Pixabay

Халал опа-далап іздейтіндер Vegan белгісіне қарасын – биолог-блогер

11.02.2026 16:15

Биолог Аида Қайратқызы 8 жылдан бері азық-түліктің, күтім құралдарының, асүйге қажетті заттардың құрамын тексереді. Хоббиі кәсібіне айналып, қазір еліміздің түпкір-түпкіріндегі қыз-келіншектің эко-сауатын ашып жүр. Жазда биолог-блогер (@bio_sostav.kzt) ретінде Италияда өткен Slow Food фестиваліне барды.  Осы орайда  маманнан дұрыс әрі зиянсыз бет күтімін қалай таңдайтынын сұрадық.

El.kz: Аида, бет күтімін қалай таңдаймыз?

– Бет күтімін  таңдағанда жарнамасына жиі алданамыз. Ал шын мәнінде басқа дүниеге мән беру керек. Кез келген өнім сатып аларда өзіңізге сұрақ қойыңыз. «Менің терімнің түрі қандай? Терім майлы ма, құрғақ па, аралас па? Сезімтал ма,  акне мен пигментация бар ма? Сапасы жақсы болса да, тері типіне сай  таңдалмаған өнімнің зияны бар.

Фото: Аида Қайратқызының жеке мұрағатынан

El.kz: Енді қайтпек керек?

– Қаптамадағы жазуды толық оқып, ингредиентке қатысты қарапайым ережені сақтаймыз. Мысалы, өнім құрамында глицерин, гиалурон қышқылы, пантенол болғаны жақсы. Серамид, сквалан терінің барьерін сақтауға көмектеседі. Ал терісі сезімтал арулар құрамында алкоголь мен қатты иісі бар дүниені пайдаланбағаны жөн. Теріні тітіркендірмейтін өнім іздесеңіз: ішінде қатты иіс (аромат), эфир майлары қосылмағанын таңдаңыз. Пайызы жоғары қышқылдардан, ретинолды алғаш рет қолданғанда абай болыңыз.

Лайфхак: өнім құрамындағы қоспа тізімі  неғұрлым қысқа болса, соғұрлым реакция аз жүреді. Әсіресе, сезімтал теріге кейде 5 дұрыс ингредиент ішіндегі 20 қорексіз қоспадан  жақсырақ әсер етеді. Бір қызығы, осы қысқа тізім лайфхагын азық-түлік таңдағанда да кәдеге жаратыңыз.

El.kz: Vegan мен халал стандарты бірдей ме?

– Vegan өнімде жануардан алынған зат жоқ. Cruelty Free белгісі жануарға тест жасалмайтынын білдіреді. Халал опа-далапты, бет күтімін іздейтіндер осы Vegan стандарына мән беруі керек. Vegan косметика  жануарлардан алынған ингредиентсіз, көбіне өсімдік не минерал, этикалық және табиғи балама негізде болады. Өз басым шошқа майын пайдаланған өнімді сатып алмаймын.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Аида Биолог (@bio_sostav.kzt)

El.kz: Одан кейін ауыр метал туралы айтсаңыз

– Ауыр металдар бет күтімімен қатар косметикада да кездеседі. Бұл – ағзаға жиналуы мүмкін уытты элемент. Салдарынан ағзадағы гормонның жүйесі бұзылады. Көбінесе, ауыр металды арзан косметика жасайтындар пайдаланады. Ата-аналарға айтарым, қыз баланың бет күтіміне мән беріңіздер. Тері типіне сай өнім таңдауды, ауыр металы бар опа-далапты сатып алмауды үйретіңіз. Әсіресе, кей компания мұны қабақтың үстін бояйтын сүрмеге қосады.  

Бет әрлеу құралдарында (пигменттерде) жиі кездесетін қауіпті, ауыр металдар:

Lead (қорғасын) уытты, жүйке жүйесіне әсер етеді;

Mercury (сынап) өте қауіпті, кейбір «ағартқыш» жақпамайда (крем) болады;

Cadmium (кадмий) канцероген;

Arsenic (мышьяк) уытты;

Chromium, Nickel аллергия тудыруы мүмкін.

Ескерту:  Осы металдар бет күтімі құралында да кездесуі ықтимал.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Аида Биолог (@bio_sostav.kzt)

El.kz: Сонда қандай белгісіне қарап, жақсы күтім құралы екенін анықтаймыз?

Мүмкіндігінше natural / organic белгісі барын таңдаңыз. Автомат түрде қауіпсіз болып есептеледі.  Бірақ кейбір компания мұны маркетинг ретінде пайдаланады. Өнімде ауыр металдар өте аз мөлшерде (trace amount) болса, EU, FDA халықаралық стандартынан аспағаны дұрыс. Мұндай мөлшерде теріге сіңбейді немесе зиян келтірмейді.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Аида Биолог (@bio_sostav.kzt)

El.kz: Қай елдің өнімін сатып алуға кеңес бересіз?

Меніңше, EU, Korea, Japan стандартын таңдау керек. Брендтің сертификатталғанына, дерматологиялық тесттен өткеніне мән беріңіз. Мысалы, COSMOS Organic / COSMOS Natural (Еуропа), Ecocert (Франция), USDA Organic (АҚШ) өнімін қорықпай сатып аласыз.