aa.com.tr

Голливудта виртуалды актрисаға қарсы дау туындады

02.10.2025 02:31

АҚШ-тағы киноактерлер гильдиясы (SAG) мен Америкалық телевидение және радиоартистер федерациясы (AFTRA) жасанды интеллект арқылы жасалған виртуалды актриса Тилли Норвудтың пайда болуына қарсы шықты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Ұйым өкілдері мұндай жобалар нағыз әртістердің еңбегін бағасыздандырып, олардың кәсіби болашағына қауіп төндіретінін айтты.

Тилли Норвуд әлеуметтік желілерде «жаңа Скарлетт Йоханссон» ретінде таныстырылғанымен, гильдияның ресми мәлімдемесінде ол «адам емес, компьютерлік бағдарлама өнімі» деп аталды.

Жасанды кейіпкерлердің өмірлік тәжірибесі де, шынайы эмоциясы да жоқ. Бұл – адам өнерінің мәнін төмендететін құбылыс, - деп жазылған құжатта.

Тақырыпқа Голливуд жұлдыздары да үн қосты. Эмили Блант бұл жағдайды «шын мәнінде қорқынышты» деп бағаласа, Наташа Лионн виртуалды актрисаға қолдау білдіретін компанияларды бойкоттауға шақырды.

Жобаның авторы, нидерландтық актриса әрі комедиант Элайн ван дер Велден, Норвудты «адамдарды алмастыру үшін емес, өнердегі тәжірибе ретінде» ойлап тапқанын жеткізді. Дегенмен, жасанды интеллектті қолдану мәселесі Голливудта бұрынғыдан да өткір тақырыпқа айналып отыр. Бұл мәселе 2023 жылғы актерлер мен сценаристердің ұзаққа созылған ереуілінде басты талаптардың бірі болған еді.

Осылайша, Голливудтағы тартыс тек экрандағы бейнелер жайлы емес – ол өнердің болашағы, адамның шығармашылық құқығы мен рухани мұрасының тағдыры туралы үлкен сұрақ тудыруда.