Жаңалықтар

Ғылымға келетін жастар неге аз? Министр жауап берді

Ғылымға келетін жастар неге аз? Министр жауап берді
Фото: ©El.kz/Арман МУХАТОВ 17.05.2023 16:15 914

Мәжілісте ғылымды дамыту тақырыбында өтіп жатқан Үкімет сағатында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жас ғалымдардың неліктен ғылыммен айналыспайтынын түсіндірді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Жас ғалымдарға қатысты сараптама жасадық. Гранттар мен РhD тапсырысты беріп жатырмыз. Жастарымыз РhD-ді қорғамай кетеді немесе қорғап ғылыми зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарына бармайды. 1-2 жыл істеп кетіп қалатындар да бар. Ғылымға келетін жастар аз. Осыны зерттей келе, бірнәрсеге көзіміз жетті, - дейді министр.

Ол осы ретте қандай шектеулер бар екені анықталды деп отыр. PhD қорғау үшін Skopus, Web of Science базасына кіретін журналдарға мақала жариялау керек. Екіншіден, жас ғалым PhD-ді қорғап, оқуын бітіріп, ЖОО-на келгенде бұрын оқыған 4 жылы есептелмейді. Ол профессор, аға оқытушы, қауымдастырылған профессор сияқты лауазымдарға конкурсқа қатыса алмайды екен.

Жалақысы аз болғандықтан қиналып, ғылымнан кетуге мәжбүр болады. Сондықтан 2021 жылы қабылданған заңның аясында жас ғалымдарды қаржыландыруға арналған гранттар жобасын бастадық. Жас ғалымдарды аяққа тұрғызатын шара. Үш жылдық бағдарламаға 500 мың айлық көзделген. 2010 жылдан бастап PhD қорғағандар қатыса алады. Соңғы екі жылда 881 ғылыми жоба қатысып, грант ұтып алды. – дейді Саясат Нұрбек. 

Ол мақсатымыз жыл сайын осындай қолдау жобаларын жариялап, жылына 1 мыңға жуық гранттарды беріп, жас ғалымдарды қолдау деп отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға