Жаңалықтар

Грантқа түсе алмау - өмірдің соңы емес

Бүгін елімізде мемлекеттік грант иелерінің тізімі анықталды. Талай алабұртқан көңілдер өздері үшін жақсылы-жаманды «Шағын үкімді» оқып үлгерді.  Қоғамда жылда туындайтын мәселелер биылда айналып өтпесі анық.  Бүгінгі нәтиже ертеңгі өміріңізге айтарлықтай әсер етпеуі де мүмкін екенін есіңізден шығармаңыз. Бұл өмірде 3-4 дипломы сандықта жатқан,  кезінде бақандай гранттарды жеңіп алып, қазіргі таңда жұмыссыз жүрген жандар барын да ұмытпағайсыз. Дегенмен, бүгінгі әңгімеміз олар жайлы емес. Бүгін біз қалаған оқуына түсе алмай қалған, кейін алты алашқа не болмаса әлемге аты танылған өз отандастарымыз жайлы сөз қозғаймыз.
Грантқа түсе алмау - өмірдің соңы емес
06.08.2018 17:41 5409

Самал Есләмова. Иә, ресейлік режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» фильмінде басты рөлді сомдаған, биыл 71-мәрте өз шымылдығын көтерген Канн фестивалінде «Ең үздік әйел рөлі» номинациясын жеңіп алған Самалды айтып отырмын. Самал о баста журналист болғысы келген екен. Грантқа түсуіне 1 балл ғана жетпеген жас қыз шешімін аяқ асты өзгертіп, Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ драма театры жанынан ашылған актерлік шеберлік курстарына түсе салған екен.  Сізді де бір бұрышта бақыттың тосып тұрғаны анық.

Самғау Нәсіпхан. Атажұртқа 2005-жылы оралған Самғау да грант мәселесіне келгенде тұсалып қалған тұлпардың бірі.  Еңбек жолын әкесіне көмекшілік ретінде тері илеу мен етік тігуден бастаған. «Арлан» жеке кәсіпкерлік орталығын ашып,  «Ұлы дала» белгісімен ұлттық нақыштағы белдік, аяқ киімдер тігіп отыр. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының өзіне арнап етік тігіп, сыйға тартқан ол кәсібін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан алған несиесі арқылы дөңгелетіп әкеткен. Алдағы мақсаты «Самғау» аяқ киім фабрикасын ашу. Миллиондардың нөлдерін әрлі-берлі домалатуға мемлекеттік гранттың еш қатысы жоғының тағы бір тамаша дәлелі осы емес пе?

Шынар Бөгембаева. «Қағанаттан» ас-ауқат ішіп алып, қанағат айтып жүрген жандар көп. Шынар ханым бизнеске әкесінің ақылымен келген. Технологиялық университетке түскен Шынар үшінші курста оқуды тастап, маңайдағы кафелердің біріне жұмысқа тұрған. Бір жыл жұмыс істеген соң дәл осындай бизнесті өзі де жасай алатынына сенім артып, қазіргі «Қағанат» асханалар желісінің  негізін осыдан аттай 21 жыл бұрын қалаған екен.

Арман Тосқанбаев. Үйімізде компьютерді бәріміз ашып-шашып жүрміз ғой. Арман өзінің осы қабілетін бизнеспен ерте ұштастыра алған. Өзі құралпылас екі досымн бірігіп компания ашып, жұрттың компьютерлерін жөндеп жүрген.  Жоғарыдағы кейіпкерлеріміз секілді Арман да грантқа түсе алмаған. Бірақ, салын суға жіберер жігіт бұл емес еді. Құжаттарын жинастырып, Ресейдегі Томск мемлекеттік университетінің физика-техникалық факультетіне оқуға түседі. Ол жақта оқи жүріп ағаш саудасымен айналысады. Бизнестің ләззатына енген Арман бұл оқуын текке оқып жүргенін сезіп, екінші курстан тастап кетеді. 2014- жылы «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша «Гидропонды қондырғылардың өндірісі» жобасы үшін 3 млн. теңгелік грантты жеңіп алады да, «Жаңа жасыл технологиялар» компаниясының негізін салады. Бұл омпания жануарларға жем-шөп өсірумен айналысады. Қазіргі таңда оның бірнеше бизнесі бар. Жылыжай бизнесі, криптавалюта өндіру, «OTAN» бірінші қазақстандық сағаттарын шығарумен айналысады. Сонымен қатар ол бизнесін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге арналған «Идеядан бизнеске» оқыту бағдарламалық курсты әзірледі. Ол бағдарлама бойынша бір жылдың ішінде 600-ден астам жас оқып шықты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға