коллаж El.kz

Грин-карта толығымен тоқтады ма?

АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі грин-карта лотереясының жұмысын тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл шешім уақытша ма, әлде бағдарлама мүлде жабыла ма, қоғамда қызу талқыланып жатыр.

Ресми ұстаным: «уақытша тоқтату»

АҚШ билігінің ресми мәлімдемелерінде ағылшын тіліндегі suspends және halts етістіктері қолданылған. Бұл сөздер бағдарламаның уақытша тоқтатылғанын білдіреді. Сонымен қатар АҚШ-тың ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэм де лотереяның дәл қазір, уақытша тоқтатуға қойылғанын растады. Яғни қазіргі сәтте сөз бағдарламаны толық жабу туралы емес, оның уақытша тоқтауы жөнінде болып отыр.

Трамп пен грин-карта лотереясы: бұрыннан бар көзқарас

Дональд Трамп грин-карта лотереясына сын көзбен қарайтынын бұрыннан жасырмайды. 2017 жылы алғаш рет президент болып сайланғаннан кейін де ол бұл бағдарламаны уақытша тоқтатқан еді. Алайда кейін Джо Байден президент сайлауында жеңіске жетіп, пандемия кезеңі аяқталған соң, грин-карта лотереясы қайта іске қосылды. Осы тәжірибеге сүйенсек, лотереяның болашақта қайта жандануы әбден мүмкін. Бірақ үзіліс ұзаққа созылуы ықтимал.

АҚШ-та келесі президент сайлауы 2028 жылдың қарашасында өтеді. Трамп Конституцияға сәйкес бұл сайлауға қатыса алмайды. Сарапшылардың пікірінше, жаңа президент келген соң грин-карта лотереясы қайтадан қалыпты келуі мүмкін. Ал оған дейін бағдарлама бірнеше рет тоқтап, қайта жалғасуы ғажап емес.

Неге дәл қазір тоқтатылды?

Соңғы екі ай ішінде АҚШ-та екі қарулы шабуыл тіркелді. Оның салдарынан Ұлттық гвардияның екі әскери қызметкері және университет аумағындағы атыс кезінде бірнеше адам қаза тапты. Тергеу деректеріне сәйкес, шабуыл жасағандардың барлығы мигранттар еді.

Атап айтқанда, университеттегі шабуылды жасаған адам АҚШ-қа грин-карта иегері ретінде келген Португалия азаматы болған. Осы оқиғалардан кейін Трамп әкімшілігі иммиграциялық саясатты қайта қарау қажеттігін алға тартып, грин-карта лотереясын уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады.

Грин-картаның АҚШ үшін маңызы қандай?

Жыл сайын грин-карта лотереясы арқылы шамамен 55 мың адам АҚШ-та тұрақты тұру құқығын алады. Бұл әлемдегі ең ірі экономикалардың бірі саналатын АҚШ үшін маңызды еңбек ресурсы.

Экономиканың тұрақты жұмыс істеуі үшін жұмыс күші қажет, ал грин-карта лотереясы, әртүрлі елдерден келген адамдарды тартудың бір тетігі. Бұл жүйе еңбек нарығын жаңартып қана қоймай, демографиялық әртараптандыруға да ықпал етеді.

Сонымен қатар грин-карта тек лотерея арқылы ғана берілмейді. АҚШ-та:

  • ғалымдар мен зерттеушілерге,
  • дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне,
  • инженерлер мен ІТ мамандарына,
  • кәсіби спортшылар мен өнер өкілдеріне арнайы бағдарламалар арқылы грин-карта алу мүмкіндігі бар. Бұл санаттағы мамандар үшін лотерея міндетті шарт емес.

Не күтуге болады?

Арман қуып немесе қомақты табыс табу үшін АҚШ-қа аттанғысы келетіндерге жол толығымен жабылды деп айтуға келмейді. АҚШ консульдығы мәлімдегендей, грин-карта лотереясы тек уақытша тоқтап тұр. Сондай-ақ, 2028 жылдан кейін лотереяның қайта тұрақты түрде жұмыс істеу ықтималдығы жоғары.