Жаңалықтар

ГМО өнімдері туралы не білеміз?

Генетикалық модификацияланған өнімдердің зияны
ГМО өнімдері туралы не білеміз?
Фото: © El.kz 14.07.2021 16:24 32144

 

Дәрігер-интерн Нұргүл Шеруенова MedSupport тәуелсіз қауымдастығының волонтері. Бүгін де Астана медицина Университетінде білім алып жатқан студент-интерн шет тілінен COVID-19 тақырыбында ғылыми-медициналық мақалалар аударып, денсаулық сақтау саласында жүрген әріптестеріне барынша қолғабыс етіп жүр. MedSupport ұйымы дәрігерлерге ақпараттық қолдау көрсетіп, халықты ғылыми ағарту мақсатында құрылған еді. Дәрігер-интерн Нұргүл Шеруенованың кезекті қалам тербеген тақырыбы – ГМО өнімдері туралы екен.

ГМО өнімдері туралы не білеміз?

 

Десе де алдымен MedSupport қауымдастығы туралы аз-кем тоқталып өткенді жөн санадық. MedSupport – бұл дәрігерлер мен ғалымдардың тәуелсіз қауымдастығы. Коранавирус пандемиясы кезінде ақ халатты абзал жандарға қолдау көрсету мақсатында 2020 жылы мамыр айында құрылған. Өткен жылы осы қауымдастыққа мүше еріктілер медициналық қызметкерлерге арнап, COVID-19 тақырыбын қаузаған 300-ден астам медициналық мақалалар аударған. Сондай-ақ, отандық дәрігерлер үшін америкалық, жапондық, неміс, италиялық емдеу хаттамаларын аударып, бейімдеуге атсалысқан. Ғылыми дәлелдерге негізделген препараттар топтары, қауіп-қатер тобына жататын адамдарды емдеу әдістері (созылмалы аурулар, жүктілік) бойынша шолу жасаған. Дәлелді медицинаның маңыздылығы туралы жалпы аудитория үшін қазақ және орыс тілдерінде 255 пост жазған екен. Әр түрлі мамандықтағы ғалымдар мен дәрігерлер ондаған тікелей эфирлер өткізген. Сovid-19 вакцинациясы туралы бірқатар онлайн-дәрістер өткізіпті.

 

Нұргүл Шеруенова «ГМО өнімдердің денсаулыққа зиян екенін көбіміз білеміз. Тек қалай белгі беретінінен бейхабармыз. Қандай тауарда, қандай ГМО бар. Ол туралы біз ашық айта аламыз ба?»,- деп жазады ғылыми мақаласында. Дәл осы сауалды дәрігер-интерн ханымның өзіне қойдық.

 

– Бүгінгі таңда генетикалық модификацияланған организмдерді (ГМО) азық-түлік өндіру үшін пайдалану туралы даулар өршіп тұр,- дейді Нұргүл ханым. – Дүние жүзінде импортталған өнімдерді ГМО-мен қолдану бұрыннан бері шындыққа айналды, сонымен қатар елде гендік-модификацияланған соя, жүгері, тәттілер, балалар тағамдары, ет-сүт өнімдері және басқа да дақылдардың өндірілуі ГМО табысты пайдаланудың жарқын мысалы бола алады. Генетикалық модификацияланған өнімдерді өсіруді халықаралық ұйымдар жіті бақылауда ұстайды (мысалы, Агробиотехнологияларды қолдануды бағалаудың халықаралық қызметі (ISAAA). ГМО өнімдерінің басқа организмдерге берер жанама әсерін білу мақсатында көптеген зерттеулер жүргізілді. ГМО өндіретін компаниялардың зертханалары мен тәуелсіз зерттеушілер зерттеп көрді. Нәтижесінде 600-ден астам ғылыми зерттеулер ГМО-ның қауіпсіздігін растады. Ғалымдар болашақта ГМО әлемдегі ауқымды проблемаларды, соның ішінде аштықты шешуде оң нәтиже беретініне сенімді.

 

Ал, енді жалпы «ГМО өнімдері дегеніміз не?»,- сауалға Нұргүл ханым келесідей жауап берді.

