Nazarbayev University

Гүлмира Қанай: «Ғалымдар рак талшықтарын жылдам анықтайтын биосенсор ойлап тапты»

30.03.2026 18:20

Nazarbayev University Қазақстандағы ғылымның дамуына елеулі үлес қосып жатыр. Бұл туралы университеттің вице-президенті Гүлмира Қанай El-Women YouTube арнасына берген сұхбатында айтып, оқу орнының жетістіктеріне тоқталды.

Оның айтуынша, бүгінде Nazarbayev University  ғылыми гранттар мен халықаралық зерттеу жобалары бойынша ел ішінде көш бастап тұр. Мұнда тек теориялық  емес, нақты өмірге әсер ететін зерттеулер жүргізіліп жатыр.

Шындығында, мемлекет тарапынан бөлінетін ғылыми гранттар болсын, халықаралық ғылыми-зерттеу гранты болсын – осы университет, ғылыми қоғамдастық алдыңғы қатарда. Адам өміріне тікелей ықпал ететін жобалар бар, кейбірін көріп жүрсіздер, кейбірі туралы алда жариялаймыз, – дейді ол.

Сарапшы нақты мысал ретінде жаңа материалдар саласындағы зерттеулерді атап өтті. Оның айтуынша, ғалымдар литий-йод негізіндегі батареялар әзірлеп жатыр.

Мысалы, университеттегі INMET ғылыми-зерттеу институтының директоры Жұмабай Бәкеновтың лабораториясында еліміз үшін ғана емес, әлем үшін маңызды жаңалықтар жасалып жатыр. Литий-йодынан жасалатын батареялар – болашақта энергия тиімділігін арттыруға үлкен үлес қосады, – дейді Гүлмира Қанай.

Сонымен қатар университет ғалымдары онкология саласында да маңызды жобалармен айналысуда. Атап айтқанда, қатерлі ісік жасушаларын ерте анықтауға арналған биосенсорлар әзірленіп жатыр.

Онкология бойынша рак талшықтарын жылдам анықтайтын биосенсорлар жасалып жатыр. Бұл – медицина үшін өте маңызды бағыт, – дейді ол.

Әлеуметтік бағыттағы жобалар да назардан тыс қалмаған. Студенттер аутист балаларға көмектесетін жоба әзірлеп жатыр.

Студенттердің аутист балаларға қатысты жобалары бар. Роботтарды пайдаланып, ерекше қажеттілігі бар адамдарға көмек көрсету жолдарын ұсынып жатыр, – дейді Гүлмира Қанай.

 Осылайша, NU вице-президенті Гүлмира Қанайдың айтуынша, университеттің стартаптар жасауға әлеуеті жоғары және бұл Қазақстан үшін маңызды жетістік.