Google ең қуатты жасанды интеллект чипін таныстырды
Google компаниясы өз тарихындағы ең қуатты жасанды интеллект (AI) чипі – Ironwood моделін таныстырды. Бұл чип компанияның жетінші буындағы Tensor Processing Unit (TPU) процессоры саналады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
CNBC басылымының дерегінше, бұл жаңалық іздеу алыбының жасанды интеллект нарығындағы позициясын күшейтуге бағытталған стратегиясының бір бөлігіне айналды. Ironwood сәуір айында сынақ түрінде көрсетілсе, ал енді алдағы апталарда барша пайдаланушыға қолжетімді болмақ.
Ironwood – Google компаниясының өз ішінде әзірленген чип. Ол үлкен тілдік модельдерді оқыту, чат-боттар мен AI агенттерін нақты уақытта іске қосу секілді әртүрлі күрделі міндеттерді орындауға арналған. Жаңа TPU бір жүйеге 9 216 чипке дейін біріктіре алады. Бұл деректерді өңдеудегі «тар өткелдерді» жойып, ең қуатты нейрожелілермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Google-дің мәліметінше, бұл технология «ең ірі және деректерді қарқынды пайдаланатын модельдерді іске қосып, ауқымын кеңейтуге жағдай жасайды».
Қазір Google Microsoft, Amazon және Meta компанияларымен бірге болашақтың AI инфрақұрылымын қалыптастыру жарысында бақ сынап жатыр. Көптеген ірі тілдік модельдер әлі де Nvidia графикалық процессорларында жұмыс істегенімен, Google-дің TPU чиптері баға, өнімділік және энергия тиімділігі жағынан артықшылықтарға ие.
Компания мәліметінше, жаңа Ironwood алдыңғы буыннан төрт еседен астам жылдам. Ірі компаниялардың өзі оның әлеуетіне қызығушылық танытып жатқан көрінеді, мысалы, Anthropic стартапы өздерінің Claude моделін іске қосу үшін 1 миллионға дейін жаңа TPU пайдалануды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар Google өз бұлтты платформасына арналған жаңа жаңартулар топтамасын таныстырды. Олар қызметтерді арзанырақ, жылдамырақ және икемдірек етуді көздейді. Бұл шешімдер Amazon Web Services пен Microsoft Azure сынды негізгі бәсекелестермен тікелей бәсекеге бағытталған.
Жасанды интеллект инфрақұрылымына деген сұраныстың артуы Google-дың қаржылық нәтижелеріне де оң әсер етті: компанияның бұлтты қызметтерден түскен кірісі жылдың үшінші тоқсанында өткен жылмен салыстырғанда 34%-ға артқан.