 

– Генетикалық модификацияланған (түрлендірілген) организм (ГМО) — гендік инженерия әдістері арқылы генотипі өзгертілген өсімдік, жануар немесе микроорганизм. Қазірдің өзінде жоғары өнімділікке немесе зиянкестер мен ауруларға төзімділікке қол жеткізу үшін генетикалық түрлендірілген дақылдар (қызанақ, жүгері, мақта, соя) екені белгілі.

 

– Бүгінде ГМО өнімдерін өндіруде қай елдер көш бастап тұр? ГМО өнімдері индустриясы қалай басталған еді?

 

– ГМО өнімдеріне ғалымдар бұрыннан қызығушылық білдіреді. Ғалымдар көп жылдар бойы бактериялар мен өсімдіктердің геномына өзгерістер енгізіп, сынап келеді. Ең алғашқы гендік модификацияланған өнім 1972 жылы Стэнфорд университетінің ғалымы Пол Бергтің көмегімен алынды. 1973 жылы тұңғыш гендік модификацияланған микроорганизм пайда болды. Ол дегеніңіз инсулин синтезін кодтаған адам геномы бар ішек таяқшасы (E. coli.). 10 жылдан кейін Кельндегі өсімдік шаруашылығы институтының неміс ғалымдары жәндіктерге төзімді темекіні шығарса, 1988 жылы гендік модификацияланған жүгері пайда болды. Бұл біздің заманымыздың ең танымал ГМО-ларының бірі болатын. 90-шы жылдары америкалықтар қызанақ гендерін камбала гендерімен айқастырып томат пастасын яғни қызанақтардың алуан түрін алды. Кейін бактериялардың генімен айқастыру нәтижесінде гербицидтерге төзімді соя өндіріске шықты. ГМО өндірісінде көшбасшы елдер қатарында АҚШ, одан кейін Аргентина, Бразилия, Қытай және Үндістан елдері тұр,- дейді дәрігер ханым.

 

Нұргүл ханым ғылыми негіздерге сүйене отырып, гендік модификацияланған өнімдерді жасау кезінде алдымен жаңа өнімде көргісі келетін белгілерге жауап беретін гендер таңдалатынын (суыққа, ауруға төзімділік және т.б.) айтады. Содан кейін бұл гендер зертханалық жағдайда таңдалған өсімдік өніміне немесе жануарлар жасушасына енгізілетін көрінеді. Дәрігер ханымның айтуынша, біз күнделікті өмірде тағамға қолданып жүрген соя, томат пастасы, картоп, жүгері, қантты қызылша, күріш, сүт, ет, шұжық, ұн және балалар өнімдері ГМО өнімдер қатарына жататын көрінеді.

 

ГМО өнімдері қалай белгіленеді?

 

– Саны 0,9% және одан жоғары ГМО-ны пайдалана отырып өндірілген тамақ өнімдерін шығару кезінде тиісті таңбалаудың болуы міндетті болып табылады. Мәселен, «генетикалық модификацияланған өнім» немесе «гендік түрлендірілген организмдерден алынған өнім» не болмаса «өнімде гендік түрлендірілген организмдердің компоненті бар» деген секілді. Жапсырмада «ГМО жоқ» деген жазуға сене берудің қажеті жоқ. Әдетте мұндай таңбалауды өндіруші өнімнің мәртебесін арттыру және тұтынушылардың назарын аудару үшін ғана қолданады.-, - дейді дәрігер-интерн.

 

– ГМО өнімдері қауіпті ме?

 

– ГМО өнімдерінің адам популяциясына зиянды әсерлері туралы хабарламалар тіркелген жоқ. 2005 жылы Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымы бұл сұраққа гендік-модификацияланған өнімдерді тағамға қолдану қауіпсіз екенін растайтын баяндама жариялап, нақты жауап берді.

 

Нұргүл ханымның айтуынша, ГМО өнімдері тек аграрлық шаруашылықты дамыту мақсатында ғана алынбайды. ГМО дәрі-дәрмектерінің көмегімен қатерлі ісіктің кейбір түрлерін емдеуге болады: адамның иммундық жүйесінің жасушалары қатерлі ісік жасушаларын тани алатындай етіп өзгертіледі. Сондай-ақ, буллезді эпидермолизден зардап шеккен неміс баласына ГМО-тері трансплантациясы жасалғанын білеміз. Дәрігерлер өзінің тері жасушаларын алып, оларға бұзылған генді трансплантациялады, терінің жаңа, түзетілген қабаттарын өсірді және оларды науқасқа қайта салды. ГМО дәрумендер жасау үшін және гемофилия сияқты ауруды емдеу үшін. тіпті қазіргі таңда вакциналар, экологиялық таза отын, тағамдық құндылығы жоғары өнімдерді алу мақсатында қолданылуда. Геномға араласу арқылы генетикалық ауруларды емдеуге болады. Сонымен қатар, адамның рекомбинантты инсулинін өндіруден бастап, пациенттің өз жасушаларынан алынған инсулин шығаратын жасушаларды имплантациялауға дейінгі гендік-инженерлік зерттеулердің нәтижелері инсулинге тәуелді қант диабетін емдеудің бірқатар тиімді әдістерін жасауға мүмкіндік берді. Осы тұста, «рекомбинантты инсулинге» сәл тоқтала кетсек: Рекомбинантты инсулин деп отырғанымыз рекомбинантты ДНҚ технологиясын қолдана отырып жасалған инсулин, онда ДНҚ фрагменттері ағзаларға оларды пайдалы ақуыздар мен басқа қосылыстар шығаруға ынталандыру үшін енгізіледі. Рекомбинантты инсулин алғанға дейін препарат шошқа мен ірі қара малдың ұйқы безінен алынды. Бұл процесс көп уақытты қажет етті және тиімсіз болды, адамдарда шетелдік инсулинге аллергиялық реакциялар мен зоонозды инфекциялар қаупін жоғарылатты. Ал 1982 жылдан бастап рекомбинантты инсулинді алу тиімді нәтижелерді берді. Бұл препараттарға: Хумулин Р; Хумулин-цинк; Хумулин-Н; Инсуран Р; Генсулин М жатқыза аламыз.

 

Гендік модификацияның арқасында кейбір өнімдердің пайдалы қасиеттерін жақсартуға болады, мысалы, атеросклероздың және артық салмақтың алдын-алу үшін оңтайландырылған, генетикалық түрлендірілген жүгері мен сояның кейбір сорттарындағы май қышқылдары, ГМ қызанақтарындағы әйгілі ликопиннің жоғары мөлшері, картоптағы крахмалдың ерекше қасиеттері (атап айтқанда, қуыру кезінде майдың көп сіңуіне жол бермейді).

 

Генетикалық түрлендірілген жануарлардың өнімдерін жасау кезінде өсу гормонын өндіруді кодтайтын енгізілген геннің арқасында тез өсетін балық немесе жануарлардан алынады.

 

«Қазақстан нарығында ГМО өнімдері бар ма?»,- деген сауалымызға дәрігер ханым «иә бар» деп жауап берді.

 

«Барлық әкелінетін өнімдер мемлекеттік тіркеуден өтеді. Заңнама талаптары бойынша құрамында 0,9% - дан астам ГМО бар өнімдердің тиісті белгілері болуы тиіс»,- дейді.

 

«Қорытындылай келсек, гендік инженерия өнімдерді қоршаған ортаның әсерінен қорғап қана қоймай, медицина саласындағы өзекті аурулардың емін табуда зор орны бар. Гендік инженерия әдістерін қолданудың арқасында аязға, құрғақшылыққа, зиянкестерге төзімді дақылдардың жаңа түрлерін алуға, сондай-ақ қоректік құндылығы жоғары өсімдіктердің жаңа сорттарын жасауға мүмкіндік туды. Гендік инженерия әдістерінің көмегімен ғалымдар жоғары өнімді және әртүрлі жағдайларға төзімді мәдениеттер жасайды. Мұндай дақылдарды құрғақ, тұзды және тозған топырақтарда өсіруге болады. Ғалымдар жоғары өнімді ГМ-мәдениеттердің көмегімен, әсіресе мына елдерде: Бангладеш, Перу, Мексика, Үндістан, Парагвайда аштық проблемаларын шешу көзделіп отыр. Сондықтан, ГМО-ның потенциалды қаупі туралы ресми мәлімдеме жасау үшін қорқыныш пен қауесеттерге сенбей, ұзақ және ауқымды зерттеулер мен эксперименттер жүргізу қажет»,- дейді дәрігер-интерн Нұргүл Шеруенова. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға