-жақты болуы керек. Бірақ мен тек төреші-журналист қана емеспін, қосымша аудармашы да болып кеттім десем болады. Мысалы, футбол матчтарында немесе теннистен «Алматы Open» турнирлерінде спортшылардан сұхбат алып, оны бірден қазақ немесе орыс тілдеріне аударып беремін. Былай қарасаңыз, аудармашы мамандығы журналистикадан бөлек. Бірақ оны да үйренуге тура келді. Егер адамның шын ниеті болса, барлығына үлгеруге болады.

El.kz: Сіз үшін білімнің орны қандай?

– Шәкәрім Құдайбердіұлы айтпақшы: «Құр білген керек емес, білгенді іс қылған керек». Шетелде алған білімімді қолдана отырып, қоғамға мейлінше пайдалы болғым келеді. Әлеуметтік желіде мамандық туралы жазып, кеңес сұрайтын ата-ана мен жастар аз емес. Оларға бар білгенімді айтып, көмектесуге тырысамын. Өйткені мамандық таңдауда қателеспеу маңызды. Әрине, журналистикада жинаған тәжірибеммен бөлісу жұмысын халықаралық деңгейде де атқарып келемін. Мысалы, былтыр Қырғызстанда өткен халықаралық форумда Қазақстаннан шақырылған спикер ретінде қатысып, әртүрлі мемлекеттен келген әріптестермен қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік туды.

Индира Бектенова

El.kz: Сіз көптеген мықты спортшылармен сұхбат құрдыңыз. Қателеспесем, өзіңіз де спортпен шұғылданғансыз. Спорт сізге не берді? Жеңіске жеткен чемпиондардың ортақ қасиеті қандай?

– Өздеріңіз білесіздер, мен каратэден қара белбеу иегерімін. Жеңістің тәтті дәмін де, жеңілістің ащы дәмін де сезініп өскенім журналистикада көп көмектесті. Спортшы психологиясын түсіну олармен тез тіл табысуға, жақсы қарым-қатынас орнатуға және, ең маңыздысы, сапалы сұхбат жазуға әсер етеді. Үш бірдей Олимпиада ойындарында (Рио, Сочи, Пхёнчхан), сондай-ақ көптеген әлем және Азия чемпионаттарында жұмыс істеу бақыты бұйырды. Енді сол жарыстарға төреші ретінде барсам деймін. Ал чемпиондардың ортақ қасиеті – темірдей тәртіп пен жеңіске деген жігер.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Indira Bektenova (@indira_bektenova)

El.kz: Алдағы жоспарыңыз қандай?

– Жаңа жылға жоспарымыз көп. Мамыр айында Мажарстанда ескек есуден өтетін Әлем кубогы кезеңіне төрешілер тізіміне ендім. Өзімді көрсетіп, одан да жоғары деңгейдегі жарыстарда жұмыс істеуге үміттімін. Сондай-ақ биыл Жапонияда Азия ойындары өтеді. Сол жауапты бәсекеде де Қазақстан атынан қызмет ететін төрешілер қатарына енуден үміттімін. Алайда ескек есуден Азия конфедерациясы тізімді әлі жариялаған жоқ. Жақсы жаңалық болса, міндетті түрде бөлісемін.

El.kz: Сізден үлгі алатын жас журналистер мен спортқа келгісі келетін қыздарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Жастарға айтарым — тіл үйреніңіздер. Өйткені мен қазақ, орыс, ағылшын тілдерінен бөлек серб және хорват тілдерін білемін. Қазіргі таңда түрік тілін үйреніп жүрмін. Тіл білудің пайдасы өте көп. Әсіресе спорт саласында спортшыға оның ана тілінде сұрақ қоя білсеңіз, сұхбат мүлде жаңа деңгейге көтеріледі. Жалпы, тіл білу – жаңа мүмкіндіктердің кілті. Сондықтан әрдайым ізденіс үстінде болып, көп еңбектенуге дайын болыңыздар. Екінші мәселе – тұрақты түрде спортпен айналысу. Сіз үшін біреу жұмыс істей алады, бірақ сіз үшін ешкім спортпен айналыспайды. Бұл – сіздің денсаулығыңыз, энергияңыз және жауапкершілігіңіз. Осыны ұмытпаған жөн.

Индира Бектенова

Спорттың дамуы – тек медаль емес, жүйе. Сол жүйеде халықаралық аренада Қазақстанның атын танытатын тұлғалардың бірі – төрешілер. Ал төрешілік, журналистика және аудармашылықты қатар алып жүрген нәзік жанның жолы – жастарға үлгі болатын еңбек пен табандылықтың көрінісі.