Жаңалықтар

Гүлнар Аренова: «Рухани жаңғыру ісінде музейлердің алатын орны ерекше»

105 мыңнан астам жәдігері бар мұражай
Гүлнар Аренова: «Рухани жаңғыру ісінде музейлердің алатын орны ерекше»
25.04.2019 10:16 8042

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Тарихи сананы жаңғырту мақсатында музейлерді құру туралы ерекше атап өткен болатын. Осы мақала аясында Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Гүлнар Ареновамен әңгімеміз өңірдің тарихи-мәдени нысандары мен музей саласы жайлы тақырыптар төңірегінде қозғалды.

 

–​ Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі саласындағы мұралардың зерттелуі мен олардың сақталуы қандай деңгейде?

–​ Музей қызметкерлері ғылыми-зерттеу және ғылыми жинақтау жұмыстарын ҚР Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүргізуде. Айта кетсек, Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі Ә.Марғұлан атындағы археология институтының «Түркістан археологиясы: ежелден Қожа Ахмет Ясауиге дейін» гранттық тақырыбы бойынша жүргізіліп жатқан археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысып,  қазба барысында қаланың қорғаныс қабырғасында стратиграфиялық қазба жүргізіліп, қабырғаға іргелес сәулет конструкциялары зерттелді. Сонымен қатар, қазба барысында табылған олжаларды камералды өңдеу жұмыстары жүргізілді.

Фото: Тәуелсіздік мерекесінде Елбасының "Құрмет грамотасымен" марапатталған сәті

Сарыағаш ауданында орналасқан Мыңтөбе қорымында жүргізілген барлау жұмыстарына қатысып,  қазба барысында қорғандардан керамикалық ыдыстар, әшекей бұйымдар мен темір тоғалар табылды.      

А.Н.Подушкин жетекшілік ететін Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті(ОҚМПУ) археологиялық экспедициясы құрамында Ордабасы ауданы, Сарыарық ауылының маңындағы Қылышжар қорымында жүргізілген экспедициясына қатысты. Экспедиция барысында  Бадам-Арыс өзендерінің бойындағы археологиялық ескерткіштерді зерттеу жұмыстары жүргізіліп, өлкеміздің ежелгі тарихы туралы жаңа тарихи-мәдени мәліметтер жинақталды.  

Тарихи құнды деректер құжаттары жинақталып, музей қоры толықтырылуда

Созақ ауданындағы «Таңбалы тас ескерткішіне археологиялық тұрғыдан кешенді зерттеу және қазба жұмыстарын жүргізу» кіші жобасының орындалуын бақылау мақсатында «Мәдени мұра» ғылыми-зерттеу орталығымен бірлесіп музей қызметкері А.Ержигитова іс-сапарға шығып зерттеу жұмыстарын жүргізді. Жобаның орындалуы барысында табылған 296 олжалар мен ғылыми есебі музейге  қабылданды. Қазіргі таңда қабылданған олжалардың ғылыми құжаттары дайындалуда.

ОҚМПУ археология орталығымен бірлесіп (жетекшісі А.Н.Подушкин) Төлеби ауданы Өгем шатқалында орналасқан Үшбастөбе қалашығында жүргізілген қазба жұмыстарына қатысты. Бұл қалашық Сайрам-Өгем Мемлекеттік Ұлттық табиғи паркінің территориясында орналасқан. Қазба жұмыстары барысында бірқатар қыш ыдыстар, сүйектен, тастан және металдан жасалған тұрмыстық бұйымдар мен жебе ұштары табылды. 

Сонымен қатар, Ә.Марғұлан атындағы  Археология институты Мардан-күйік қорымынан табылған 16 олжаны музей қорына тапсырды. Сондай-ақ, заманынан озып туған дарын иелерінің, өнердегі ұлы тұлғалар мен халқымыздың дара перзенттерінің тарих беттерінде қалған іздері, ғылымда, өнерде қол жеткізген табыстары, тарихи құнды деректері туралы құжаттары жинақталып, музей қоры толықтырылуда.

 

–​ Музей саласы бойынша мемлекеттік бағдарламалар аясында  қандай жобалар іске асырылуда?

–​ Қазақ халқының шежірелі тарихының сүбелі бөлігін құрайтын оңтүстік өлкесінің табиғаты мен тарихын, ежелден желісі үзілмей жеткен  салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын, мәдениеті мен өнерін паш ететін жәдігерлерді жинақтап, сақтап, бұқара халыққа таныстырып, кеңінен таратып, болашақ ұрпаққа насихаттап келе жатқан қазіргі Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің  негізі 1920 жылы құрылған. 2014 жылы ашылған бұл музейдің ғимараты заман талабына сай салынып, оны ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев телекөпір арқылы ашқан болатын. Егемен еліміздің жетістіктерін, ұлттық мәдениетіміз бен құндылықтарымызды насихаттауда ұрпақ тәрбиесінде маңызды орынға ие облыстық музей бүгінде өлкемізге алыс-жақыннан келіп-кетіп жататын қонақтар мен жергілікті қауымның игілігіне айналып отыр.

Республикамыздағы алғашқы құрылған музейлердің бірі саналатын облыстық музейдің бүгінгі таңда 105 мыңнан астам жәдігерден тұратын қоры бар. Әрбір жәдігер өткен тарихымыздан сыр шертеді. Жәдігерлердің әрқайсысын 99 жыл бойы музей қызметкерлері бір даналап жинақтап, келешек ұрпаққа аманат етіп қалдырып келеді. 

Тәуелсіздік алғаннан бері ұлттық мәдениетімізді дамытуда мемлекет тарапынан қаншама маңызды қадамдар жасалуда. Бүгінгі күні ғылыми және мәдени ортада зор серпіліс туғызып, қоғамымызды рухани жаңғыртуда маңызды рөл атқарып келе жатқан Елбасының бастамасымен қабылданған «Мәдени мұра», «Халық – тарих толқынында» бағдарламаларын айтуға болады. Осындай мемлекеттік маңызы зор игі шаралардың жалғасы ретінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын атап өтуге болады. Елбасымыз бұл мақаласында дәуіріндегі қазақстандық мәдениеттің бүгіні мен болашағына үлкен мән береді: «Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз. Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы сая­сат­тағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек», - деген болатын.

Рухани жаңғыру ісінде музейлердің алатын орны ерекше

Халықтың рухани дамуының бірден-бір мүмкіндігі өмір болмысын халық тағдырын бейнелейтін мәдени ошақтардың басты саласының  бірі – музей саласы екені белгілі. Халықтың рухани қоры негізінен музейлерде шоғырланған. Сол себепті рухани жаңғыру ісінің ең негізгі арсеналы – музейлер деп айтуға болады. Сондықтан рухани жаңғыру ісінде музейлердің алатын орны ерекше.

Осыған орай, мақалада көрсетілген бағдарламаларды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында көзделген жобаларды іске асыру мақсатында облыстық тарихи-өлкетану музейі  тарапынан бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылып келеді.

Атап айтар болсақ, 2017 жылдың 12 мамырында Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде өткен «Музей қызметін инновациялық дамыту мен ақпараттандырудың өзекті мәселелері» атты республикалық форумға қатысты. Осы форум аясында Елбасының аталған мақалада айтқан идеяларын жүзеге асыру мақсатында «Республикалық өлкетанушылар одағы» құрылды. Түркістан тарихи-өлкетану музейі Одақтың құрылтайшылар құрамына сайланды. Қазіргі таңда музей Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі жанынан ашылған «Киелі Қазақстан» өлкетануды дамыту орталығымен тығыз байланыста жұмыс жасауда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастамашылық еткен жаңа идеологиялық жобалар, оның ішінде, бүкіл халыққа жақын, жалпы ұлттық киелі жерлерді халық санасына қалыптастыруға бағытталған – «Киелі жерлер георафиясы» жобасын жасау жұмыстарына қатысуда. Атап айтар болсақ, «Киелі Қазақстан» өлкетануды дамыту орталығының тапсырмасы бойынша оңтүстік өлкесінде орналасқан ел-жұрт тағзым етіп,  сыйынып баратын киелі орындар тізімі, фотосуреті, қысқаша анықтамасы және жергілікті өлкетанушылар туралы мәлімет дайындалып, жіберілді. 2017 жылдың 26 мамырында Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамидиұлы, тарихшылар, өлкетанушылар, музей мамандарының қатысуымен өткен «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы сараптамалық тобының мәжілісіне және  «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы»  жобасы сараптамалық тобының республикалық форумына қатысты. Түркістан облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының бұйрығымен  қасиетті жерлердің тізімін қалыптастыруға ұсыныстар әзірлейтін тарихи-өлкетану музейі, тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталық, кітапхана, жергілікті тарихшы ғалымдар мен өлкетанушылардан құралған өңірлік жұмыс тобы құрылды.  Жұмысшы топпен бүгінде өңіріміздегі 104 қасиетті, киелі саналатын орындардың тізімі жасақталып, тиісті мәліметтерімен қоса ҚР Ұлттық музейі жанынан құрылған «Қасиетті Қазақстан» орталығына ұсынылды. Осы орындардың ішінде 26 объект  республикалық сарапшылар кеңесінің шешімімен жалпыұлттық маңызы бар қасиетті киелі орындардың тізіміне енгізілсе, қалған 78 объект жергілікті маңызы бар қасиетті орындарға жатқызылып отыр. Қасиетті нысандардың тізімі кең ауқымды ашық диалог жолымен ғалымдар мен өлкетанушылардың, ардагерлер кеңесі, сондай-ақ, жалпыжұртшылықтың пікірі ескеріле отырып жасалды.

Музей «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын негізге ала отырып, ежелгі заманнан кәзіргі кезге дейінгі ел тарихын, ұлттық салт-дәстүр, рухани мәдениетімізді халыққа, болашақ ұрпаққа насихаттау жолында еңбек етіп келеді. Осы мақсатта облыс көлемінде ірі іс-шаралар, семинар, кездесулер ұйымдастырылуда. Осы ретте облыстың қоғамдық-саяси және мәдени өміріндегі музейлердің рөлін күшейтуге, халық қазынасы – музей жәдігерлерін сақтауға, зерттеуге, кеңінен насихаттауға, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге ықпал ету, аудандық, қалалық музейлердің жұмыс сапасын арттыру, музей ісінің музейаралық үйлестірілуін қалыптастыруға алғы шарт жасап, музей жәдігерлерін жинақтау, сақтау, жаңғырту мәселелері бойынша алдыңғы қатарлы тәжірибелердің кеңінен таралуына септігін тигізіп, музей қызметкерлеріне осы мәселелер бойынша бағыт-бағдар беру мақсатында облыс музейлерінің арасында өткізілген «Музейлер шеруі» байқауын атап өтуге болады. Байқау 2 айға созылып, оның жеңімпаздарын марапаттау салтанаты 18-мамыр Халықаралық музейлер күнінде өткізіліп, жеңімпаздарға қомақты қаржылай сыйлықтар табысталды.

Сондай-ақ, өлкетану жұмыстарын жандандыру, туған жердің рухани құндылықтарын  анықтау, зерттеу және  насихаттау, жас  ұрпақтың бойына патриоттық, туған жерге деген сүйіспеншілік, отансүйгіштік сезімдерін қалыптастыру, туған өлкедегі қасиетті де киелі мекендерді қастерлеу, қорғау,  абаттандыру мен зиярат жасауға жағдай туғызу мақсатында облыстық, аудандық, қалалық музейлер арасында өткізілген экскурсия жүргізушілерінің  «Менің туған өлкем» атты байқауы  өткізілді. Байқауға облыстың 25 музейлері  қатысты. Байқаудың белгіленген шарттары бойынша оңтүстік өңірінде орналасқан  Түркістан облысы киелі жерлерінің тізімі бойынша экскурсиялық түсірілімді яғни, киелі нысан туралы ел аузындағы аңыз-әңгімелерді баяндай отырып, ұзақтығы 3-5 минуттық 27 бейнероликтер дайындалып, көрсетілді.

Музейдің ғылыми мәдени-білім беру ордасы ғана емес, сонымен қатар, барлық халықтың кешкі және түнгі қолы бос уақыттарын тиімді өткізуге арналған тартымды және көпшілікке кең танымал мәдени-көпшілік орын екендігі туралы ұғым қалыптастыру мақсатында «18-мамыр Халықаралық музейлер күні» қарсаңында «Музей түні» біркүндік акциясын өткізді. Акция  сағат 10:00-24:00 аралығында жұмыс жасап, келушілерге тегін қызмет көрсетті. Акция барысында музейге келуші көрерменге яғни, жас ерекшелігіне байланысты, бала-бақша тәрбиеленушілеріне және қалалық мектеп оқушыларына, ересектерге арналған арнайы бағдарламалар жасалды. Мұнда келушілер үшін музейдің экспозиция залдарына, музей қорындағы құнды жәдігерлер коллекцияларының көрмелеріне тегін шолу экскурсиясы, жас өспірімдер орталығының концерттік бағдарламасы, «Оңтүстік цирк» ұжымының, Қуыршақ театырының  қойылымы, танымдық-викториналық ойындар және «САҚ» киностудиясы түсірген анимациялы фильмдер көрсетіліп, қолөнершілердің, балалар көркемсурет мектебі ұстаздарының  шеберлік сабақтары өткізіліп, кешкі уақытта келушілерге ерекше әсер қалдыру мақсатында шамның жарығымен экскурсия жүргізіліп, оңтүстік өлкесі жайлы үздік аңыз-әңгімелер және түнгі музейдегі селфи байқауы ұйымдастырылды. Бір күнде музейге келушілер саны 10 000-нан асып отыр.

Сонымен қатар, бағдарламалық мақала аясында музейде және музейден тыс жерлерде көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтар болсақ өңірдегі белгілі этнографтардың қатысуымен «Руханият – ұлт діңгегі», «Қоғамдық сананы жаңғыртуды жүзеге асырудағы музейлердің рөлі» атты  облыстық семинар-кеңес,  «Халық мұрасы – халық қазынасы» атты іс-шара,   «Туған жер» бағдарламасы аясында облыстағы жалпы орта мектеп оқушыларының қатысумен «Музейде бір күн» акциясы, мақаладағы  көзделген мақсаттарды жүзеге асыру мақсатында Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша «Қасиетті Қазақстан» орталығының директоры Берік Әбдіғаниұлымен орталық қызметкерлерімен  кездесулер, іс-шара, семинарлар өткізілді.  

Төрт кіші бағдарламаның бірі — «Атамекен» бағдарламасы аясында «Туған жер» арнайы жобасы бойынша облысқа танымал, ғылым, білім, экономика, ауыл шаруашылық, мәдениет, әдебиет, спорт, денсаулық және т.б салалар бойынша еңбегі сіңген азаматтармыздың болашақ ұрпаққа өнегелі өлке азаматтарының өмір жолы және еңбектерімен  таныстыра отырып, елін қорғап, туған жерін сүйетін ұрпақ тәрбиелеу мақсатында Түркістан облысының 85 жылдығына арналған «Музейге сый тарту» акциясы өткізілді. Аталған акция нәтижесінде музей қорына 1067 жәдігер жинақталды. Аталған акция барысында 8-наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай музей қабырғасында «Ана – тіршілік мәні, өмір сәні» атты көрме жасақтап, «Қанатты әйел – ел мақтанышы», ҚР Қарулы Күштерінің 25 жылдығы және Түркістан облыстық Ардагерлер Кеңесінің құрылғанына 30 жыл толуына орай «Егеменді ел қорғаны - Қарулы Күштер», «Бейбіт күн жасасын әлемде» атты көрмелер жасақталып, «Өнегелі өмір, Өшпес мұра» іс-шаралары ұйымдастырылды.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын іске асыру барысында музей Түркістан облыстық «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өңірлік жобалық офисіне түрлі бағыттар бойынша 6 жоба ұсынды. Атап айтар болсақ, «Рухани қазына» кіші бағдарламасы «Қасиетті Қазақстан» базалық бағытының аясында іске асырылатын «Түркістан облысы, Созақ ауданынында орналасқан – Таңбалы тас ескерткішіне археологиялық тұрғыдан кешенді зерттеу және қазба жұмыстарын жүргізу» кіші жобасы ұсынылып, Астана қаласындағы  жобалық офисіндегі сарапатамалық кеңесімен мақұлданды. 2018 жылдың маусым айынан бастап жалпыұлттық маңызы бар қасиетті орындардың тізіміне енгізілген Созақ ауданындағы «Таңбалы тас» тарихи орнына ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді.

Екінші жоба «Рухани қазына» кіші бағдарламасы «Туған жер – Туған ел» базалық бағыты аясында іске асырылатын «Музей – құндылықтар ордасы» кіші жобасы. Жоба аясында ел санасының тарихи жадысының негізгі шаңырағы болып саналатын, Қазақстан Республикасы бойынша байырғы музейлердің бірі – Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің тарихы  тұтас 1 ғасырды қамтитын, музей тарихының алтын парақтарын Түркістан облысы тұрғындарының назарына ұсыну арқылы олардың әрқайсысының рухани жаңғыруын қамтамсыз ету мақсатында қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде  «Музей – құндылықтар ордасы» кітабы, «Заман ағымы. Поступь времени», «Музей қорындағы құнды жәдігерлер» каталогын басып шығару. Аталған жоба облыстық сараптама кеңесінің алдында қорғалып, бір ауыздан қолдауға ие болып, баспадан шығарылды. Сондай-ақ, жыл көлемінде Түркістан облысының киелі жерлерінің тарихымен таныстыру, насихаттау жəне мол тарих пен құнды деректерге бай мекеннің қадір-қасиетін барынша ашып көрсету мақсатында «Түркістан облысының киелі жерлерінің географиясы», «Халық мұрасы-халық қазынасы» жобалары жүзеге асырылуда. Аталған жоба аясында музей қызметкерлері тұрақты және көшпелі көрмелер, іс-шара, кездесулер өткізуде.

Сонымен қатар, музей қызметкерлерінің жыл бойы жемісті еңбек етіп, халыққа сапалы қызмет көрсетудегі атқарған еңбегі еленіп, 2018 жылдың 15 қаңтарында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы аясында Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына арналған ІІ, III  республикалық форумда бір топ өлкетанушылар, музейдің археология бөлімінің меңгерушісі Ержигитова Айсұлу «Үздік өлкетанушы» естелік медалімен марапатталды. Сондай-ақ, облыстық музей директорлары мен басқа да мәдениет қызметкерлері Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің Құрмет Грамотасы мен Алғыс хаттарына ие болды.

 

– Бауырлас Түркия елінде болып қайттыңыз. Ондағы тарихи-мәдени нысандар мен музейлер жайлы ой-пікіріңіз қандай?

​ Үстіміздегі жылдың 14-20 сәуір аралығында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы аясында Түркия Республикасына іс-тәжірибе алмасуға бару мүмкіндігіне ие болдым. Осы ретте «Қасиетті Қазақстан» орталығының директоры Берік Әбдіғалиұлына, Түркістан облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Нұрдәулет Еркінұлы Исабекке, сондай-ақ Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігі және ТİKA Халықаралық ұйымына алғысымды білдіремін!

Түркия – көркем теңіз жағалауы мен жағажайлары бар керемет ел. Сонымен қатар, бұл шағын аумақ әр түрлі мәдениеттер мен өркениеттердің бай мұрасын, олардың даналығы мен сұлулығын оңай сыйдыратын ел. Тіпті ең тартымды саяхатшы Түркияның сәулет, тарихи және табиғи көрікті жерлерінің арасында оны бей-жай қалдырмайтын және мәңгі жүректі бағындыратын нәрсе табады.

Іс-сапар барысында Анкара, Конья, Невшехир қаласы және Каппадокия жерлерінде болып, ондағы тарихи орындармен танысу мүмкіндігіне ие болдық. Түркияда музей саласы туризмнің өзегіне айналған. Бізге де осы саланы ары қарай дамыту бойынша жұмысымызды жалғастыруымыз керек.

Түркия мемлекетінен Түркістан облысына арнайы келіп жатқан делегациялары музейде қонақта болып, қазақ мәдениетімен танысып көне тарихымыз бойынша түркілік рухани құндылықтарымызды, достығымызды қайта жаңғыртып, болашақ ұрпаққа мұра қалдыру, мызғымас бауырластығымызды одан әрі дамытуға ықпал етуде. Түркия мемлекетінің рухани бай мұрасынан әсіресе музей саласынан алар тәжірибелеріміз мол деп ойлаймын.

 

– Мұражайлардағы құнды жәдігерлердің ғылыми тұрғыдан зерттелуі қандай жағдайда? Өлкетанушылармен байланысыңыз қандай?

 Мұражайлардағы құнды жәдігерлердің ғылыми тұрғыдан зерттелуі жоғары дәрежеде жүргізілуде. Ережеге сай, музей қорына қабылданған жәдігерлер ғылыми тұрғыда зерттеліп, есепке алынып, толық құжаттандырылуда.

«Өлкенің тарихы – өткеннің қазынасы» атты Кіші жобасы аясында өлкеміздің тарихшы және өлкетанушылармен кездесу іс-шаралары ұйымдастырылды. Қазіргі таңда «Түркістанның тұнған шежіре тарихы» атты өлкетанушылар құрылтайын ұйымдастыруға атсалысып, республика көлеміндегі өлкетанушылармен байланыс жүргізілуде. Музей қорын толықтыру, көрме және музей экспозициясын жасақтау мақсатында өлкеміздің өлкетанушыларымен тығыз жұмыстар  атқарылуда.

 

– Түркістан облысында музей саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында қандай іс-шаралар атқарылып жатыр?

 Уақыт талабына сай жұмыс атқаруы үшін және біліктілігін жетілдіріп, іс-тәжірибе алмасу мақсатында семинар-практикумдарға, форумдарға музей қызметкерлерін қатыстыру дәстүрге айналған. Атап айтсақ:

  • -2012 ТМД елдері арасындағы жетекші мұражай қызметкерлерінің «Мұражайды басқару: саясатты өңдеу мен тәжірибелік реттеу» атты ЮНЕСКО/МӨМ аумақтық тақырыптық тренингіне,

  • -2013 жылы Алматы қаласында ТҮРКСОЙ және ИСЕСКО халықаралық ұйымдары өткізген Орталық Азия Республикаларының музей мамандарына арналған «Орталық Азия музейлері: дәстүр және жаңашылдық» тақырыбында семинар-практикумына,

  • -2013 жылы Астана қаласында ЮНЕСКО тарапынан өткен мәдениеттерді жақындастырудың Халықаралық оңжылдығының ашылуына байланысты Халықаралық форумына,

  • -2013 жылы Украинаның Луцк қаласында өткен Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясына,

  • -Ресей Федерациясының Мәскеу қаласында өткен Ресей Федерациясы Мәдениет Министрлігі, ИКОМ Ресей және ИКОМ Қазақстан бірлесіп өткізген «Интермузей 2014» Халықаралық музейлер фестиваліне,

  • -ҚР Мәдениет Министрлігі және «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешенімен бірлесіп ҚР Мәдениет Министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының  қатысуымен музей қызметкерлері арасында өткен  «Мәңгілік елге саяхат» атты  дөңгелек үстеліне,

  • -2015 жылы Астана қаласында өткен «Музей және қоғамның тұрақты дамуы» атты ғылыми-конференциясына,

  • -2017 жылы Астана қаласы ҚР Ұлттық музейінде өткізілген «Музей қызметін инновациялық дамыту жəне ақпараттандырудың өзекті мəселелері» атты Республикалық форумына,

  • -2017 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде өткен «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жүзеге асыру жөніндегі жұмыс тобының Республикалық отырысына,

  • -2017 жылы Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне спорт министрлігі ҚР Ұлттық Академиялық Кітапханасы ұйымдастырған «Оқу əлеміндегі оқырман ұлт» атты Халықаралық симпозиумына,

  • -2017 жылы Астана қаласында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында өткен қорық-музейлер жəне археология ісі жөніндегі көркемдік кеңесінің кезекті отырысына,

  • -2018 жылы Тараз қаласында Жамбыл облысы əкімдігінің мəдениет, архивтер жəне құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен мəдениет қызметкерлеріне арналған «Art Format» атты облыстық семинар-тренингіне,

  • -2019 жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын іске асыру мақсатында ұйымдастырылған ІІІ Халықаралық өлкетанушылар форумына,

  • -2019 жылы  Астана қаласындағы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасы ұйымдастырған Ореn Spase үлгісіндегі «Қазақстандық музей: жаһандану және ақпараттандыру дәуіріндегі идеялар мен шындықтар» атты кәсіби сессияға қатысты.

Сонымен қатар, Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қоғамдық сананы жаңғырту» атты семинар-кеңесі өтіп облыс көлеміндегі музей қызметкерлері іс-тәжірибемен алмасуда.     

 

– Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі музей саласы бойынша қай елдермен байланыс орнатқан?

 Атап айтатын болсақ, 2013 жылы Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі Германияның Бохум қаласындағы тау-кен музейінде еліміздің құнды археологиялық жәдігерлерінен жасақталған «Бейтаныс Қазақстан – Азия жүрегіндегі археология» атты көрмеге қатысып, музей қорындағы 166 жәдігер көпшілік назарына ұсынылған болатын.

Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының рухани-мәдени  көпірі болған Арқайым қалашығының тарихы мен археололиясы жайында «Арқайым – қалалар елі: Кеңістік пен бейнелер» атты халықаралық фотокөрмесінің ашылу салтанаты өтті.

Қола дәуірінің күллі әлемге танымал археологиялық ескерткіштің ашылуының 30 жылдығына, бірегей «Сынташты» мәдени-тарихи кешенінің зерттеле бастауының 45 жылдығына арналған және әлемге «Қалалар елін» ашқан археолог, профессор Геннадий Борисович Здановичтің 80 жылдығына орай көрме ұйымдастырылды.

Көрме Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінде 19 сәуірден 31-мамыр аралығына дейін алыс-жақыннан келген қонақтар мен тұрғылықты халықтың назарына ұсынылатын болады.

 

– Түрлі шығармалар желісімен отандық кинолар түсірілуде. Сол кинолардың қайсысы сәтті шықты деп ойлайсыз?

– Бірнеше фильмді сәтті шықты деп айта аламын. Мәселен, режиссер Сәбит Құрманбековтың «Оралман», режиссер Сатыбалды Нарымбеттің «Аманат», режиссер Ерлан Нұрмұхамбетовтың «Жаңғақ тал» және режиссер Рүстем Әбдрашовтің «Қазақ хандығы. Алмас Қылыш» фильмдері ұнайды.

 

– Қандай кітаптарды оқуға ұсынасыз?

– Оқырман қауымға Болат Жандарбековтің «Сақтар» романын, Сәбит Жолдасовтың «Шежірелі Оңтүстік» монографиясын, Сәкен Жүнісовтің «Аманай мен Заманай» повесін, Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я» еңбегін, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын және Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын оқуға ұсынамын.

 

– Түркістан облысы тарихи-өлкетану музейінің алдағы жоспарлары қандай?

– ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Pухани жаңғыру» мақаласы аясында Түркістан облысының Құрметті азаматтары және Еңбек ардагерлерінен жинақтау жұмыстарын жүргізу, 2019 жылды «Жастар жылы» жариялануына байланысты «Дарынды ұрпақ ел болашағы» атты тақырыпта материалдар жинақтау,  «Қазақстанның 100 жаңа есімі»  жобасының  оңтүстіктегі  жеңімпаздарынан  жинақтау  жұмыстарын  жүргізу.

Сондай-ақ, насихаттау жұмыстары бойынша, Республикалық өлкетанушылар құрылтайын, Түркістан қаласында «Ясауи ұлағаты» атты тақырыпта  ясауитанушылардың  форумын және «Түркістанның тұнған шежіре тарихы» атты түркологтардың форумын​ ұйымдастыру.

18 мамыр - Халықаралық музейлер күніне орай өткізілетін іс-шаралар:​ «Ашық есік» күні қалалық жалпы орта мектеп оқушыларына, «Музей түні» іс-шарасы, жоғары оқу орны студенттеріне, қала тұрғындарына көрмелер, тақырыптық экскурсиялар, викториналар, концерттік бағдарламалар ұйымдастыру​, «Ұлы даланы біріктірген мәдениет» атты Жамбыл облысы Тараз қаласында  жылжымалы көрме, «Музейге сый тарту» акциясы аясында «Өнегелі өмір, өшпес мұра» атты іс-шара ұйымдастыру​.       

Мемлекет қайраткері Т.Рысқұловтың 125 жылдық мерейтойына орай «Алты алаштың ардақтысы» атты ғылыми конференциясы​н және Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында белгілі тарихшылармен «Өңір тарихының зерттелуі» атты тақырыпта дөңгелек үстел өткізу​ жоспарымызда бар.

– Әңгімеңізге рахмет. Шығармашылық табыстар тілеймін!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға