Жаңалықтар

Гүлзат Көбек: Қазір экранның визуалды тілі пайда болды

Гүлзат Көбек: Қазір экранның визуалды тілі пайда болды
Фото: facebook.com/gulzat.kubek 12.09.2024 13:07 4181

Бүгін – Қазақ киносының күні. Осындай дата белгілеуді 2005 жылы белгілі кинотанушы Бауыржан Нөгербек ұсынған еді. Бұл кезде ол Қазақстан Кинематографистер одағының басшысы болатын. Содан бері 12 қыркүйек Қазақ киносының күніне айналды.

Негізі, ұлттық киномыздың тарихы «Амангелді» фильмінен басталады. Қазақтың бұл алғашқы дыбыстық кинотуындысы 1938 жылы түсірілген. Ал 1941 жылы 12 қыркүйекте Алматы көркем фильмдер киностудиясы құрылды. Яғни бүгінгі дата осы күнге негізделген. Айта кетейік, бұл Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының бастау бұлағы болған ұйым еді.  

Ал 1960-1970 жылдар ұлттық киномыздың дәуірлеу кезеңі болды десек, әсте де қателеспейміз. Бұл тұста ел алдыңғы ашаршылықтан, саяси қуғын-сүргіннен, сосын соғыстан енді еңсесін түзеп, ол күннің адамдары үшін нағыз бір әдемі уақыт басталған еді. Жақсы өзгерістер де бой көрсетіп жатты. Соған сай әдебиет пен мәдениетте де тың тербеліс пайда болғаны белгілі. Киноның да көсегесі көгерді. Әлі күнге дейін тамсанып айтатын «Қилы кезең»,  «Атамекен», «Қыз Жібек», «Менің атым – Қожа», «Тұлпардың ізі», «Көксерек» сияқты нағыз ұлттық нақыштағы жауһар туындылар – сол жылдардың жемісі әрі жеңісі.

Ал қазір біз ұлттық нақыштағы жаңа фильмдер көре алып жүрміз бе? El.kz тілшісі осы мәселе төңірегінде киносыншы, өнертану PhD докторы Гүлзат Көбекпен әңгімелескен еді.

El.kz: Сіздіңше, ұлттық кино деген не? Бұл ұлттық стиль ме әлде оның өзге анықтамасы бар ма?

Гүлзат Көбек: Ұлттық киноның ішкі мазмұны ұлттық дүниетанымға негізделеді. Болмыс ерекшелігі. Наным-сенімдері. Ойлау жүйесі. Қалыптасқан таным-түсінігі. Салт-дәстүрі. Тұрмыс-тіршілігі. Тарихи тағдыры.  

Фильмде бұлар әртүрлі дейгейде ашылуы мүмкін. Бірі ұлттық сана, ойлау жүйесіне, ерекше қасиеттеріне акцент қояды. Екіншісі ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүр мен ұлттық нақыштарға басымдық береді.

Ұлттық кинодағы ең басты фишка – онда ұлттық рух сезіліп тұруы керек. Кейіпкерлерге қазақы шапан, сәукеле кигізіп сыртын әдемілеп көркемдеп қойғанмен, фильмнің ішкі табиғатынан ұлттық рух сезіліп тұрмаса, бәрі бекер.

Стиль жеке шығармашылық тұлғаның қолтаңбасымен қалыптасады. Ұлттық тәрбиені терең сіңіріп өскен тұлға қазақы танымдағы бояуы қанық дүниелер тудырады.  

El.kz: «Ұлттық стиль ме?» деп сұрап отырғаным, Жапония, Италия, Франция сияқты елдердің тек өздеріне тән нақыштары көзге ұрып тұрады. Солардың туындысы екенін айтпай-ақ тани аласыз. Бәлкім, осыларды нағыз ұлттық деп айтуымыз керек шығар?

Гүлзат Көбек: Ұлттық стильді жекелеген тұлғалар мен белгілі бір буын өкілдері дүниетанымдары арқылы қалыптастырады. Қазақ киносында, мысалға, Шәкен Аймановтың «Атамекен» фильмі тұнып тұрған қазақы таным.

Туған жердің маңызы, жақыныңның сүйегі ата-бабаңның кіндік қаны тамған өз туған елінің топырағына жерленсе, рухы тыныштық табады деген тәрбиемен сіңген қазақы таным-түсінік дәл осы «Атамекен» фильмінде ашылған.

Сұлтан Қожықовтың «Қыз Жібек» фильмінде де ғасырлар бойы қалыптасқан қазақы салт-дәстүр суреттелді. Құдаласу саясаты – тегіне қарай таңдау жасау дәстүрін көрсетті. Сонымен қатар рушылдық мәселесін ашты.   

Кез келген ұлтқа тән болмысты зерттеу маңызды. Әр ұлт өзіне сыни көзқараста қарай білсе, рухы шыңдалады. Қажетсіз де түсініктер мен дәстүрлерден заманның талабына қарай арылып отыру керек.

Ұлт өкілі ретінде адами ұстанымдарымызбен ғана рухымыздың мықты екенін көрсете аламыз. Менің түсінігімде рухы мықты қазақ дегеніміз – еркін ойлы, адамшылдығы жоғары, өз ісіне адал әрі батыл шешім қабылдай білетін пейілі кең тұлға.   

El.kz: Айтып отырған тақырыбымызды осы тұрғыдан сипаттайтын болсақ, біз соңғы отыз жылдан астам уақытта ұлттық киноны айызымыз қанып көрдік деп айта аламыз ба?

Гүлзат Көбек: Отыз жылда жарық көрген фильмдердің ішінде – «Жансебіл», «Қызжылаған», «Айналайын», «Оралман», «Жерұйық», «Алмас қылыш», «Мұстафа Шоқай», «Әміре», «Құнанбай», «Жұлдыздар тоғысқанда», «Томирис» фильмдері – ұлттың тарихи кезеңдері мен жекеленген тұлғаларының тағдырын ашып бере алған мазмұнды туындылар.

Айызымызды қандырған авторлық фильмдер де бар. «Соңғы аялдама», «Әкем екеуміз», «Қожайындар», «Шал», «Тойтарылғандар», «Тұлғалық өсу тренингі» – отыз жыл көлеміндегі ұлттық сананың деңгейін, қоғамның ішкі көңіл-күйі мен шындығын шынайы ашып бере алған фильмдер.

Егер экрандағы өз болмысымызға көңіліміз толмаса, демек, шынайы өмірдегі бейнемізді қалағанымыздай қалыптастырудың таңдауы қашан да бар.

Суреткерлер бар болғаны өмірден қабылдаған материалдарды қорытады. Дүниетанымына сай дүние тудыруға ғана қабілетті. Кино – бейнелі түрде айтқанда, монтаждалған өмір.             

El.kz: Өз басым ұлттық нақышты тарихи кинолардан ғана көремін. Ал қазіргі кезең туралы жаңадан шыққан фильмдерде кейіпкерлердің орысша сөз араластыруы тіпті көбейіп кетті. Көркем туынды деген бірыңғай тілде шығарылуы керек емес пе? Тек шетелдік кейіпкер болса ғана оны өз тілінде сөйлетіп... Ал бізде қазақтар да өз білген тілінде сөйлеп жүреді. Осы не сән?

Гүлзат Көбек: Дұрыс айтасыз. Әркім өз тілінде сөйлеуі керек. Тіл табиғи жолмен ғана жойылады. Өз тілінде сөйлеуге өзінің зауқы жоқ ел тілім жойылды деп ешкімге өкпе артпауы керек.

Фильмнің бірыңғай тілде түсірілгені – сауаттылық. Не таза қазақша, не таза орысша. Аударма жасау – кәсібилік.

Ал кинода әркімнің өз тілінде сөйлеуі – сәннен бұрын, қалыптасқан үрдіс. Режиссерлер де фильм өмірдегідей шынайы шықсын деген тәсілмен сценарийді солай жаздырады.

Үрдісті де өзіміз қалыптастыратынымыз ақиқат болса, онда фильм түсіретін авторлар өз тараптарынан жауапкершілікті сезінуі керек.    

El.kz: Иә, бұл шынайы көрінеді, сондықтан көрерменге ұнайды деген уәж бар. Боқтық сөзді көп қосудың да сондай «сыры» бар деушілер шықты. Сонда көркем фильмде анайы сөз айтылмаса, арасында өзге тілді қыстырып отырмаса, ол қызық болмай ма? Ондай киноны ешкім көрмей қоя ма?

Гүлзат Көбек: Өмірде ашық болмаса да көп адам оңашада боқтайды. Бұл –эмоция, ішкі қысым, агрессия шығарудың формасы. Бірақ адамда ақыл және сана бар. Яғни режиссерлердің бейәдеп сөздерді өз фильмінде ашық жария етпеуге де мәдени таңдауы мен құқығы бар.

Прокаттағы коммерциялық фильмдерде анайы сөздер көп қолданылады. Өзіңіз айтқандай, көрерменге шынайы әрі қызықты болсын деген тәсіл болуы да мүмкін. Ақша өзімдікі деп жауапкершілік сезінбегендіктің салдары да болуы мүмкін.  

Бүгінгі күні ересектер ғана емес, қоғамда балалар да көп боқтайды. Ересектер білгенін істесе, балалар көргенін істейді.

El.kz: Меніңше, үлкен экран болсын, телевизия болсын, адамды тіл тазалығына, мәдениеттілікке үйретуі керек. Мысалы, қазіргі кішкентай балалардың «Балапан» арнасының тілімен таза қазақша сөйлеп жүргенін байқаймын. Ал кино саласында бәрі кері кетіп барады. Бұл тұрғыда сіз не дейсіз?

Гүлзат Көбек: Әлемнің жаһандық түсі, келбеті өзгеріп кетті. Ұлттық шеңберге сыймайтын адамзаттық қоғам қалыптасуда. Әлеуметтік желі әлемге барлық есікті айқара ашты. Визуалды цифрлы әлемнің жақсы да жақтары бар. Түсінісетін ортақ бейнелі тіл пайда болды. Бұл -  экранның визуалды тілі.

Балаларды шынымен де экран тәрбиелеп жатыр. Тілі ағылшынша шығып жатқан балалар бар. Қазіргі балалар туа салып телефон сұрайды. Ютубтан көретін мультфильмдері мен контенттерінің көбі – ағылшынша,  орысша.

«Қазақ анимациясы бәсекеге қабілетті ме?!» деген заңды сұрақ туады. «Балапан» арнасы да өз үлесін қосты. Дегенмен, балалар аудиториясының қызығушылығы мен назарын ұстап тұра алатын, рухани сұранысын өтеп жатқан қазақша контент жеткіліксіз.

Қазақ киносы балалардың әлемін ұмытқалы қашан?! Бір Қожаны алпыс жылға жуық жырладық. Бүгінгі балалардың қалауы мен сұранысы басқа ғой. Кейінгі түсірілген фильмдердің көбі әлеуметтік тақырыптардың көлеңкесінде қалған балалар әлемі. Бұл да – диагноз.

El.kz: Бөтен сөз араластыру жайын бұлайша көп тықақтап сұрап отырғаным, ұлттық киноның бір және бірегей ерекшелігі таза тілде болуы керек емес пе еді?

Гүлзат Көбек: Әрине, ұлттық кино сол ұлттың ана тілінде түсірілуі керек. Ұлттық кино сол мемлекеттің қаржысын игеруі керек.  Ұлттық киноға сол елдің кәсіби мамандары қызмет етуі тиіс. Ұлттық кино сол ұлттың рухани сұранысын өтеуге міндетті.

Фильмге аударма жасаудың мүмкіндігі қашан да бар. Тіл тазалығын сақтау өзімізге байланысты.

Кино өнері ғана емес, біздің қоғам жалпы шұбар тілді. Фильм авторлары да қазақ тілінің тазалығын сақтауға мүдделес болуға міндетті деп есептеймін. Қалай бар солай экранға шығара салу емес, кино өнерінің табиғаты шындықты көркемдеуден тұрады.

Көп тіл білу – мүмкіндік. Өз тіліңде сөйлеу – өзіңе деген құрмет. Ешбір ұлт бір-бірінің тілін кемсітпеуге тиіс. Ол – жоғары мәдениет.

El.kz: Қазір бәрін заңмен реттеп жатырмыз ғой. Бәлкім, «Кинематография туралы» заңға да осы түйткілді жөнге келтіретін түзетулер енгізу керек шығар?

Гүлзат Көбек: Кез келген фильм таза бір тілде не қазақша, не орысша түсірілуі керек деген талап айқын болса, авторлар орындайды.

Араластырып қолдану үрдісін жалғастыра берсек, әрине, уақыт өте тіл тазалығын жойып жібереді. Дағды үрдіс қалыптастырады. Кез келген үрдістің нәтижесі болады.

Барлығына заң шығара берсе, адам рұқсатсыз ауа жұта алмайтын қоғамға айналатын шығармыз?! Тіл – туа бітті табиғи жолмен шығады.

Кез келген адамның өз ана тілінде сөйлеуге толық құқығы бар. Заң шығаратын ол бір қылмыс жасау түрі емес. Тіл – зорлықпен емес, махаббатпен сөйлесе көркем.

Сол сияқты боқтық сөздерді де заңмен тыю кейде мүмкін емес. Қысымды қысыммен жеңемін деу жағдайды ушықтырып жібереді. Күнделікті сөздік қорынан оның орнын басқа тым анайы естілмейтін сөзге ауыстыру арқылы ғана әркім өзін қайта тәрбиелеп көруіне болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға