"Хабардың" көктемгі телемаусымы: жаңа формат, ашық диалог, қызықты контент
EL.KZ Информационно-познавательный портал
«Хабар» мен 24KZ арналары көктемгі маусымды тың серпінмен қарсы алып отыр. Бұл жолы басты назар көрермен сенімі, сапалы сараптама және ашық диалог. Яғни, ақпаратты жай ғана жеткізу емес, оның астарына үңіліп, қоғамды толғандырған сұрақтарға нақты әрі түсінікті жауап беру көзделген.
«Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаевтың айтуынша, аудиторияны зерттеген дұрыс.
Бүгінгі аудитория күрделі мәселелердің әділ де жан-жақты талдануын күтеді. Сондықтан арна контентті қоғаммен еркін пікір алмасуға, ашықтық пен өзара ықпалдастыққа негіздеп құрып отыр, – деді ол.
Жаңа маусымда «Хабар» арнасының эфирлік келбеті жаңарады. Студия дизайны өзгеріп, бағдарламалардың ұсынылу тәсілі заманауи сипат алады. Көрерменге жақсы таныс «Өмір өрнегі», «ХХІ ғасыр Көшбасшысы», «Азамат», «Қоғам пікірі», «Көзқарас», «Өзекті», «Жеті күн», «ОйнаIQ» жобалары мазмұнын сақтай отырып, жаңа форматта ұсынылады. Пікірталасқа көбірек мүмкіндік беріліп, көрерменмен байланыс нығая түспек. Сонымен қатар маңызды оқиғалар мен тарихи даталарға арналған деректі фильмдер де эфирден көрсетіледі.
24KZ арнасы да мазмұндық тұрғыда жаңарды. «Ел Алдында» ток-шоуы тікелей эфирде өтеді. Мұнда мемлекеттік орган басшылары халық пен журналистердің сұрағына ашық жауап береді. «Приоритеты» бағдарламасында тележурналист Асқар Меңдібаев ел ішіндегі және әлемдегі үдерістердің мәнін талдайды. «Alem Talk» халықаралық тақырыптарды кеңінен қозғайды. Ал «Анық Time» жобасы жалған ақпарат пен шынайы деректің ара-жігін ажыратып, көрерменге ақпаратты тексерудің жолдарын үйретеді.
Әлеуметтік бағыттағы «Тең мүмкіндік / Разные-Равные» бағдарламасы ерекше балалар өсіріп отырған отбасылардың өмірін, мемлекеттік қолдау шараларын және инклюзивті қоғам құру жолын көрсетеді. Бұдан бөлек «President», «Түйін», «Мәжіліс Life» жобалары жалғасын табады.
Цифрлық бағыт та назардан тыс қалмайды. «Хабар» Агенттігі әлеуметтік желілер мен YouTube платформасында белсенділікті арттырып, жас аудиторияға арналған жаңа форматтарды іске қоспақ. Бүгінгі күні медиахолдингтің YouTube арнасындағы аудиториясы шамамен 8 миллион жазылу болса , әлеуметтік желілердегі оқырмандарының саны 3 миллионға жуық. Жоспарда подкасттар, Insta-сериалдар және «Қонақжай» жобасы бар. Бұл жоба арқылы көрермен Қазақстан өңірлерінің табиғатын, тұрмыс-тіршілігін және ұлттық дәстүрлерін тереңірек тани алады.
Осылайша, көктемгі телемаусым арналардың мазмұндық жаңаруын айқындап, көрерменмен ашық әрі сенімді диалог орнатуға бағытталған жаңа кезеңнің басталғанын аңғартады.

