Грек-рим күресінен әлем чемпионы Айдос Сұлтанғали елге оралды
Грек-рим күресінен әлем чемпионы атанған отандасымыз Айдос Сұлтанғали тарихи жеңісімен елге оралды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
60 келі салмақ дәрежесінде топ жарған спортшыны елорда әуежайында жанкүйерлер, Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігінің өкілдері мен әскери қызметшілер салтанатты түрде қарсы алды.
Айдостың келу құрметіне ұлттық әуен төгіліп, әскери оркестрдің әуезді үні әуежайды жаңғыртты. Чемпион қымыздан дәм татып, бауырсақпен елдің ықыласын сезінді.
Жеңістен кейін спортшы өз ризашылығын білдіріп, алдағы жоспарымен бөлісті:
Қазақ халқына түн ұйқысын бөліп, мені қарсы алғандары үшін үлкен рахмет айтамын. Елімізде алтындар көбейе берсін деген тілегім бар. Ендігі меже – Олимпиада. Тыңғылықты дайындалып, Олимпиада алтынын алсақ нұр үстіне нұр болар еді, – деді Айдос Сұлтанғали.
Айта кетейік, Айдос Сұлтанғали Қазақстан тарихында грек-рим күресінен әлем чемпионатында 26 жылдан кейін алтын медаль жеңіп алған алғашқы балуан атанды.

