Ақорда

Халық кеңесінің міндеті қандай болмақ?

28.01.2026 11:15

Қазақстанда билік пен қоғам арасындағы байланысты күшейтетін жаңа институт құрылмақ. Халық кеңесін құру бастамасы ел ішінде кеңінен талқыланып, конституциялық деңгейде бекітілу сатысына жетті. Сарапшылар мұны қоғамдық диалогты жүйелеудің жаңа үлгісі деп бағалап отыр. Ендеше, Халық кеңесінің нақты міндеті қандай болмақ?

«Халық Кеңесі елдегі ең жоғары консультативтік орган мәртебесіне ие болады»

Еске сала кетсек, Қазақстанда Халық кеңесі құрылатыны жайлы ұсынысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында білдірген еді.

Қазақстан халқы ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың тарихи маңызды миссиялары іс жүзінде орындалды деуге болады. Жаңа институт ретінде Қазақстанның Халық Кеңесін құруды ұсынамын. Жаңа органның қызметінде Ассамблея мен Ұлттық құрылтайдың стратегиялық сабақтастығын, яғни Қазақ мемлекеттілігін және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін дәйекті нығайтуды сақтау өте маңызды деп санаймын, – деді президент.

Оқи отырыңыз:

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Халық Кеңесі  шет мемлекеттердегі консультативтік құрылымдардың тәжірибесін бойына сіңірген жаңа мемлекеттік органға айналады. Кеңесте еліміздегі барлық этностар, әлеуметтік топтар және өңірлер өкілдікке ие болады. 

Қазақстанның Халық Кеңесі елдегі ең жоғары консультативтік орган мәртебесіне ие болады. Кеңес құрамын 126 адамнан қалыптастыру ұсынылады: 42 өкіл – этномәдени бірлестіктерден, 42 өкіл – ірі қоғамдық ұйымдардан, 42 өкіл – мәслихаттар мен өңірлік қоғамдық кеңестерден. Халық Кеңесінің барлық мүшесін Президент тағайындайды, ал төрағасын Кеңес мүшелері сайлайды, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Халық Кеңесі төрағасының екі орынбасары мен хатшылық жетекшісі болады.

«Құрылтай 145 депутаттан тұратын ең жоғары өкілді орган ретінде қалыптасады»

2026 жылғы 26 қаңтарда Астанада Конституциялық комиссияның екінші отырысы өтіп, онда «Құрылтай» және «Халық кеңесі» бөлімдері бойынша ұсынылған нормалар кеңінен қаралды. Жиын барысында Парламент Сенатының депутаты Нұрлан Бекназаров конституциялық өзгерістердің негізгі бағыттарына тоқталып, жаңа реформалардың мән-маңызын түсіндірді.

Комиссия мүшесінің айтуынша, бір палаталы Парламентке көшуге байланысты қолданыстағы Конституцияның «Парламент» бөліміне елеулі түзетулер енгізу көзделіп отыр. Атап айтқанда, Парламенттің құрылуы, сайлану тәртібі, құзыреті, өкілеттігі, заң қабылдау үдерістері мен құрамына қатысты бірқатар баптар жаңаша жазылады. Кейбір нормалардың күші толықтай жойылмақ.

Жобаға сәйкес, Қазақстан Республикасының Құрылтайы – Қазақстан Республикасының заң шығару билігін жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган болып саналады. Құрылтайдың өкілеттігі оның бірінші сессиясы ашылған кезден басталып, жаңадан сайланған Құрылтайдың бірінші сессиясы басталған сәтте тоқтатылады. Құрылтайдың ұйымдастырылуы мен қызметі, оның депутаттарының құқықтық жағдайы Конституциялық заңда айқындалады, – деді Нұрлан Бекназаров.

Ұсынысқа сәйкес, Құрылтай біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша пропорционалды өкілдік жүйесімен сайланатын 145 депутаттан құралады. Депутаттардың өкілеттік мерзімін бес жыл етіп белгілеу қарастырылған. Сонымен қатар, отырыста Құрылтай депутаттарын сайлау мерзімдері мен дауыс беру тәртібі, Құрылтай Төрағасын сайлау, үміткерлерге қойылатын талаптар мен шектеулер де талқыланды.

Комиссия отырысында Мемлекет басшысының бастамасымен ұсынылған Қазақстан Халық кеңесін құру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Бұл орган қоғамның елеулі дамуына, ел ішіндегі ынтымақ пен бірлікті нығайтуға ықпал ететін қоғамдық-саяси бірлестіктер мен белсенді азаматтарды біріктіретін жоғары консультативтік құрылым ретінде ұсынылып отыр.

Қазақстан Республикасының Халық кеңесі – Қазақстан халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган болып белгіленеді және оның құрамы Қазақстан Республикасының азаматтарынан жасақталады. Халық кеңесін құру тәртібі, оның құрамы, өкілеттігі мен қызметін ұйымдастыру мәселелерін айқындайтын заңға Конституциялық мәртебе берілгенін ерекше атап өту қажет, – деді депутат.

Нұрлан Бекназаровтың айтуынша, Ата заңға Халық кеңесінің өкілдігі мен құзыретіне қатысты жеке бөлімнің енгізілуі бұл консультативтік органның ел өміріндегі маңызын айқындай түседі.

«Халық кеңесінің қызметі Ата заңның жаңа редакциясында жан-жақты әрі нақты айқындалуы тиіс»

Конституциялық кеңестің түстен кейінгі отырысында қорытынды сөз сөйлеген AMANAT партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, Қарағанды облысы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Бекзат Алтынбеков Қазақстанның Халық кеңесінің мәртебесі мен қызметі Конституцияның жаңа редакциясында жан-жақты айқындалуы қажет екенін атап өтті.

Оның айтуынша, талқыланып жатқан конституциялық өзгерістер елдегі жаңғыру үдерісінің айқын көрінісі. Бұл реформалар бұрынғыны жоққа шығару емес, керісінше, әлемдік геосаяси ахуал талаптарын ескере отырып, жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға бағытталған саналы таңдау.

Біз Конституция нормаларының жобасын талқылай отырып, еліміздегі жаңғырудың куәгері болып отырмыз. Бұл реформалар ескіні жоққа шығару емес, әлемдік геосаяси ахуал талаптарын ескере отырып, мүмкіндіктерді тиімді пайдалану арқылы дамудың тың бағытын таңдау екенін ерекше атап өткім келеді. Осы орайда біз талқылап отырған әрбір өзгерістің өз мазмұны мен маңызы бар, – деді Бекзат Алтынбеков.

Ол Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында мүлде жаңа бастамалар көтеріліп, ел дамуының болашақ бағдары айқындалғанын атап өтті. Сондай-ақ Құрылтай барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың тарихи миссиялары табысты аяқталғанын айтып, жаңа институт – Қазақстанның Халық кеңесін құруды ұсынғанын еске салды.

Президенттің бұл бастамасын қазақстандық қоғам оң қабылдап, белсенді түрде қолдау білдіруде. Бұл – қоғамдық сананың жаңғыруын айқын көрсететін маңызды құбылыс, – деді ол.

Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі ретінде Бекзат Алтынбеков Халық кеңесінің құқықтық мүмкіндіктері мен қызметі Ата заңның жаңа редакциясында нақты әрі толық көрініс табуы тиіс деген ұстанымын жеткізді. Ол ұсынылып отырған нормаларды қолдайтынын айтты.

Қазақстан Республикасының Халық кеңесі Қазақстан Республикасы халқының мүдделерін қорғайтын жоғары консультативтік орган болып табылады» және «Қазақстан Республикасының Халық кеңесінің құрамы Қазақстан Республикасының азаматтарынан жасақталады» деген нормаларды қолдаймын, – деді ол.

Бекзат Алтынбеков жаңғыру дәуірінде айрықша тарихи миссия атқаруға тиіс Халық кеңесінің қызметі, өкілеттігі, құқықтары мен міндеттері Конституцияда нақты айқындалған жағдайда ғана оның жұмысы баянды әрі нәтижелі болатынын атап өтті.

«Халық кеңесі – формальді жаңалық емес, объективті қажеттілік»

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның үшінші отырысында Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Максим Рожин Ата Заңға енгізілетін бірқатар өзгерістерді қолдайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, Халық кеңесін құру және Вице-президент институтын енгізу қоғамдық диалогті күшейтіп, елдегі басқару сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам.

Депутат қазіргі қоғамдық диалог алаңдары кей жағдайда тұтас жалпыұлттық мүддені толық қамти алмай отырғанын атап өтті. Осыған байланысты Конституцияда Халық кеңесін бекіту – уақыт талабы. Оның пікірінше, бұл құрылым азаматтардың заң шығару үдерісіне жүйелі әрі тікелей қатысуына мүмкіндік береді.

Бүгінгі қоғам – белсенді және талапшыл. Енді шашыранды диалог алаңдары, түрлі қоғамдық платформалар кей жағдайда тұтас жалпыұлттық мүдде мен талқылауды қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан ұсынылған Халық кеңесі – формальді жаңалық емес, объективті қажеттілік, – деді Максим Рожин.

Ол Халық кеңесіне заң жобалары, ішкі саясат және референдум өткізу мәселелері бойынша ұсыныс жасау құқығын беру ұлттық әрі әлемдік тәжірибеде тиімділігін дәлелдеген озық модель екенін атап өтті. Мұндай тетік қоғамның белсенді азаматтарына заң шығару процесіне нақты ықпал етуге жол ашады.

Сонымен қатар депутат Халық кеңесінің құрамына этностардың, өңірлердің және қоғамдық ұйымдардың өкілдері енетінін айтты. Бұл кеңес мемлекет пен қоғам арасындағы алтын көпірге айналып, ұлттық бірлікті нақты іспен нығайтуға мүмкіндік береді.

Баяндамасында Максим Рожин билік тармақтарының жауапкершілігін арттыруға бағытталған түзетулерге де тоқталды. Оның айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» қағидатын нақты мазмұнмен толықтырады.

Қорытындылай келе, депутат конституциялық түзетулер мемлекеттілікті эволюциялық жолмен күшейтетінін айтып, комиссия мүшелерін бұл бастамаларды қолдауға шақырды.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық құрылтайдың V отырысы аясында аймақтарда қандай өзгеріс болатыны жайлы жазған едік.