Жаңалықтар

Ғылымы дамыған елдің экономикасы да дамиды

Ғылымы дамыған елдің экономикасы да дамиды
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 20.08.2023 15:44 923

Ғылым саласы адамзат өміріндегі маңызды саланың бірі. Ғылымы дамыған елдің экономикасы да дамитыны белгілі. Осыған байланысты ғылым саласына әлемнің көптеген елдері аса мән береді.

Алғашқы Қазақ ғылым Академиясы ресми түрде  76 ғылым докторынан құрылып,  1946 жылы 1 маусымда Алматы қаласында ашылған. Оның негізін қалаушы академик Қаныш Сәтпаев. Одан әріге барсақ 1925 жылдары Алматыда алғашқы санитарлық-бактериялогиялық институт ашылған еді. 1938 жылы СССР Ғылым Академиясының филиалы ретінде құрылып, Отан соғысы алдында 100-ге жуық ғылыми қызметкерлер мен 3 ғылым докторы, 14 ғылым кандидаты болған екен. Ал 1940 жылдардың басында 12 жоғарғы оқу орны, 11 ғылыми зерттеу институттар, 2 жобалық институт, 2 ауылшаруашылығының тәжірбиелік станциясы, 6 зауыттық ғылыми зерттеу және конструкторлық бөлімшелер, ботаникалық және зоологиялық саябақтар болған екен. Қазақстанның ғылымы тәуелсіздік алған жылдары барлық посткеңестік елдердің ғылымы сынды тоқырау заманынан өтті.Кеңес Үкіметі келмеске кеткеннен кейін ел экономикасы қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткеріп, қазақ ғылымы құлдыраудың алдында қалды. Жалақысыз, жағдайсыз ғалымдарымыздың біразы шетел асып кетсе, қалғаны сауда-саттық, мұғалімдік жасауға көшті. Көптеген ғылыми институттар жабылып, ғылым саласының мыңдаған маманы жұмыссыз қалды. Ал тоқыраудан аман шыққан ғылым орталықтары  мен институттары «шықпа жаным, шықпаның» күйін кешті. 1991 жылдан 2000 жылдар арасында ғылым саласының мамандары 27,6 мыңнан 14,8 мың адамға дейін қысқарды.

Дегенмен 1992 жылы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік ғылыми-техникалық саясаты мен ғылымы туралы» Заң қабылданып, 2000 жылдары «Қазақстан Республикасының Ғылым туралы» жеке заң қабылданды. 2011 жылы әлемдік тәжірбиені ескере отырып «Ғылым туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл шаралардың барлығы ғылым саласын қаржыландыру, ғалымдарымызды ынталандыруға бағытталды. Қаржыландырудың үш негізгі формасы қарастырылды. Гранттық, базалық және мақсатты-бағдарламалық. Нәтижесінде PhD докторларды әзірлеу гранты 2 мыңға дейін жетті.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ғылым саласына ерекше назар аударуда. Өзінің жолдауында Қазақстан ғылымын дамытуға қатысты нақты тапсырмалар берді. Нәтижесінде Қазақстанның ғылым Академиясы қайта құрылды. Елдің болашағы оқыған жастар мен ғылымда. Жаһандану процессі жүріп жатқан бәсекелесітіктің заманында ғылымы дамымаған елдердің артта қалатыны айдан анық. Бағыт бағдарлы жүргізілген ғылым саласындағы жұмыстар алдағы бірнеше жылда өз нәтижесін берер бастары сөзсіз. Өкінішке орай, біздің ғылым саласы техникалық салада баяу дамып, әлеуметтік, ғылыми салада ерекше алға шыққан. Қазіргі таңда екінің бірі алаштанушы, тарихшы болып кетті. Дәлелді, дәйексіз көл-көсір баяндамалар жасап, қазақстанның экономикалық дамуына еш әсер етпейтін әрекеттермен айналысатындар көбейіп кетті. Әрине, тарихты түгендеп, ел тарихын өскелең ұрпаққа жеткізген дұрыс. Алайда біз өткен тарихымызбен алысып жүргенде өзге елдер ғылым, білім, құрылыс, машина жасау, ауылшаруашылық, техника және технология саласында бізден көшілгері кеткенін мойындауымыз керек. Осыған байланысты Президент Қ.Тоқаев техника және технология саласының мамандарын әзірлеуге көбірек гранттар бөлуге баса нгазар аударуда. Қазіргі таңда бізге машина жасаушылар, радиэлектроника, IT-саласының, ауылшаруашылығы, жылу, атом энергетикасы, физика, математика ғылым саласның мамандары ауадай қажет. Мамандардың жоқтығы салдарынан біздің осы жоғарыда аталған саланың барлығында шетелдік мамандар қызмет істеп келеді. Дегенмен ғылым саласындағы позитивті сандармен де бөлісе отырайық. ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер иниститутының бас сарапшысы Жанат Ордалиеваның «Тәуелсіз Қазақстанның ғылымы» атты мақаласында қазіргі ғылымның даму барысы туралы түйіндей келе соңғы он жылда ғылым саласы мамандарының 21,8 мың адамға өскенін тілге тиек етеді. 2009 жылы ғылым саласының мамандары 15,8 мың адам болса қазіргі таңда 21,8 мыңға жетіп оның 37,5 % жастар құрап отырғаны қуантады. 

Қазақстандық ғалымдардың әлемдік ғылымның базасын қол жеткізу жұмыстары жүргізіліп 2015-2019 жылдары 14852 халықаралық ғылыми басылымдарда мақалалар жарияланып, дүниежүзіндегі 214 мемлекеттің ішінде 75 орынға тұрақтады.
Қазақстандық жастардың әлемдік ғылым саласындағы байрақты бәсекелерінде қаншама алтын медальдер мен жүлделі орындар әкеп жатқанын білеміз. Ғылымның енді бір нәзік саласы ел ішіндегі өнертапқыштар. Өкінішке орай, техника, ауылшаруашылық саласында ауылды жердегі қаншама қарапайым азаматтар өз салаларына ыңғайлы техникалар ойлап табуда. Алайда оларды ынталандыру, ғылыми айналымға шығару, қаржыландыру мәселесі әлі күнге дейін қарастырылмаған. Кез-келген өнертапқыштың шығарған затын Ғылым Академиясы тарапынан қарастырылып, бірлесе жұмыс атқару арқылы жетілдіріп, ел игілігіне жаратып отырса дұрыс болар еді. Әрине бұл тарапқа Ғылым Академиясының да өз айтар уәжі болуы да мүмкін. Қазіргі таңда көптеген ғылым саласының мамандары атақ даңқ алу, конференцияларды төрде отырып сөз сөйлеуден аспай жүргені өкінішті. Ал нақты өз саласын тереңірек зерттеп, ізденіп жүрген ғалымдар шамалы. Мысалға тарих ғылымдарын алар болсақ, қазақ тарихының дамуына теңдессіз үлес қосқан Сартқожа ұлы Қаржаубай мырза 75 тен асса да әлі де түркология саласын дамытып, зерттеп келеді. Қаншама шәкірттер тәрбиеледі. Өкінішке орай, 2008 жылы «Құрмет» орденімен тарапаттап, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ең суық этажынан «Түркология орталығын» ашып берген. Университеттің балансындағы екі бөлмелі шағын үйге байлап қойған. Не тастап кете алмайды, не сатып жібере алмайды. Міне біздің ғалымдарымызға деген көзқарасымыз. Бұл бір ғана мысал. Мұндай мысалдар қаншама. Әлемге елдің атын шығаратын азаматтарымызды аялай алмай келеміз. Алматы мен Астанада бастары қосылмай шашырап кеткен ғалымдарымыздың басын қосып «Ғалымдар ордасын» құрып, барлығына баспана беріп, жағдай жасамаса мемлекеттен бөлінген миллиардтар бекерге кетпек. Бұл менің жеке пікірім. Ал енді Қазақстан ғылымы соңғы отыз жылда қандай ғылыми жаңалықтар ашты.

1994 жылы медицина ғылымының докторы Алшынбай Рақышев денсаулыққа арналған лазерь ойлап тапты. Көптеген жылғы тәжірбиелер мен үздіксіз еңбектің арқасында лазерді адам денсаулығын жақсартауға болатынын дәлілдеп шықты.

2008 жылы «Қазақстандық» ерітпесі пайда болды. Бұл ерітпе арқылы кез-келген металдың сынып кетпеуіне, шыдамдылығын әсер ететін қоспа ретінде пайдалануға мүмкіндік алды.

2015 жылы ғалым Толғанай Темірғалиева мен жапон ғалымы профессор Сугуру Нода бірлесіп бірнеше минуттың ішінде энергия беретін суперконденсаторларды ойлап шығарды.

1998 жылы Шілікті даласындағы Берел ауылының маңынан «Сақ қорғаны» табылды.

1999 жылы профессор Абдцмалик Аширов тұқымның биорезонанстық белсенділігін арттырудың жолын тапты. Бұл көкеніс, жеміс жидек өсіру саласында кеңінен қолдана отырып, мол өнім алуға мүмкіндік беретін 18 параметрден тұратын ғылыми жаңалықтың бірі болып отыр.

Қазақстандық QazCovid вакцинасы пандемия кезінде ойлап шығарылып, зерттеліп, әлемнің көптеген елдері мойындаған вакцина ретінде қолданылды. Міне осыған ұқсас әлі айтылмаған, бұқара халыққа жетпеген қаншама ғылыми жаңалықтарымыз бен мақтан тұтарлық ғалымдарымыз бар. Бұл дегенміз қазақстандық ғылымның болашағы бар екенін және әлемдегі ғылым саласындағы бәсекеге қабілетті ғалымдарымыздың жаңалықтары талайды тамсандырар деген сенімдеміз.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға