Жаңалықтар

Гиннес рекордтар кітабы қалай және қашан шықты?

Әлем таңғажайыптары 
Гиннес рекордтар кітабы қалай және қашан шықты?
17.11.2020 14:41 16470

«Гиннес. Әлемдік рекордтар» немесе «Бүкіләлемдік рекордтар кітабы», «Гиннес рекордтар кітабы» және «Гиннес әлемдік рекордтар кітабы» - бұл осынау жер-жиһандағы жұмыр басты пенделердің ғана емес, жыбырлаған жәндіктерден бастап түрлі тіршілік иелерінің, табиғат таңғажайыптарының қандай да бір ерекшеліктері, жұртты таң қалдырған өзгешеліктері туралы әлемдік анықтамалық.

Ол алғаш рет  1955 жылы «Гиннес» деп аталатын ирландық сыра қайнатушы компанияның тапсырысы бойынша жарық көрген. Идеяның авторы Хью Бивер. Ол ирландық және британдық сыраханалардағы үнемі үзілмейтін, басы да, аяғы да жоқ әлемдегі «ең, ең» деген дауды шешу үшін осы тақырып төңірегінде қандай да бір беделді басылым болуы керек деген ойға келеді. Бұл идея Крис Чатэвэймен ағайынды МакУайртерлерден де қолдауға ие болып, олар бұл іске жандарын салып кіріседі.

Осылайша, 1955 жылдың 27 тамызында бұл кітаптың алғашқы шығарылымы жарық көреді.

Гиннес рекордтар кітабы қалай және қашан шықты?

«Гиннес рекордтар кітабының» алғашқы басылымында ғылыми тұрғыда дәлелденген деректер мен дәйектер жарияланды. Оның өзін ағайынды МакУайртерлер түрлі дерек көздерінен жинайды. Уақыт өте келе, оның әрбір шығарылымында адамдардың біртүрлі және шектен шыққан ерекшеліктері мен жетістіктері беріле бастайды. Кітапты шығарушылар халықтың назарын өзіне аударып, қызығушылығын арттыру үшін Гиннес рекордтар кітабының Бүкіләлемдік күнін белгіледі. Бұл қараша айының үшінші аптасының бейсенбісі, әлі күнге дейін аталып өтіп келеді. Гиннес кітабы көп ұзамай көпұлтты АҚШ-та да танымалдылыққа ие болды. Тіпті кітапта жарияланған кейбір мәдениет салаларын зерттеуге арналған арнайы басылымдар, сондай-ақ, әр елдерде кітаптың ұлттық нұсқалары пайда бола бастады. Алайда, кітапқа байланысты қоғамда жағымсыз теріс пікірлер де жүрді. Алайда, кітап шын мәнінде авторлық құқықпен қорғалған, ең көп сатылатын басылымға айналғаны да шындық еді.

Тағы бір қызықты дерек, қоғамдық кітапханаларда көп қолды болатын кітап та осы Гиннес рекордтар кітабы екен. Ол ең көп ұрланатын кітап ретінде рекордтар тізіміне енгізілген. 2015 жылы Гиннес кітабының шыққанына 60 жыл толып, ол кең көлемде аталып та өтті.

Кітапқа ақпарат жинаумен айналысатын Guinness World Records компаниясының өкілдері рекордтарды тіркеуге зор жауапкершілікпен келеді екен. Ереже тәртібіне сай, Гиннестер кітабына енуді көздеген үміткер олармен рекордтың әрбір кезеңін тіркеуде кеңесіп отырады (бұл өтінім беру, келісім-шартқа отыру, талаптарды талқылау, рекордты компания өкілдерінің қатысуымен орындау, сертификат алу). Егер рекорд есептелсе, ол белгілі бір тақырыптық категорияға жатқызылып, «Байлық», «Атақ», «Ерлік», «Өнер және БАҚ», «Жетістік», «Адам», «Қауіп және апат», «Спорт», «Білім», «Заманауи технологиялардан» тұратын он бөлімнің біріне енгізіледі. Рекорд мәліметтер базасында сақталады, алайда кейбір жағдайларға байланысты рекордтар тізімінен уақытша немесе біржола алынып тасталуы да мүмкін.

Бұл бүгінде халықаралық франшиза болып саналады, мұнда сондай-ақ, рекордтар қойылған мұражайлар, әрбір шығарылымында қандай да бір рекорд жөнінде баяндалатын телесериалдар, толық метражды фильм нұсқасындағы бейнеойындар бар.

Хью Бивер деген кім еді?

Гиннес рекордтар кітабы қалай және қашан шықты?

Шынында, Хью Бивер кім еді және оған Гиннестер кітабы не үшін керек болды?! Мәселенің мәнісін тарихқа үңілу арқылы тарқатып көрелік. Шын мәнінде Хью Бивер «Гиннес» сыра қайнату компнаиясының атқарушы директоры қызметін атқарған. Ол 1951 жылдың 10 қарашасы күні бірнеше достарымен бірге Ирландияның Уэскфорд графтігінің Норд-Слоб ауылының маңайында Слэн өзенінің жағалауынша аңшылық құрып жүреді.

Аңшылар көз алдындағы қалықтаған құсты атып түсіруге бәстеседі. Алайда, Бивердің атқан оғы мүлт кетеді. «Ұялған тек тұрмас» дегендей, Бивер алтын түсті ржанканың Еуропадағы ең жүйрік қанатты екенін дәлелдеуге кіріседі.

Сол кеште, өз ойын дәлелдеуді ойлаған Бивер осы тақырып төңірегінде бас қатырып шығады. Осылайша, ол өзінің ғана емес, сол уақыттағы сыраханаларда үнемі қандай да бір тақырып төңірегінде дауласып отыратын ирландықтар мен ағылшындардың сұранысын қанағаттандыру үшін ең үздіктер мен ерекшеліктер кітабын шығаруды ойлайды. Бивер және бұл кітаптың табысты боларына сенді.

Үш жылдан кейін Бивердің достары оның шотландық құр барлық қанаттыларды шаң қаптырады деген сөзіне күдікпен қарап, соңы тағы да сол бәстесуге алып келеді. Бивер өз сөзіне дәлел болатын қандай да бір беделді басылымның қажет екендігіне тағы бір мәрте көз жеткізді. Бивердің идеясы 1954 жылы жүзеге асты. Оның сөзіне еліккен «Гиннес» компаниясындағы әріптесі Кристофер Чатэвэй өзінің университеттік достары Норис пен Рос МакУайртреттерге кітап шығару туралы ұсынады.  Осылайша 1954 жылдың 12 қыркүйегінде ағайынды жігіттер Лондонда Патшайым саябағында «Гиннес» компаниясының директорлар кеңесіне оның таныстырылымын өткізеді. Сөйтіп кітапты шығаруға байланысты қаржылай қолдауға ие болады.

Гиннес рекордтар кітабы қалай және қашан шықты?

Бұдан кейін ағайынды жігіттер астрофизиктердің, физиологтардың, зоологтардың, метеорологтардың, вулканологтардың, ботаниктердің, орнитологтардың, экономистердің, нумизматтардың, этимологтардың мекенжайына өз салаларының жаңалықтарымен бөлісулерін сұрап хат жібереді. Нәтижесінде, барлық жиналған ғылыми деректерді сараптап, талдап, оны Артур Гиннестің құрметіне аталған кітапқа енгізеді.  

Ал 1954 жылдың 30 қарашасында кітапты шығаруды кәсіби қолға алу мақсатында Guinness Superlatives Limited компаниясы құрылады. Оның бас кеңсесі Лондон қаласында нақ  Флит-стриттің өзінде орналасады.

Ал 198 беттен тұратын Кітап шығарылымы 1955 жылдың 27 тамызында жарыққа шықты. Норрис МакУайртер бұл туралы естеліктерінде былай деп жазады: «Бұл талассыз табыс болды: 50 000-ға жуық көшірмесі басылып шықты, ал мистер Смитке жасалған бірінші қоңыраудың өзі бізге 6 көшірмеге бірдей тапсырыс алып келді. Екі сағаттан кейін Смит бізге 100 көшірмеге тапсырыс берді. Алғашқы аптаның соңына қарай біз 10 000 дана көшірмеге тапсырыс алып үлгердік».

Аяқ астынан тап болған табыс пен танымалдылық кітаптың болашағының бар екенін дәлелдеді. Сондықтан оны шығарушылар жыл сайын қыркүйек-қазан айларында оның әр санын шығару туралы шешімге келді.  Ағайынды МакУайртерлер кітап шығарумен бірнеше жыл айналысты. Ағайындылардың есте сақтау қабілеттері адам таңқаларлық болатын. Кітаптың негізінде шығарылған  Record Breakers телевизиялық бағдарламасында кішкентай балалардың әлемдік рекордтарға байланысты қойған сұрақтарына Норрис пен Рос еш қағазға қарамастан, мүдірмей жауап беріп отырған.

Росс МакУайртер 1975 жылы уақытша орнаған әскери билік кезінде өлтіріледі. 1986 жылы бас редактор лауазымынан  Норрисс МакУайртер де кетіп, өз орнын  Алан Расселге береді.

Бірнеше онжылдықтар бойы АҚШ-та Рекордтар кітабын шығару құқығына америкалық Sterling Publishing басылымы ие болып келді.

1990 жылдың 17 қыркүйегінде Guinness Superlatives Limited компаниясы атауын Guinness Publishing Limited болып өзгертеді.  Ал 2001, 2002 және 2008 жылдары сатылымға шығарылып, иелері және атаулары бірнеше мәрте өзгеріске ұшырайды.   

Кітап басылымының дамуы

"Гиннестің рекордтар кітабының" әр шығарылымында оқырмандар түрлі жаңалықтарға қанығып отырды. Басылым алғашқы шыққан жылдарға қарағанда, мазмұны жағынан көп өзгеріске ұшырды.  Бастаған жылдар ішінде тіркелген деректердің сипаты үнемі өзгеріп отырады.

Алғашқы кезде "Гиннестің рекордтар кітабы" әртүрлі ғылыми фактілер жазылған маңызды анықтамалық болды. Ақпарат жинау кезінде ағайынды МакУайртерлер фактіні ұсына алатын, оны растай алатын және қандай да бір түзету енгізе алатын сарапшыларға жүгінді. "Сарапшыға жазған хатында олар тікелей ақпарат сұрамады... бірақ сарапшыдан оны түзетуді сұрады», - деп жазылады сол кезең естеліктерінде. Нәтижесінде кітапқа тек тексерілген және елеулі жетістіктер ғана кіргізіліп отырды.

Кейін "Гиннестің рекордтар кітабының" соңғы басылымдары әртүрлі жарыстардағы адами жетістіктерге арналған бөлімдерді толықтыруға бағытталды. Оның ішінде спорттық рекордтар, адамдардың жеке ерекешілігіне байланысты жазбалар болды. Тіркелген жазбалардың ішінде жұмыртқаны ең ұзақ қашықтыққа лақтыру,  он минут ішінде бірнеше хот-дог жеу деген секілді жазбалар да кездеседі. Бәсекелестік сипаттағы жазбалардан басқа, кітапта ең ауыр ісік, ең улы өсімдік, ең қысқа өзен (Монтанадағы Роу өзені), ең ұзақ американдық телесериал, әлемдегі ең табысты сатушы (Джо Джирард) деген сипаттағы тіркелген рекордтар да сақталған.  

1986 жылы Норрис МакУайртер компаниядан кетіп, Diageo компаниясы Guinness World Records компаниясын сатып алғаннан кейін, "Гиннестің рекордтар кітабына" тағы бір өзгеріс енгізу туралы шешім қабылданды. Жаңа шығарылымнан бастап рекордтық анықтамалыққа иллюстрация қосылды.  

Гиннес рекордтар кітабы қалай және қашан шықты?

Жоғарыда айтып өткеніміздей, қараша айының үшінші аптасының бейсенбісінде Дүниежүзілік Гиннестің рекордтар кітабы күніне орай, әлемнің түкпір-түкпірінен жиналатын адамдар кітаптың жаңа шығарылымы үшін рекорд орнатуға тырысады. Мәлім болған деректерге сенсек, 2006 жылы әлемнің 10-ға жуық елінен жүз мыңнан астам адам жаңа рекорд орнатуға немесе бұрыннан барларын жаңартуға тырысқан. Нәтижесінде, барлығы 2244 жаңа рекорд тіркелген.

2007 жылы NBC арнасы " Гиннестің рекордтар кітабының ТОП-100"-дігіне шолу жасады. Сондай-ақ, 2008 жылдан бастап кітаптың танымалдылығының артуына байланысты белгілі бір рекордтар бөлімі бойынша арнайы телешоулар пайда бола бастады.

Рекордтар тізімінен алынып тасталған жазбалар

Этикалық себептерге және өмірлеріне қауіп төнуіне байланысты көптеген әлемдік рекордтар мәліметтер базасынан алынып тасталған. Мәселен, ең ауыр балық рекорды жарық көргеннен кейін үйлерінде аквариумы барлардың бірқатары балықтарын шамадан тыс жемдей бастады. Нәтижесінде, олардың атаққа ие боламыз деген бұл бәсекелері үйдегі балықтардың қырылуына алып келді. Сондықтан балықтың салмағына байланысты рекорд алынып тасталды.

Гиннес рекордтар кітабы қалай және қашан шықты?

Сондай-ақ, 1991 жылы «тамақ пен сусындарға» қатысты рекордтар да тізімнен алынып тасталды, себебі, рекорд орнатамын деген кейбір адамдар өздерінің шама-шарқынан тыс тамақ пен сусын ішіп, ауырып қалған, жеуге жарамсыз ағаш-талдарды, темір-терсектерді жеп, өз басын қатерге тіккендігі жөнінде жағымсыз деректер орын ала бастаған. Бұл ақыр аяғында, зардап шеккендердің рекорд ұйымдастырушы компанияны сотқа беруіне дейін алып келген. Мұндай шектеулер алкогольді ішімдіктерге де қойылды.  Сондай-ақ, қылыш жұту мен жоғары жылдамдықта маашина айдау секілді рекордтар да 1990 жылдан бастап есепке алынбады.

Гиннес рекордтар кітабы қалай және қашан шықты?

Алайда, рекордтар Кітабынан алынып тасталған кейбір бәсекенің қайта жаңғыртылып, есепке алынған кездері де болған. Мәселен, қылыш жұту 1990 жылы жабылғанымен, 1998 жылы қайта есепке алынады. Сондай-ақ, 1991 жылы рекордтар тізімінен алынған сыра ішу де, 2008 жылғы шығарылымда қайталанып, «Адами жетістіктер» категориясына енгізілді.

2011 жылдан бастап кейбір азықтарды жеуге қойылатын талаптарға жегеннен қалған азықты тарату немесе сату туралы шарт енегізілді. Бұл тағамның бұзылып кетуінің және ысырап болуының алдын алуға бағытталған шарт болатын.

Рекордтарды есепке алудың қиындықтары

Кейбір бөлімдер бойынша рекордтарды есепке алу рас, қиындықтар туғызады. Соның ішінде оның нақты қай критерийге жататындығын анықтау қиын. болып табылады. Guinness World Records-тың ресми сайтында «Біз сұлулық рекордын тіркемейміз, себебі сұлулық туралы әркімнің түсінігі әртүрлі» делінген.

Гиннес рекордтар кітабы қалай және қашан шықты?

1990 жылы «IQ-дің ең жоғарғы деңгейі» деп аталатын интеллект деңгейіне қатысты бөлім жабылды. Бұл категорияда 1960 жылдан бастап интеллектке қатысты рекордтар тіркеліп келген болатын. Алайда, интеллектті анықтайтын тесттердің сенімсіздігіне байланысты, оны жауып тастау әділ болады деген шешім қабылданды. 


Адам сенгісіз рекордтар

Гиннес рекордтар кітабында қызықты жағдайлар жиі кездеседі. Олардың ішінде таңқаларлығы да, адам шошырлығы да бар. Елді жаға ұстатқан жағдайлар топтамасын осы кітаптан ғана көруге болады.

Зомбиге айналдыратын саңырауқұлақ туралы естіп пе едіңіз?! Бұл саңырауқұлақ кордицепс деп аталады. Бұл паразиттер жәндіктерге, көбінесе құмырсқаларға «шабуылдайды». Саңырауқұлақтың дәндері жәндіктердің денесіне жабысып, өзіне ыңғайлы орын тапқан соң, сол жерде көбейе бастайды. Ақыры, жәндік өліп, оны мүк басып, оның орнына саңырауқұлақ өсіп шығады. Мұндай саңырауқұлақтар жәндіктер тұрмақ, тышқандарды да өзінің «құрбандарына» айналдыра алатын күшке ие.

Гиннес рекордтар кітабы қалай және қашан шықты?

Мұндай саңырауқұлақтар әсіресе Қытайда өте көп кездеседі. Жалпы ол адамға жасарту мен күш-қайрат сыйлайтын қасиетке ие екен. Қытайлықтар сондықтан оны ол өсіп шыққан жәндікпен бірге тағам ретінде пайдаланады. Мұндай «тәттінің» бағасы да арзан емес: бір келісінің бағасы шамамен 25 мың евро тұрады екен. Айтпақшы, Қытайдың үстел теннисінен олимпиадалық құрамасы 2012 жылы әлемдік олимпиадада күнделікті тамақтануда осы кордицепс саңырауқұлағын тұтыну арқылы жеңіске қол жеткізген-мыс.

Таңқаларсыз, алайда тотықұстардың барлығы бірдей мейірімді емес. Кеа деп аталатын тотықұстардың түрі қойларға шабуыл жасап, кейде оларды өлтіріп те қояды екен. Бұл құстардың салмағы бір келіден төмен, ал ұзындығы 45 сантиметр. Олар қойларға жалғыз болып та, тобымеен де шабуылдай береді.

Гиннес рекордтар кітабы қалай және қашан шықты?

Ал әлемдегі ең алып тал - Президент АҚШ-тың ұлттық саябағында өсіп тұр. Ағаштың жасы шамамен 3200 жыл, ал діңгегінің диаметрі 7,1 метрге жетеді. Секвойя деп аталатын бұл ағаш әлемдегі ең ірі ағаш болып саналады. Оған дейін ең алып ағаш «Орман анасы» атанған секвойя ағашы 1854 жылы қурап, кейін оны өрт шалған. Оның диаметрі 28 метр, ал биіктігі 100 метр болған. Ол уақытта фотосуретке түсірудің аса дамымаған уақыты, сондықтан ағашты зерттеу үшін үнемі оның қабығын жұлып алып кетіп отырған. Нәтижесінде, Орман анасының бұтақтары қурап, мүлдем жапырақ өспей қалады. Ал жиырмасыншы ғасырдың басында бұл орманда алапат өрт болып, алып ағашты да жалмайды.

Гиннес рекордтар кітабы қалай және қашан шықты?

Әлемдегі ең биік жылқының аты Сампсон. Оның биіктігі төрт аяқтап тұрғанда, 2 метр 20 сантиметрге жетеді, ал салмағы 1,52 тонна болады. Сампсон он тоғызыншы ғасырдың қырқыншы жылдарында өмір сүрген жылқы. Оның бүгінгі күнге фотосуреттері жеткен.

Гиннес рекордтар кітабы қалай және қашан шықты?

Ал 75 жастағы ағылшындық Альберт Маркантонио өзінің туған қалашығы Хитчинде ұзындығы 165 сантиметрге жететін кәді өсірген. Салақұлаш ұзын кәді рекордтар кітабына енді.

Гиннес рекордтар кітабы қалай және қашан шықты?

Сондай-ақ, кез-келген ортаның түсіне ене алатын геккон да Гиннестер кітабының рекордшысы болып табылады.

Гиннес рекордтар кітабы қалай және қашан шықты?

1921 жылы Қазан қаласында ауға іліккен бекіре балығының салмағы 1,5 тоннаны құрады. Оны рекордқа енгізген сарапшылар, мұндай балықтың әлемде бірінші рет тіркеліп отырғанын мойындады.

Гиннес рекордтар кітабы қалай және қашан шықты?

Қайта жаңартылмаған рекордтар

1955 жылдан бастап шығарыла бастаған Гиннес рекордтар кітабындағы рекордтар әр жылдарда жаңа рекордтармен жаңартылып отырды. Алайда, бүгінге дейін өзгеріссіз, өз рекордын сақтап тұрған жазбалар де жоқ емес.

Мәселен, Роберт Уодлоу есімді ұзынтұра жігіттің бойы 2 метр 75 сантиметрге дейін жеткен. Алайда, ол небары 22 жыл ғана өмір сүреді. Бір таңқаларлығы, Роберттің тұқымында мұндай ерекше ұзын бойлы адамдар болмаған. Оның әкесі де, шешесі де орта бойлы адамдар екен. Роберт Гиннес рекордтар кітабына әлемдегі ең ұзын ер адам ретінде енген.  

Гиннес рекордтар кітабы қалай және қашан шықты?

Ал ең ұзын әйел Цзэн Цзиньлянь Қытайдың Хунань провинциясында дүниеге келген. Оның бойы он жеті жасында 2 метр 46 сантиметрге жетеді. Алайда, Цзэн де өмірден ерте озады, оның пешенесіне он жеті жыл өмір сүру ғана жазылады. Ол төрт айлығынан бастап күн санап емес, сағат санап өсе бастайды. Төрт жасында Цзэннің бойы адам сенгісіз 1 метр 56 сантиметрге жетеді. Ал он үш жасында 2 метр 17 сантиметр болады. Ол әлемдегі ең ұзын әйел ретінде Гиннес кітабына енгізіледі.  

Гиннес рекордтар кітабы қалай және қашан шықты?

Ал әлемдегі ең үлкен кеңсе туралы естіп пе едіңіз?! Көз алдыңызға мұнарасы көк тіреген зәулім ғимарат елестеген болар. Шынтуайтында, мүлдем олай емес.  Бұл бес қабатт әкімшілік ғимарат. Алайда, 1955 жылы рекорд  ретінде тіркелген Вашингтондағы Пентагон ғимаратының жалпы ауданы 613 мың шаршы метрден асады екен. Оның ішінде 343000 шаршы метрі бес қабатты және екі жерасты деңгейін алып жатқан кеңсе алаңдарынан тұрады. Пентагонның дәліздері 28 км-ге дейін созылып жатыр.  Бұл ғимаратта бір уақытта 31000-нан астам адам жұмыс істеген кездер болған.

Гиннес рекордтар кітабы қалай және қашан шықты?

2020 жылы әлемдегі ең бай адам Amazon компаниясының негізін қалаушы Джефф Безос болды, оның байлығы 146,9 миллиард долларға бағаланады.  

Гиннес рекордтар кітабы қалай және қашан шықты?

Тырнағы ұзын жігіт туралы бұрын-соңды естіген боларсыз. Үндістандық Сридхар Чиллал он төрт жасынан бастап сол қолының тырнағына қайшы тигізбей өсіре бастайды. Осылайша ол тырнақтарын алпыс алты жыл бойы баптап күтіп өсірген. Оның сол жақ қолының тырнақтарын өсіруінде де үлкен мән бар. Сридхар ең болмаса, бір қолымен жұмыс жасайын деген ниетпен, оң қолының тырнақтарын күнделікті қиып отырады. Ал сол қолы ештеңеге мүлдем жарамсыз болып қалады. Сридхар ақыры тырнақтарын кесу туралы шешім қабылдаған уақытта, тырнақтарының ұзындығы 909,6 сантиметрге жеткен. Оның тырнағын өсіруіне мектепте мұғалімінің тырнақтарын тістеуіне байланысты жасаған ескертуі себеп болады. Осы кезден бастап, ол тырнақтарын қиюды мүлдем тоқтатады. Әрине, мұндай жезтырнақпен өмір сүру оңай болмады. Ол тұрмыстық қиындықтарға ғана тап болмады, сондай-ақ, мұндай тырнақтармен ұйықтау да мүмкін емес еді, үнемі ауырсыну болатын. Ақыры оның қолдарының саусақтары да қисайып, деформацияға ұшырайды. Алайда, айтқан бетінен қайтпаған Сридхар осы тырнақтармен 66 жыл өмір сүрді.

Гиннес рекордтар кітабы қалай және қашан шықты?

Найзағай ешқашан бір жерге екі рет соқпайды дейді ғалымдар. Расында солай ма? Әрине, бұл өте сирек кездесетін жағдай. Ал Рой Салливанға найзағай жеті рет түскен. Және ол жетеуінде де найзағай соққысынан тірі қалған.  Оны жерлестері «найзағай адам» деп атайды екен. Оған алғаш рет найзағай 1942 жылы түскен. Осылайша, 1977 жылға дейін Рой бейбақ жеті рет найзағайдың соққысын алған. Құдды бір Ройдың ізінен қалмай қойған «найзағай шабуылы» дерсің. Әрине, әр найзағай соққаннан кейін Ройдың есін жинауы оңай болмады. Аяқ-қолының тырнақтарын, қасын күйік шалды, шашы екі рет жанып кетеді, оның денесі ғана емес, іш құрылысы да күйіктен зардап шегеді. Жеті найзағайдан аман өткен Рой алайда, 1983 жылы өз-өзіне қол жұмсап, көз жұмады.

Гиннес рекордтар кітабы қалай және қашан шықты?

Адамдар орнатсам деп қызыға бермейтін тағы бір рекордтық жазба, бәлкім семіздік болар. Гиннес рекордтар кітабының тарихында салмағы ең ауыр адам ретінде тіркелген Джон Брауэр Минноктың салмағы 635 килограм болған.

Гиннес рекордтар кітабы қалай және қашан шықты?

Миннок кішкентайынан етжеңді болған көрінеді. Оның салмағы он екідегі жасөспірім шағында  133 килограм болған. Ал 22 жасында бойы 1 метр 85 сантиметр, салмағы 230 кг болды. Әрине, артық салмақ Минноктың денсаулығының күрт төмендеуіне алып келді. Миннок 16 ай ауруханадан шықпаситан жатып ем қабылдады. Ол бір жарым жыл ішінде 419 килограм салмақтан арылды. Бұл мұндай аз уақыт ішінде осыншалықты көп салмақтан арылу бойынша алғашқы рет орындалған рекорд болды. Миннок қайтадан рекордтар кітабына енді. Миннок екі жылдан кейін өмірден озады, оның қайтыс болған кездегі салмағы 262 килограм болған.

Әлемде олимпиада медалін ең көп иеленген спортшы Майкл Фелпстің есімі де рекордтар кітабына енкді. Өзінің спорттық каръерасында Фелпс 28 олимпиада медалін жеңіп алған. Оның ішінде 23 алтын, 3 күміс және 2 қола медальдар бар. Ол бес Олимпиадалық ойындарда бірнеше медаль жеңіп алған, сондықтан сарапшылар оның бұл рекордты мәңгі сақтайтынына күмән келтірмейді.

Гиннес рекордтар кітабы қалай және қашан шықты?

Америка Құрама Штаттары әскери мақсатта пайдаланылған алғашқы атом бомбасын Жапонияның Хиросима қаласына тастағанда, 150 000-ға жуық жапондық бірден, кейбірі уақыт өте келе, радиациялық күйік пен сәулеленудің салдарынан қайтыс болған. "Сәби" Хиросимаға лақтырылғаннан екі күн өткен соң, "семіз адам" деп аталатын тағы бір бомба Нагасакиге лақтырылады.  Жарылыс салдарынан 39000-нан 80000-ға дейін адам қайтыс болды. Бомбалаудың алғашқы күнінде зардап шеккендердің жартысынан көбі қайтыс болды.  Тірі қалғандардың ішінде екі мәрте бомбалау алаңына түскен адам Цутому Ямагути Хиросимаға алғашқы бомба түскен уақытта сол жақта іссапарда болады. Қаланың түгелге дерлік қирағанын, адамдардың жермен жексен болғанын көзімен көрген Ямагути туған қаласына қайтып оралады. Өкінішке орай, оның туған жері Нагасаки де Ямагути келгеннен кейін Хиросиманың кебін киеді. Ямагути екі қаладағы бомбалаудан дін аман қалды және ол 93 жасқа дейін өмір сүріп, 2010 жылы асқазан обырынан қайтыс болады.

Гиннес рекордтар кітабы қалай және қашан шықты?

Ал 30 жыл ішінде 600-ден астам рекорд орнатқан Ашрита Фурман ешқашан өз рекордын жаңартуға ұмтылмаған, ол керісінше, әр жыл сайын тың рекордтар орнатуға күш салған.

Гиннес рекордтар кітабы қалай және қашан шықты?

Адамның мүмкіндігі шексіз

Адам денесінің физикалық мүмкіндіктерінің шексіз екендігі бұрыннан белгілі.  Ғалымдар бұған ғылыми дәлел іздеп жатқанда, ғалам тұрғындары сөзден іске көшіп, өз мүмкіндіктерінің шегін көрсетуде.

Рекорд - 24 минут 11 секундқа тыныс алу

Медицина қарапайым жаттықпаған адамның 5 минут уақыт оттегісіз өмір сүре алатынын айтады. Ал сүңгуірлер су астында 9 минутқа дейін дем алмай жүзе алады. Бұл шектеулі уақыттан кейін ауа жетпесе, адамның өліп кетуі әбден мүмкін.

Гиннес рекордтар кітабы қалай және қашан шықты?

Алайда, 2016 жылы испандық спортшы Алекс Сегура 24 минут 3 секунд су астында тыныс алу құралынсыз болған.  Ал 2 жылдан кейін хорваттық Будимир Шобат бұл рекордты бұзып, су астында оттегісіз тыныс алмаудың уақытын 8 секундқа ұзартты.

Олар суға қойып кетпес бұрын, жағалауда тұрып біраз уақыт қарқынды дем алып, денені оттегімен толтырады. Сондай-ақ, сүңгу кезінде олар толығымен қозғалыссыз күйде болды. Бірақ тіпті осы "трюктарды" қолданудың өзі бұл рекордтың сәтті шығуына кепіл бола алмайды.  

Рекорд – ең көп араға талану

Ара шағады деген қорқыныш адам бойынша бала кезінен бастап қалыптасатын секілді. Әйтеуір, ара көрсек, кәдуілгідей одан қаша жөнелетініміз де рас енді.  Ал қытайлық Гао Бингтің арадан қорықпайтыны былай тұрсын, ол 2014 жылы денесіне 1,1 миллион араны қонақтатып, осылайша бір сағат бойы аралармен «сұқбат» құрып отырған. Оның денесіне қонақтаған аралардың салмағы шамамен 109 килограм болған. Араларыдң арасында Гао Бингті тістеп шағып алғандары да болған. 

Гиннес рекордтар кітабы қалай және қашан шықты?

Сондықтан, Гао Бинг жәй отырмай, бәс соңында денесін ұрғылай бастайды. Ол қанша шыдамдылық танытамын дегенімен, араның тері арқылы ағзаға откен уы оның дене температурасының көтерілуіен әкеліп соқтырды. Ақыры Гао Бинг орнынан тұрып, ыстық ваннан қабылдау туралы шешімге келеді. Қалай дегенмен де, оның мақсаты орындалды және оның бұл «ерлігі» Гиннес рекордтар кітабына енгізілді.

Рекорд - салмағы 189 тонна әскери ұшақты сүйреу

Онтарио штатындағы Сент-Пол шіркеуінде қызмет ететін 51 жастағы канадалық діни қызметкер Кевин Фастс 2009 жылы салмағы 189 тонна болатын CC-177 Globemaster-III әскери ұшағын орнынан қозғауға шешім қабылдады. Ол әуе кемесін жылжытып қана қоймай, оны 9 метрге дейін жалғыз өзі сүйрейді.

Гиннес рекордтар кітабы қалай және қашан шықты?

Рекорд - әлемдегі ең үлкен мотоциклді құру

Итальяндық механик-дизайнер Фабио Реджиани әлемдегі ең үлкен мотоциклді жасап шығарды. Оның биіктігі 5 метрге жетеді. Оны құру үшін итальяндықтың өзі және оның командасы 7 ай үздіксіз жұмыс жасаған.

Гиннес рекордтар кітабы қалай және қашан шықты?

Бұл мотоцикл тек сәндік қондырғы ғана емес, сонымен қатар нағыз көлік құралы, өйткені ол қуатты қозғалтқышпен жабдықталған.

 Рекорд – биіктіктен секіру

Швейцариялық клиффдивер Ласло Шале биіктіктен секіру бойынша әлемдік рекорд орнатты. Альпіге бара жатып, ол биіктігі шамамен 59 метр (58,8) болатын табиғи биіктіктен суға секірді. Бұл шамамен 19 қабатты үйдің биіктігі.

Шале қонуы керек резервуардың бетін жұмсарту үшін бірнеше ионизаторлар суға алдын-ала батырылды.

Рекорд - 7,6 шақырым биіктіктен парашютсіз секіру

Американдық скайдайвер және парашютші Люк Эйкинс 7,6 шақырым биіктіктен парашютсіз секіру арқылы әлемдік рекорд орнатты. Трюк тікелей эфирде көрсетілді, сондықтан экстремалдың жетістіктерін бүкіл әлем бақылап отырды.

Гиннес рекордтар кітабы қалай және қашан шықты?

Осындай биіктіктен секіргенде жазатайым оқиғаға тап болмау үшін Эйкинс төмендегі құрылыс шүмектеріне созылған торға түсуі керек болды. Бұл тордың мөлшері футбол алаңының 1/3 құрайды. Эйкинс торға сәтті қонды.

Рекорд - 201,422 метр биіктіктен баскетбол себетіне доппен түсу

Австралиялық Дерек Херрон Африкадағы Маленцуньяне сарқырамасының басында тұрып, допты баскетболды себетке 201,422 метр биіктіктен лақтырып, әлемдік рекорд орнатты.

Гиннес рекордтар кітабы қалай және қашан шықты?

(Фотосуреттер ашық дереккөздерден алынды)  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға