Жаңалықтар

Гидрогеология Ғылымы

Г. геологияның бір саласы болып табылатындықтан, жер асты суларын тау жыныстарымен, Жер қыртысының даму тарихымен тығыз байланыста зерттейді.
28.08.2014 09:27 13377

258

ГИДРОГЕОЛОГИЯ (гидро... және геология) — жер асты суын зерттейтін кешенді ғы-лым саласы. Ол жер асты суларының пайда болуын, таралуын, алмасуын, физ. қасиеттерін, хим. құрамының қалыптасуын, жер бетіне шығу жолдарын, қозғалысын, режимін, тау жыныстары арасындағы орналасу пішіндерін, қорының шамасын, ластануын, пайдалану тәсілдерін зерттейді. Г. геологияның бір саласы болып табылатындықтан, жер асты суларын тау жыныстарымен, Жер қыртысының даму тарихымен тығыз байланыста зерттейді. Г. жер асты суларын кәсіпорындар мен қалаларды, басқа елді мекендерді, демалыс және емдеу орындарын, мал жайылымдарын сумен қамтамасыз етуге, жер суғаруға, суландыруға пайдаланудың, судан әр түрлі тұздарды және өндірістік маңызы бар хим. элементтерді ажыратып алудың жолдарын белгілейді. Күрделі гидротех. және мелиоративтік құрылыстар салғанда, кен өндіруде, шахта қазғанда жер асты суының тигізетін әсерін анықтайды. Зерттейтін мәселелеріне байланысты Г-ның мынадай негізгі салалары бар: жалпы Г., жер асты суының алмасуы (гидрогеодинамика), аймақтық Г., жер асты суын іздеу мен барлау әдістері, кен орындары Г-сы, гидрогеохимия, мелиоративтік Г., минералдық сулар туралы ілім, мұнай Г-сы. Г. Жер туралы ғылымдармен, олардың ішінде ең алдымен геодинамикамен, геохимиямен, геофизикамен, гидрологиямен, сондай-ақ физика, химия, математикамен тығыз байланысты. Дербес ғылым ретінде Г. 20 ғ-дың 20-жылдары қалыптасты. Г-ның дамуына көп еңбек сіңірген қазақстандық ғалымдар: У.М. Ахмедсафин, Н.Ә. Кенесарин, Ж.Сыдықов, С.Мұхамеджанов, Ә.К. Жәкелов, В.В. Веселов, т.б. 1940 ж. Геол. ғылымдар ин-тында Г. бөлімі (1965 жылдан Гидрогеология және гидрофизика ин-ты) ашылып, акад. У.М. Ахмедсафиннің жетекшілік етуімен Г-ның қазақстандық мектебінің негізі қаланды.

Су қорының шектеулігіне байланысты Г. ғылымының Қазақстан үшін маңызы зор. Республикада гравитациялық тұщы, минералды, шипалы, радиоактивті, өндірістік бағалы жер асты сулары, қатты кендер, мұнай, газ кен орындарының сулары зерттелді. Жер асты суларының қалыптасуы, таралу, орналасу заңдылықтары, қоры, режимі, балансы жөніндегі ілім, минералды және термальді сулар туралы ілім дамыды. Гидрогеол. түсірімдер, жер асты суларын іздеу және барлау жұмыстары жүргізілді. Гидрогеохим., мелиоративтік Г., гидрогеол. процестерді модельдеу және болжау салаларынан іргелі зерттеулер орындалды. Республикадағы пайдалануға болатын жер асты суының жалпы қоры 1200 м3/с шамасында. Осы қор 50 қаланы, 4000-нан астам елді мекендерді, миллиондаған гектар жайылымдықтар мен мыңдаған гектар егістіктерді суландыруға мүмкіндік берді; қ. Гидрогеологиялық карта, Жер асты сулары.

Әдеб.: Гидрогеологические условия Казахстана, А.-А., 1975; Гидрогеология, М., 1984; Сапарбайұлы К., Геология және гидрогеология негіздері, А., 1996; Сыдыков Ж.С., Шлыгина В.Ф., Подземные воды Казахстана, А., 1998.

 

                                                                                                                                 Б. Жұматаев

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға