Жаңалықтар

Халық аспаптары музейі – ұлттық мәдениетіміздің мәйегі  

Сіз қандай музыкалық аспапта ойнайсыз?
Халық аспаптары музейі – ұлттық мәдениетіміздің мәйегі  
Фото: Бақытгүл Абайқызы 21.06.2017 12:08 28512

Алматы қаласында халқымыздың қымбат мұрасы мен асыл қазынасын дәріптейтін ерекше музей бар. Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар музейі 1980 жылы белгілі этнограф ғалым, мәдениет жанашыры Өзбекәлі Жәнібековтың бастамасымен құрылған. Сәулеті келіскен әсем ғимаратта орналасқан музей жұмысы, ондағы құнды жәдігерлермен танысу мақсатында біз де арнайы іздеп бардық.

Музейде сонау есте жоқ ескі күндерден келе жатқан бақсы-балгерлер тұтынған жәдігерлерден бастап, жыршы, әнші, күйші композиторлар ұстаған музыкалық аспаптары – қобыз, домбыра, сырнай, сыбызғылардың мол қоры сақталған. Музей жетекшісі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жыршы Ұлжан Байбосынованың айтуынша соңғы екі жылдың көлемінде музей қорына белгілі тұлғалардың жиырмадан аса музыкалық аспаптары қабылданыпты.

Музей қызметкерлері қазір де экспонаттар қорын толықтыруды үздіксіз жалғастырып келеді. Музейдің баға жетпес мұрасы деп – заманымыздың  «Қазанғабы» атанған домбырашы Сәдуақас Балмағамбетов, шертпе күйдің шебері Уәли Бекенов, жезтаңдай әнші Жәнібек Кәрменов пен Дәнеш Рақышев, күйші, жазушы Таласбек Әсемқұлов, дүлдүл жыршы Көшеней Рүстембеков секілді қазақ өнеріне сүбелі үлес қосқан тұлғалардың музыкалық аспаптарын атауға болады.

Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар музейі Орта Азия бойынша жалғыз музей,- дейді музей жетекшісі Ұлжан Байбосынова. –  Халқымыздың ұлттық болмысы мен мәдениетін насихаттайтын халық музыка аспаптары музейінің жұмыс істеуі Қазақстан үшін үлкен мақтаныш. Неге десеңіз, біз «Эпостық дәстүр – жыраулық өнер» атты халықаралық конференция өтікізген болатынбыз. Ауқымды шараға Қырғызстан, Қарақалпақ, Өзбекстан, Әзербайжан, Түркіменстан, Татарстан, Түркия елдерінен  ғалымдар келіп, пікір алмасты. Сонда меймандар біздің музейге келіп, аралағанда қайран қалған жайы бар. «Халық аспаптарын насихаттайтын музей біздің регионда жоқ екен» деп таңдай қағысқан еді.  

Қазір музей қорында әлемнің 34 елінің музыкалық мәдениетімен таныстыратын 1000-нан астам жәдігер бар.

Біз алдымен музей залындағы ең көне экспонаттармен таныстық. Бұл жәдігерлер қазақ аспапты музыкасының тарихы, оның түп тамыры қайдан бастау алғанынан хабардар етіп тұр. Сондай-ақ ұлттық саз аспаптарының негізгі түрлері жайында толық ақпаратқа қанығуға болады.

Музейдің келесі залы «Үрмелі соқпалы-шулы аспаптар залы» деп аталыпты. Мұнда  жұртшылық назарына ұрмалы, дабылды-соқпалы және шулы-сылдырлы, үрлеп ойналатын, біздің дәуірімізге дейін өзгеріссіз жеткен ең ежелгі музыкалық аспаптар  қойылған. Музей мамандарының айтуынша, ертеректе ән мен би ұрып-қағып ойналатын аспаптармен сүйемелденген. Сонымен қатар, бақсылық мифологиясы ұрып-қағып ойналатын аспаптардың әр түрлі нұсқаларын туғызған. Мұнда дауылпаз, дудыға, шың, асатаяқ, дабыл, қосдүңкілдек, шыңдауыл секілді аспаптармен таныса аласыздар.

Үшінші зал «Шеберлер залы» деп аталады. Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің, шеберлер залы Алматы қаласы әкімдігі, Алматы қаласының мәденет басқармасы, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің ұйымдастыруымен өткен «Аңыз Домбыра» атты домбыра аспабын жасаушы қолөнер шеберлерінің 1-ші Республикалық байқау-бәйгесімен тікелей байланысты. Мұндағы мақсат – сан ғасырлық тарихы бар музыкалық аспаптарды жасау шеберлігін жандандыру, сол арқылы жастардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығы мен құрметін ояту. 

–Музейдің тағы бір үлкен мақсаты – музыкалық  аспап жасаушы шеберлерді жан-жақты насихаттау,- дейді музей жетекшісі Ұлжан Байбосынова. –   «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» демекші, домбыра аспабының өн-бойында ауыз екі әдебиетіміз, тарихымыз жатыр. Біздің қаншама эпостық жырларымыз, қала берді әндеріміз, күйлеріміз, аңыз-әпсана, әңгімелеріміз осы домбыраның сүйемелімен жалғасын тауып келе жатыр. Байқау былтыр бірінші рет өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен 65 шебер жиналды. Шеберлер домбыраның екі түрі – қалақ және жұмыршанақ домбыра түрін жасау бойынша сайысты. Бәйгеге 130-дан астам домбыра келді. Байқаудың басты шарты – домбыраның көне қоңыр үнін қайтадан қалпына келтіру болды. Домбыраның қоңыр қалпын сақтап қалуды, екіншіден шеберлерді дәріптеуді мақсат еттік. Аңыз аспапты дәріптеген бәйгеде бас жүлде, бірінші, екінші, үшінші орынға ие болған шеберлердің домбыра аспаптары байқаудан соң музей қорына өткізілді.

Музейдің төртінші залы «Мемориалдық қобыз залы» деп аталады. Мұнда Қорқыт, Ықылас, Сүгір, Жаппас Қаламбаев, Түсімбек Ықыласұлы, Дәулет Мықтыбаев сынды қазақ халқының күй өнерін дәріптеген тұлғалар туралы ақпаратқа қанығуға болады.  

«Қорқытқа дейін де, Қорқыт  заманынан кейін де қобыз адам баласын әруақтар әлемімен байланыстыратын құдіретті күшке ие сиқырлы аспап ретінде бағаланған. Қобызда ойнап отырып, бақсылар медитацияға ұқсас бір күйге түседі де басқа дүние ортасында жүргендей болады. Қазақтар қобызда ойнаудың халықты қиыншылық пен бақытсыздықтан қорғайтын күш бар деп есептеді. Ықыласты бұл өнерге ешкім баулымады. Оның қабілеті қобыз үнін үздіксіз ұғынуы арқылы пайда болды. Аңыз бойынша, оның музыкасын қоныстан 60 шақырымнан естуге болатын. Бұл «Айрауықтың ащы күйі»,- дейді Ұлжан апай әңгімесін сабақтап.

Бесінші зал «Домбыра және қобыз залы» деген атауға ие. Мұнда сіз домбыра дәстүрінің тарихи мен қобыз музыкасы дәстүрінің пайда болу тарихына қатысты мәліметтермен таныса аласыз. 

Ал, «Түркі халықтарының музыкалық мұрасы залы» атанған бөлімде тамырлас түркі халықтарының музыкалық аспаптары қойылған. Экспозициялық залда 10-нан астам түркі тілдес халықтардың 30 дан аса аспаптары көпшілік назарына ұсынылыпты. Аспаптармен, олардың қысқаша тарихымен танысу – Түркияда құрылған, 14 түркі мемлекеттерін байланыстыратын халықаралық «Түрксой» ұйымынан басталады.

Бізді ерекше қызықтырған келесі зал «Әлем халықтарының аспаптары залы» болды. Мұнда әлемнің 15-тен аса елінің 30-дан аса музыкалық аспаптары бар.

Мәселен, Қытай халқының эрху және пипа атты ұлттық аспаптары,  Корей халқының каягым музыкалық аспабы, Болгар халқының гайда атты ұлттық аспабын көруге болады.

– Музей қорында авторлық немесе мемориалдық аспаптар қоры жиналды,- дейді музей жетекшісі Ұлжан апайымыз. –  Сонау бақсылардан бастап, күйші композиторлар, әнші композиторлар, жырау, жыршылардың аспаптары сөрелерге жайғасты. Өнер жасаушы өмірден өткен ұлы тұлғалардың, тіпті көзі тірі өнер иелерінің мұраларын жинаумен әлі де айналысудамыз. Мәселен, жырау Алмас Алматов, Жарқын Шәкәрім, Қажыбек Бекбосынов, Мұхамеджан Тілеуханов секілді дарабоз өнерпаздардың домбыралары музейге әкелініп, дәріптеліп отыр. Тағы бір айта кетерлігі, бұл аспаптарды біз тек қана музей сөресіне жайғастырып қана қоймай, шағын концерттік залымызда шығармашылық кештер ұйымдастырамыз.

Ұлжан Байбосынованың айтуынша, былтыр Елбасының тапсырмасынай сай музей кеңіген. Нақтырақ айтсақ, Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар музейі филиалының орталығы Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығы ашылған. Салтанатты рәсімге Елбасының өзі қатысып, сол орталыққа өзінің коллекциясындағы домбырасын сыйға тартыпты.

Музей қызметкерлері сонымен қатар  мекеменің ғылыми қызметкерлері де гуманитарлық ғылымдардың үш бірдей саласының басын қосып, қазақ музейтануы, қазақ аспаптануы және қазақ өнертану ғылымдары бойынша арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізіп отырғандығын, музей жұмысына тарихшылар, этнографтар, әдебиетшілер ғана емес, әншілер мен бишілер, аспапшы-шеберлер, қобызшылар мен домбырашылар өз үлестерін қосып келе жатқандығын айтты.

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу» деген үндеуі бар,- дейді Ұлжан апай. – Ұлттық код деп отырғанымыз ғасырлар бойы жалғасын тауып, санамызға сіңіріп келген эпостық жырлар, ән, күйлер, жалпы алғанда мәдени тарихымыз. Сол өнерімізді, сол мәдениетімізді сақтап, бойымызға сіңіріп, жас ұрпаққа насихаттау біздің басты міндетіміз. Келушілерге ұлттық мұраларымызды насихаттау, соның сақталуына ықпал ету, болашаққа жетуіне үлес қосу.

Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар музейіне шетелдік қонақтар да жиі бас сұғатынын аңғардық. Бұл туралы Ұлжан апай: «Қала бойынша ең көп қонақ келетін біздің музей. Әсіресе сырт елдерден келген меймандар ұлттың рухани мәдениетіне мән береді. Ұлттың, мемлекеттің руханияты неден тұрады екен деген сұрақтың туындауы заңдылық. Кез-келген білімді, өрелі азамат ұлттық мәдениет, ұлттық руханиятқа үңілгісі келеді. Халық аспаптар музейі тұнып тұрған мәдениет пен руханияттың ордасы»,- дейді. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға