©El.kz

Гонконг тұмауы: министр мәлімдеме жасады

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қазақстанда өршіп тұрған Гонконг тұмауына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Министрдің айтуынша, Гонконг тұмауы елімізде 2001 жылдан бері бар. Бұл вирус кез келген тұмау секілді балалар мен егде жастағы адамдарда ауырлау өтеді.

Алдағы және келесі аптада жылы күндер сақталады. Сол себепті желтоқсанның ортасына дейін вирус жұқтыру деректері өседі деп болжап отырмыз. Халық көп жиналатын жерлерден аулақ болып, қолды жиі жуып, бөлмені желдетіп тұру керек. Мүмкіндік болса, бетперде таққан жөн, – деді ол Сенат кулуарында.

Журналистердің «ауа райы суығанда тұмау азая ма?» деген сұрағына Әлназарова:

«Иә, бірақ бұл бірден болмайды. Тұмау айналымын үзу үшін кемінде 2-3 апта суық ауа райы қажет. Сол кезде вирустың таралуы да, халықтың сыртқа шығуы да азаяды. Суық түскенде жағдай тұрақталады, бірақ болжам бойынша желтоқсанның ортасына дейін инфекция көбейе береді, – деп жауап берді.

Министрлік мәліметінше, биыл тұмау маусымы өткен жылмен салыстырғанда 3-4 апта ерте басталған. Бұған басты себеп – жылы ауа райы. Ал аймақтарда енгізіліп жатқан санитарлық шектеулерді министр «аурудың таралуына жол бермеу үшін қажет проактивті шаралар» деп атады.

Бүгінгі таңда 11 өңір мектептерде белгілі бір шектеу режимін енгізді, 220-дан аса сынып қашықтан оқуға ауысты. Көбіне 1-5-сынып оқушылары, – деді ведомство басшысы.

Қазақстандағы жағдай

Министрдің дерегінше, 1 қыркүйектен бері 1 461 819 ЖРВИ жағдайы тіркелген. Оның 963 847-і – 14 жасқа дейінгі балалар, яғни барлық жағдайдың 66 пайызы.

Бұған дейін аталған тұмау түрі несімен қауіпті екені туралы жазғанбыз