Гренландияның көлемі кішірейіп, солтүстік-батысқа қарай жылжыған
Гренландия кішірейіп, пішінін өзгертіп жатыр. Мұны Дания техникалық университетінің ғалымдары жүргізген зерттеу нәтижесі көрсетіп отыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Алайда бұл процесс біркелкі жүріп жатқан жоқ – аралдың кей аймақтары қысқарып, ал басқалары, керісінше, созылып келеді.
Зерттеушілердің айтуынша, геологиялық процестер Гренландияның өз орнын да өзгертуде. Соңғы 20 жыл ішінде арал жылына шамамен 2 сантиметр жылжып, солтүстік-батысқа қарай қозғалған.
Аумағы 2,1 миллион шаршы километрді құрайтын Гренландия Солтүстік Америка тектоникалық плитасында орналасқан. Ғалымдар аралдағы 58 GPS станциясынан жиналған деректерді талдап, жер бедерінің қозғалысын, биіктік өзгерістерін және жер қыртысының деформациясын зерттеген. Кейін бұл мәліметтер соңғы 26 мың жылдағы геологиялық өзгерістерді қамтитын модельге енгізілді.
Ғалымдар Гренландияның жер қыртысы әлі де 20 мың жыл бұрынғы мұз дәуірінде қалыптасқан алып мұз қабаттарының қысымын сезетінін анықтаған. Дегенмен қазіргі жаһандық жылыну да өз әсерін тигізуде: мұздықтар еріп, жерге түсетін қысым азайғандықтан, арал баяу көтеріле бастады.
Мамандардың айтуынша, Гренландияның қысқаруы ежелгі мұздықтардың өзгерісімен байланысты, ал соңғы онжылдықтардағы мұз еруі, керісінше, жердің көтерілуіне және көлденең бағытта кеңеюіне себеп болып отыр.
Бұл зерттеу Арктикадағы климаттық өзгерістердің әсерін жақсырақ түсінуге мүмкіндік беріп, геодезия мен навигация салалары үшін де маңызды, себебі Гренландиядағы тұрақты нүктелердің өзі уақыт өте келе орнын өзгертуде, - деп жазады Journal of Geophysical Research: Solid Earth.

