Жаңалықтар

Халықаралық алаңдағы Қазақстан

Халықаралық алаңдағы Қазақстан
Фото: © El.kz 24.07.2023 14:00 850

Қазақстан Республикасы аймақтық және халықаралық деңгейде ұлттық мүддесін қорғау мақсатында сыртқы саяси тұжырымдамасынан туындаған стратегиялық басымдықтарын жүйелі түрде іске асырып келеді. Осы мақсатта еліміз әлемнің барша елдерімен көпжақты, көпдеңгейлі сыртқы саяси қатынас орнатты. 2023 жылдың мамыр-маусым айларындағы Қ.Тоқаевтың қатысуымен өткен бірқатар маңызды халықаралық іс-шаралар соның айғағы.

ҚР Президенті елімізге іссапармен келген шет мемлекет өкілдерін қабылдап, халықаралық жиындарда екіжақты кездесулер өткізді. Атап айтқанда, Қ.Тоқаевтың қабылдауында 22 елдің өкілдері болды. Оның ішінде мемлекет басшыларынан бөлек, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы, ЮНЕСКО, БҰҰ, Еуропалық қайта құру және даму банкі, ХВҚ делегациялары мен жеке компания өкілдері де келді.

Осы аралықта Қазақстанға келген мемлекет басшылары қатарында Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Сингапур президенті Халима Якоб бар. Президент 26 мамыр мен 19 маусым аралығында Абу Даби Әмірлігін билеуші әулеттің өкілі шейх Сурур бен Мұхаммед Әл Нахаян, Корея Республикасының Сыртқы істер министрі Пак Чжин, Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни, Германияның Федералды Президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен кездесті. Кездесулер нәтижесінде ел экономикасы үшін әлеуеті маңызды сауда-экономика, инвестиция, ғылым салаларындағы біріккен жобаларды іске асыру жөніндегі маңызды құжаттарға қол қойылды.

Мемлекет басшысының сапарлары мен кездесулерінің динамикасына қарап, Қазақстанның сыртқы саясаттағы және экономикалық байланыс орнатудағы белсенді позициясын аңғаруға болады. Қазақстан алыс-жақын шет елдермен өзара тиімді қарым-қатынастарды дамытуға ашық екенін көрсетуде.  Мамыр-маусым айында Президент ҚХР, РФ, Түркия мен Қырғызстанға мемлекеттік сапар жасады. ҚХР-ға сапарында Президент бірінші «Орталық Азия – Қытай» саммитіне қатысты. Қытайға жасалған сапар барысында құны 22 миллиард доллар 47 құжатқа қол қойылды. 3 маусымда ҚР Президенті Р.Ердоғанның шақыруымен Түркия Республикасының Президентін ұлықтау рәсіміне қатысып, кейін Орталық Азия мемлекеттері мен Еуропалық одақ басшыларының екінші кездесуіне қатысу үшін Қырғызстанға жұмыс сапарымен барды. Аталған кездесулер өзге мемлекеттермен экономикалық-әлеуметтік байланыстардың нығаюына оң ықпал етіп, жаңа сапалы деңгейге шығарды.

Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкімет басшысының қатысуымен мамыр-маусым айларында маңызды 1 саммит, 2 экономикалық форум, 2 халықаралық форум, 1 экономикалық кеңес өтті. Президент 24 мамырда Мәскеу қаласында өткен ІІ Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық отырысына, 25 мамырда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) Мәскеуде өткен кезекті отырысына қатысты. Қ.Тоқаев Мәскеудегі сапарында ЕАЭО аясындағы интеграция, экономикалық сипатқа ие екенін, бұл ұйымның бағытында саяси астардың жоқтығын еске салды.

Маусымда Президент «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» саммитіне қатысып, Қазақстан Каспий құбыр консорциумы арқылы Еуропалық Одақ елдеріне экспортты 2 млрд доллардан арттыруға дайын екендігін жеткізді. Бұл экономиканы  әртараптандыруға ықпал етіп, Қазақстанның транзиттік әлеуетін ашуға септігін тигізеді.  Елордамызда Астана халықаралық форумы, Астана халықаралық волонтерлер форумы өтті. Астана халықаралық форумында Қ.Тоқаев әлемдік саясаттың архитектурасы, ондағы «орта державалардың» орны туралы тоқталып өтті.

Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін іс-шаралардан бөлек, Қазақстанда бірнеше халықаралық жиын өтті.  Атап айтқанда, Қатар экономикалық форумы, «CAMCA» аймақтық форумы, «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» екінші экономикалық форумы, Қазақстан-Иран іскерлік форумы, Сирия бойынша 20-шы халықаралық кездесу. Форумдар тақырыбының аясы экономикалық даму, елдер арасындағы ынтымақтастықты арттыру болды. Мемлекетіміз халықаралық, аймақтық түйткілді сұрақтың түйінін талқылайтын алаңға айналуда.

Алдағы уақытта Қазақстан қатысатын халықаралық бірнеше жоспардағы іс-шара бар. Қазан айында XV KAZENERGY Еуразиялық форумы, Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының ХІХ форумы, Қытайда “Белдеу мен жол” бастамасының 3-ші форумы өтеді. Осының барлығы Қазақстан үшін маңызды ынтымақтастық кездесулер деп есептейміз.         

Қазіргі кезеңдегі геосаяси тұрақсыздық жағдайында Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты белгілі бір қиыншылықтармен бетпе-бет келуіне қарамастан, өзінің тиімділігін және сенімділігін көрсетуде. Біріншіден, мемлекетаралық қол қойылған маңызды құжаттар өзара серіктестіктен бөлек, елдердің экономикалық потенциалын көтеріп, саяси-дипломатиялық қатынас пен өзара сенімді нығайтады. Екіншіден, жаһандық басымдықтармен үндесетін тақырыптардағы форумдар мемлекетіміздің экономикалық артықшылықтарын, сауда әлеуетін көрсету және болашақ перспективалар үшін инвесторларды ынталандыруға күш салуда. Саммиттер мен форумдарға қатысу мен түрлі сектор өкілдерін тарту инклюзивті жаһандық диалог құруға мүмкіндік береді. Үшіншіден, сыртқы саясаттағы бұл қадамдар арқылы мемлекетіміз халықаралық қатынаста өз мүддесін қорғаудың тиімді стратегиялық қадамдарын жасауда. Орталық Азиядағы су тапшылығы, трансшекаралық қауіпсіздік мәселелерін алдын алудағы су консорциумы, Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстанды тұрақты дамыту жөніндегі БҰҰ хабын құру, «ЕАЭО кооперациясын дамыту орталығы» болу бастамалары да Қазақстанның өңірлік көшбасшылығы мен аймақтағы істерге жауапкершілігін көрсетеді. Осы аталған принциптер негізінде Қазақстанның он жылдықтағы сыртқы саяси-экономикалық басымдықтары алдағы бекітілетін сыртқы саясат тұжырымдамасында көрсетіледі деп болжауға болады.

Жылқышиева Мария

Қазақстандық  қоғамдық даму институтының сарапшысы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға