instagram.com/gggboxing

Головкин Халықаралық бокс даңқ залына енетін алғашқы қазақстандық атануы мүмкін

Аңызға айналған боксшы Геннадий Головкин Халықаралық бокс даңқ залына (International Boxing Hall of Fame) енуі мүмкін. Бұл туралы The Ring журналына сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.

The Ring дерегінше, қазақстандық боксшы 2026 жылы әлемдік бокс даңқ залына енгізуге ұсынылған тізімге кірген.

Геннадий Головкин 2026 жылға арналған Халықаралық бокс даңқ залының кандидаттар тізімінде көш бастады. Бұл тізім бүгін таңертең жарияланды. Головкинмен бірге заманауи ерлер категориясында алғаш рет Вернон Форрест пен Стив Коллинз есімдері де аталды. Дауыс беру нәтижелері желтоқсан айының басында белгілі болады, – деп жазады басылым.

Халықаралық бокс даңқ залы мен мұражайы (IBHOF) АҚШ-тың Нью-Йорк штатында орналасқан. Мұнда бокстың тарихындағы ең үздік спортшылардың есімі енгізіледі.

Жыл сайын даңқ залына жеті адам әртүрлі санат бойынша енгізіледі: «Ерлер. Заманауи» (соңғы жекпе-жегі 1989 жылдан кейін өткендер); «Ерлер. Ардагерлер» (1893-1988 жылдары жекпе-жек өткізгендер); «Ерлер. Пионерлер» (1892 жылға дейінгі жекпе-жектер); «Әйелдер. Заманауи» (1989 жылдан кейін шыққандар); «Әйелдер. Пионерлер»; сондай-ақ «Спортшылар емес» (спорт маңындағы ықпалды тұлғалар) және «Журналистер».

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Ring Magazine (@ringmagazine)

Қазіргі уақытта Қазақстаннан ешкім бұл тізімге енбеген. Ал посткеңестік кеңістіктен Константин Цзю, Рой Джонс-кіші (Ресей), сондай-ақ Владимир мен Виталий Кличко (Украина) енгізілген.

Головкиннің бокс жолы

Геннадий Головкин – отандыққ спорттағы ең танымал тұлға. Оның әлеуметтік желілерде 5 миллионға жуық жазылушысы бар.

Ол өз карьерасында орта салмақта WBC (2016-2018), IBF (2015-2018, 2019-2023), WBA (2010-2018, 2022-2023) және IBO (2011-2018, 2019-2023) нұсқалары бойынша әлем чемпионы атанды.

16 жылдық кәсіби мансабында Головкин 45 жекпе-жек өткізіп, оның екеуінде ғана жеңіліп, біреуін тең нәтижемен аяқтады. Үшеуі де мексикалық Сауль «Канело» Альвареспен болған және барлығы төрешілер шешімімен аяқталған. Бұл шешімдер жанкүйерлер арасында үлкен дау туғызған еді.

Головкиннің соңғы жекпе-жегі 2022 жылдың қыркүйегінде өтті. Ол ресми түрде мансабын аяқтағанын әлі жариялаған жоқ.

Қазіргі таңда Геннадий Головкин Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитетінің президенті және World Boxing ұйымындағы Олимпиадалық комиссияны басқарады.