«Ғылыми экожүйе қажет» . Сарапшы шетелге кететін жастарды ұстап қалудың жолын айтты
Қазір реті келсе жастар шетелге кетуге асығады. Бұған себеп көп. Бірі жұмыстың жоғынан, ендігісі жалақы мәселесіне налып, үшіншісі өз ортасын табу үшін жолға шығады. Әсіресе, қоғамда «Nazarbayev University түлектері оқуын бітіре сала шетелге кетеді» дейтін түсінік бар. Бірақ сарапшылардың айтуынша, бұл шындыққа жанаспайды. Жастарды ұстап қалу бір ғана жалақы мәселесін шешумен іс бітпейді.
Иә, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде 445 мыңнан астам жұмыссыз бар. Орташа айлық табыс 429 мыңға тең десек, ең төменгі жалақы – 85 мың теңге. Айталық, үш мегаполистен бөлек, 17 облыс, 90 қала, 6 мың ауыл бар. Сонда барлығы 5,8 млн жас тұрады. Ал жыл сайын 12 мыңнан астам адам шетел асатыны тағы бар. Осы орайда Nazarbayev University вице-президенті Гүлмира Қанай білімді жастарды елге тарту туралы айтты.
Бүгінде университет түлектерінің 92 пайызы ел ішінде қалып, түрлі салада еңбек етіп жүр. Студенттерінің басым бөлігі мемлекеттік грант негізінде білім алады. Грант талабы бойынша түлектер оқуын аяқтаған соң кемінде үш жыл мемлекетке қызмет етуі тиіс. Олар мемлекеттік органдарда, сондай-ақ экономика саласында жұмыс істеп, Қазақстанның дамуына үлес қосып жатыр, – деді Гүлмира Қанай.
Оның айтуынша, түлектердің бір бөлігі «Болашақ» бағдарламасы арқылы магистратураға түссе, енді бірі Гарвард, Кембридж, Оксфорд, Стэнфорд секілді әлемнің жетекші университеттерінде докторантурада білімін жалғастырып жатыр.
Болашақ» бағдарламасының президенті Әділ Құспанов – осы университеттің түлегі. Ол Оксфордта математика бойынша магистр дәрежесін қорғап, елге оралып, ірі ұйымды басқарып отыр. Жалпы алғанда, бүгінгі таңда университет түлектері мемлекеттік секторда да, экономикада да белсенді еңбек етіп келеді», – деді Nazarbayev University вице-президенті.
Сондай-ақ сарапшы сұхбатта жастарды елге қайтару, олардың шетелдегі жұмысы төңірегіндегі сұрақтарға жауап берді. Оның айтуынша, Америка, Жапония, Еуропа елдеріндегі жастар да шетелге көшіп жатыр. Бұл бір ғана Қазақстандағы проблема емес. Оған қоса Гүлмира Қанай ғылыми жетістіктер көбіне еркін, ашық және институционалдық қолдау қалыптасқан ортада жүзеге асатынын атап өтті.
Бұл жерде мәселе білім сапасында емес, экожүйеде. Мысалы, ғалымдарды алайық. Олар үшін маңыздысы – дамуға, зерттеу жұмысын жасауға қолайлы ғылыми орта құру. Сол үшін әлеуетті ашатын ғылыми орта құру керек. Академиялық еркіндік болуы тиіс. Ғылыми жаңалықтарды әлеммен бөлісіп, оны әрі қарай дамытуға мүмкіндік беретін жүйе қажет. Сондықтан басты назар таланттарды қайтаруға емес, оларды елде ұстап қалатын экожүйе қалыптастыруға аударылуы керек. Университеттер мықты ғылыми орта құрып, талантты профессорларды тарта алуы тиіс , – дейді маман.
Маманның сөзінше, ең бастысы – еркіндік пен бірегейлікті қолдайтын орта қалыптастыру. Сонда ғана жастар елде қалып, өз әлеуетін толық жүзеге асыра алады.

