culture.gov.gr

Грекия жағалауында үш ғасыр бұрын жоғалған кеме табылды

Грекия жағалауында су астынан табылған шағын ғана мәрмәр сынығы үлкен тарихи жаңалыққа айналуы мүмкін. Елдің Мәдениет министрлігінің мәліметінше, бұл олжа кезінде апатқа ұшыраған «Ментор» кемесі мен әйгілі Парфенон мәрмәрлері арасындағы байланысты дәлелдейтін алғашқы нақты айғақ болуы ықтимал.

Алғаш қарағанда, небәрі бірнеше сантиметрлік сынық аса маңызды көрінбеуі мүмкін. Алайда ғалымдар оның мәні әлдеқайда терең екенін айтып отыр. Егер алдын ала болжамдар расталса, зерттеушілер екі ғасыр бұрын суға кеткен кемеде Афина Акрополінен әкетілген тарихи жәдігерлер болғанын археологиялық тұрғыда дәлелдей алады.

«Ментор» кемесі және даулы мұра

«Ментор» бригі британиялық лорд Томас Брюске – Элгин графына тиесілі болған. 1802 жылы ол Афина Акрополінен шығарылған көне тастарды тасымалдап келе жатып, дауылға ұшырап, Кифера аралы маңында суға кеткен. Кейін бұл жәдігерлер «Элгин мәрмәрлері» деген атауға ие болып, Грекияға қайтарылуы тиіс мәдени мұра ретінде халықаралық деңгейде ұзақ жылдар бойы талқыланып келеді.

culture.gov.gr

XIX ғасырда сүңгуірлер кемеден жүктің басым бөлігін көтеріп алған. Алайда ол кезде қолданылған әдістер қарапайым болғандықтан, кеменің корпусы кесіліп, бұл өз кезегінде оның тезірек қирауына әкелген.

culture.gov.gr

Теңіз түбінде не қалды?

Қазіргі таңда апат орнына жүргізіліп жатқан зерттеу жұмыстарын Грекияның суасты көне мұраларды зерттеу қызметі атқаруда. Экспедицияны доктор Димитриос Куркумелис Родостамос басқарады. 2025 жылдың жазында археологтар кеменің негізгі бөлігі – килі маңына назар аударған.

culture.gov.gr

Ағаштан жасалған бөліктер уақыт өте шіріп кеткендіктен, кеменің тұтас қалдығы сақталмаған. Соған қарамастан, зерттеушілер металл бөлшектерді, тұрмыстық заттарды, мыс қаптамалардың сынықтарын, қорғасынмен бекітілген элементтерді және такелаж қалдықтарын анықтаған.

culture.gov.gr

Ең құнды олжа

Соңғы табыстардың ішіндегі ең маңыздысы – көлемі шамамен 9,3 × 4,7 сантиметр болатын мәрмәр сынығы. Онда тамшы тәрізді өрнек бейнеленген. Мамандардың пікірінше, бұл көне архитектуралық әшекейдің бір бөлігі болуы мүмкін.

culture.gov.gr

Алдын ала сараптама бұл фрагменттің ежелгі ғибадатханалардың төменгі бөлігін безендіруге қолданылатын элементтерге – эпистиль немесе карнизге жататынын көрсетеді. Оның өлшемі мен стилі Парфенон декорын зерттеген грек ғалымы Анастасиос Орландостың еңбектерінде сипатталған үлгілермен сәйкес келеді.

Маңызы неде?

Осы уақытқа дейін «Ментор» кемесі мен Парфенон әшекейлері арасындағы байланыс тек тарихи құжаттар мен жазбаларға негізделіп келген. Ал жаңа табылған мәрмәр сынығы – апат орнынан табылған нақты заттай дәлел. Бұл кемеде шынымен де Акропольден алынған тастар болғанын айғақтайды.

culture.gov.gr

Қазір олжа мұқият қалпына келтіріліп, зертханалық талдаудан өтуде. Ғалымдар алдағы зерттеулер оның нақты қай бөліктен алынғанын және жасалған уақытын анықтауға көмектеседі деп үміттеніп отыр.