Жаңалықтар

Гүлжан Дәрібайқызы: Бір мұғалімге көрсетілген құрмет, барлық педагогке ортақ

Гүлжан Дәрібайқызы: Бір мұғалімге көрсетілген құрмет, барлық педагогке ортақ
Фото: жеке мұрағат 27.12.2024 18:06 278

Қазіргі уақытта білім саласындағы өзгерістер туралы жиі айтылады. Жоғары мінберлерден мәлімделген түйдек-түйдек сөздерге қарағанда, оқу-ағарту саласының даму бағыты жаман емес секілді. Мәселен, биылғы жылы мектептерде білім сапасын бағалаудың ұлттық жүйесі енгізілді. Одан қалды, қоғамның басты проблемаларының біріне айналған ауылдағы білім сапасы 7-9 пайызға өскен. Бірнеше жылдан бері жыр болып келе жатқан интернет мәселесі де өз шешімін табуға таяп қалған сыңайлы. Жасыратыны жоқ, ел дағдарысты бастан кешкен қысылтаяң кезеңде мұғалімнің мәртебесін ойлауға мұрша болмады. Ал бүгінгі билік, қазіргі қоғам ұрпақ тәрбиелейтін ұстаздың мәртебесін жоғары етуге ұмтылуда.

Хош делік, сонымен бүгін оқу-ағарту саласында өзгеріс көп, оны шын мәнінде білім саласының басты кейіпкерлері – мұғалім мен оқушы қалай сезінуде?! Мұны білмек үшін – мұғалімді сөзге тарттық, дегеніне құлақ қойдық.

Назарларыңызға Астана қаласы Сырбай Мәуленов атындағы 37 мектеп-лицейінің директоры Гүлжан Дәрібайқызымен сұқбатты ұсынамыз.

- Гүлжан Дәрібайқызы, ұстаздық қай уақытта да оңай қызмет болмаған. Ел ішіне ағартушылықты алғашқы болып алып келген ғұламаларымыздың өзі «білімнің инемен құдық қазғандай» екенін айтып кеткен. Барлығы жаһандануды өкшелеген заманда қазіргінің тілімен айтсақ, «альфа-ұрпаққа» білім беру қаншалықты қиын?

- Расымен де, бүгінгі баланың көзі ашық. Қазақта «біліп туған» деген сөз бар, қазіргі балалар да солай, көзін телефонмен, интернетпен ашатын, алтыға жеткенше алпыс түрлі ақпаратпен «қаруланып» үлгеретін балаларды «ерте-ерте ертеде» деген құр қиял әңгімемен алдарқата алмайсың. Балаларға сабақ беру кезінде әрбір келтірген мысалыңды деректермен дәйекті етпесең, кәсібилігіңді ісіңмен дәлелдемесең, оқушының саған сене қоюы қиын. Неге десеңіз, қазір технология қарыштап дамыған заманда, мектептегі мұғаліммен бірге бәсекелестікте, кез келген ақпаратты саусақтың ұшымен түртіп қана тауып алуға болатын шексіз ғаламтор кеңістігі бар. Біз кезінде ауылдағы алақандай кітапхананың әр сөресін ақтарып жүріп әрең қолға түсіретін түрлі ғылыми жаңалықтарды қазір балалар тик-ток қарап отырып-ақ біліп алады.

Сондықтан балаға білім беру үшін педагогтің өзі де бәсекеге қабілетті  болуы тиіс. Баланың сапалы білім алуы үшін қажетті ақпаратты мұғалім өз сабағыңда қызықты, мағыналы, мазмұнды әрі толымды етіп жеткізсе, бала сонда ғана ұстазын төбесіне көтеріп сыйлайтын болады.

- Педагог бәсекеге қабілетті болуы тиіс дедіңіз. Ол үшін не істеу керек? Қазір педагогтерге қойылып отырған талаптардың да аз емес екенін білеміз…

- Бастысы, педагог өз қызметін адал атқаруы тиіс. Медицина қызметкерлері әрқашан Гиппократ антына адалдық танытып, алдына келген дертті адамның өміріне арашашы болуы үшін қолынан келгенін істеуі тиіс. Сол сияқты ұстаздар да болашақ үшін адал қызмет етуі керек. «Ұстаздық Тәңірден берілген міндет» деген мықты сөз бар.  Егер сіз ұстаз боламын деп сол жолды таңдадыңыз ба, демек сіз болашақ үшін өзіңізге міндет алғаныңызды ешқашан жадыңыздан шығармауыңыз керек. Қажет болса, күні-түні қызмет ет, себебі сен ел үшін, еліңнің болашағы үшін игілікті іс жасап жатырсың.

Педагогке бүгінгі таңда бір ғана талап қойылып отыр – ол сапалы білім беріп, саналы ұрпақ қалыптастыру. Президентіміз пеедагогтерге қоғамның төрінен орын ұсынды. Бұл үлкен құрмет, ұстаздардың маңдай тер еңбегін жоғары бағалау. Сондықтан әсіресе, жас мұғалімдер Мемлекет басшысының осы құрметіне лайықты болып, әр оқушысының мектеп туралы естеліктерінде ең жақсы, ең сүйікті, ең үлгілі ұстазы ретінде жатталып қалуы үшін бар күшін салуы керек деп ойлаймын. Биылғы жылы екі бірдей мұғалім «Еңбек ері» атағын алды. Әріптестеріміздің мұндай жоғары марапатқа қол жеткізуі – біз үшін үлкен қуаныш, мәртебе болды. Олар үшін мен шын қуандым. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген мақал бар қазақта. Сол сияқты, бір мұғалімнің мерейі өсіп, қоғам оған қол шапалақтап құрмет көрсетіп жатса, күллі педагогтер бірге қуанып шаттануы тиіс.

Ал жас ұстаздардың әлеуметтік желіде «Мен ұстазбын» деп костюм-юбкамен суға түскен сайқымазақ әрекеті үшін барлық ұстаздар қауымы ұялып, ол әріптесін өз әрекеті үшін ұялтуға тырысуы қажет еді.

Жуырда ғана Семей қаласында орын алған, шыршаны безендіру кезінде мұғалімнің жоғарыдан құлап жарақат алуы шын мәнінде бәрімізді мұңайтқан оқиға болды. Президенттен бастап, министріміз де мұғалімдерді өз қызметіне жатпайтын жұмыстарға жұмсамау, педагогтің міндеті тек қана баланы оқыту, тәрбиелеу екенін қанша айтса да, бұл талапты өкінішке орай, елемейтін басшылар да бар. Бұл оқиғада жарақат алған әріптесіміздің тезірек сауығып кетуін тілейміз және бұл жағдай барлық басшылар үшін үлкен сабақ болды деп ойлаймын. Одан кейін іле-шала оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың мәлімдемесін оқыдым. Ол мұғалімдерді мұндай жұмыстарға тартуға заңмен тыйым салынғанын ескертіп, мәселені өзінің жеке бақылауына алатынын айтыпты. Қуанып қалдым, себебі билік біздің қорғаушымыз әрі қолдаушымыз болуы керек. Болашақтың тұтқасы болатын ұрпақ тәрбиелеймін дейтін елде ұстаз қолбала болмауы тиіс.

- Сізбен мен де келісемін, қазір ұстаздардың құқығын қорғау бойынша түрлі шаралар жүргізілуде. Білімнің сапасын көтеруде ұстаздар әрине басты рөл атқарады. Мұғалімнің қандай болуы керегін айтып өттіңіз, алайда кейбір әріптестеріңіз білім саласындағы реформалардың көптігі білім сапасын арттыруға мұрша бермейді деген пікірде. Келісесіз бе?

- Мемлекет басшысы білім сапасын арттыруда қала мен ауыл мектептерінің арасындағы алшақтықты азайтуды тапсырды. Бір ғана мысал ретінде айтып өтейін, ақтөбелік әріптестеріміз шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін дамыту бойынша пилоттық жобаны жүзеге асырды. Оның негізінде әлеуеті мықты тірек мектептер құрылып, оған әлеуеті төмен деп есептелген шағын жинақты мектептер шоғырландырылды. Нәтижесінде, тірек мектептердегі мықты мұғалімдерден дәріс алған ауыл мектептері өткен оқу жылының соңында жақсы нәтиже көрсете бастады. Яғни «үздіктен үйрен» қағидасының қолданылуы басқа мектептердің де дамуына дем берді. Бұл тәжірибе биылдан бастап басқа да өірлерде таратылады деп отыр. Мұғалім жетіспейтін, техникалық базасы төмендеу мектептер үшін мұны тамаша мүмкіндік деп есептеймін.

Білім өзгеріп, толығып, жаңарып отыратын процесс. Біздің осыдан ондаған жыл бұрын университтен тыңдаған дәрістеріміздің өзектілігі қазір ескірген болуы мүмкін. Қазіргі заман талабына сай білім беру үшін педагогтің өзі де оған сәйкес білім алуы керек. Мемлекет жыл сайын педагогтердің біліктілігін арттыру курстарын тегін ұйымдастырып келеді. Сондықтан педагогке ақылы курстар іздеп бас қатырудың, өзінің қалтасына салмақ түсірудің қажеттілігі жоқ. Мемлекет ұйымдастырып берген курсқа қатыс, біліміңді толықтыр және онымен балалармен бөліс.

Меніңше, керісінше, мемлекет балаға алаңсыз білім беру үшін педагогке жайлы жағдай жасауға ұмтылуда. Мәселен, жекелеген топтар педагогтерді аттестаттауға енгізілген өзгерістерді алға тартады. Ережеде педагогтердің еңбегінің лайықты әрі адал бағалануына, көтермеленуіне мүмкіндік берілген. Бұрын білім саласында шынын айту керек, «бармақ басты көз қыстылықпен» қызметке келушілер көп болатын. Ал қазір педагогтерді жұмысқа қабылдау да автоматтандырылып, жариялы етілді.

- Сіз астаналық мұғалім ретінде қазір қоғамда талқыланып жатырған уақыт белдеуінің өзгеруіне байланысты не айтар едіңіз?

- Уақыт белдеуінің өзгеруінің адамның физикалық және психоэмоциналды жағдайына байланысты медицина қызметкерлері мен ғалымдар өз ұйғарымдарын айтты ғой, сондықтан біз ол бойынша олардан асырып ештеңе дей алмаспыз.

Алайда, бұрын таң қараңғысында сабаққа келу әсіресе, бастауыш сынып оқушылары үшін қиын болатын. Өзіңіз білесіз, Астанада күн кеш атады. Бірінші сабақта кейбір балалар кешігіп келіп, әлі де ұйқысын аша алмай, есінеп, сабаққа қосыла алмай отыратын. Ата-аналары ұйқыдан тұра сала, детектетіп сабаққа әкеліп тастайды ғой енді. Қазір қарап отырсам, балалардың керісінше, сабаққа қатысуы, белсенділігі артты. Сабаққа тап-тұйнақтай болып дайындалып келеді, таңертеңнен өздерін жақсы сезініп, сабаққа қатысып отырады. Бұл әрине, олардың дәрісті жақсы қабылдауына, игеруіне әсер етеді.

- Бала тәрбиесіне қатысты ата-ананың жауапкершілігін арттыру бүгінгі қоғамның күн тәртібіндегі маңызды мәселе.  Осы тұрғыда кейбір ата-ананың бала тәрбиесінде толықтай мектепке сеніп алғаны да жасырын емес. Бала тентектік жасаса, қоғам өре түрегеліп мектепті кінәлап жатады.

- Ия, бұл енді әуел бастан келе жатқан проблема ғой. Ата-аналар жиналысына келмек тұрмақ, баласының оқу үлгеріміне қызығушылық танытып, сұрамайтын да ата-аналар бар, өкінішке орай.

Қазір мектептерде оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен әзірленген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы енгізілді. Оның аясында барлық білім беру ұйымдарында ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары құрылды. Бұл мектеп мұғалімдері мен ата-аналардың диалог құратын өзіндік алаңына айналды. Осы жерде біз мәселелерді талқылап қана қоймай, психологтармен бірлесе отырып, ата-аналарға әдістемелік көмек көрсетеміз. Бұл да мойындау керек, өзінің нәтижелілігін көрсеткен жоба болды. Оның арқасында ата-ана мен мектеп ұжымының ынтымақтастығы артып, олардың баласының мектептегі өміріне араласуы артты.

Баланың тұлғалық қалыптасуы өзіміздің қолымызда. Біз қазір қандай үлгі-өнеге көрсетсек, бала соны бойыңа сіңіріп өседі. Сондықтан баланың тәрбиесін бірінші кезекте оның тал бесігі – отбасынан талап ету керек.

- Ашық сұқбатыңызға алғыс білдіремін.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға