Жаңалықтар

Германияда тәжірибе жинап жүрген дәрігер мықты маман болудың құпиясын айтты

Германияда тәжірибе жинап жүрген дәрігер мықты маман болудың құпиясын айтты
Фото: жеке мұрағат 22.11.2024 15:19 315

Дәрігер болу – әркімнің қолынан келе бермейтін ерекше мамандық. Бұл жолды таңдау тек еңбекқорлық пен білімге ғана емес, науқастардың тағдырына деген жанашырлық пен адалдыққа да негізделеді. Оразбек Тәшімбетов – еліміздің медицина саласындағы кемшіліктері мен мүмкіндіктерін көріп, Германияда білімін шыңдауды мақсат еткен маман. Сұхбат барысында ол өмір жолы, медицинадағы тәжірибесі мен алдағы жоспарлары туралы кеңінен әңгімелеп берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мен өзім жайлы айтқанда әрқашан 3 мемлекетті атап өтемін. Өзбекстанда дүниеге келіп, Қазақстанның азаматтығын алдым, қазіргі таңда Германияда жұмыс істеп жатырмын. Дәрігер ретінде білімімді жетілдіріп жатырмын. Өзбекстанда туып-өсіп, 2016 жылы Астана медицина университетіне оқуға түстім. 5-курс оқитын кезімде ел азаматтығын алдым. 7-курс бітірген соң резидентураға Германияға түсу туралы шешім қабылдадым. Қазір осы жақта білімімді шыңдап жатырмын. Отбасым Өзбекстанда тұрады. Өзім осы жылы Атыраудың тумасына үйленіп, отбасын құрдым. Келіншегім де мен жұмыс істейтін клиникада тәжірибе жинап жүр, - деп бастады ол әңгімесін.

Оразбек дәрігер болу туралы шешімді бала кезінен-ақ қабылдағанын айтады. Бұл таңдау оның жиі ауыратын балалық шағымен байланысты.

Дәрігер мамандығын мен таңдамадым, мені таңдағандай болды. Өйткені, мен бала кезімнен жиі ауырдым, солай кішкентай күнімнен «кім боласың?» дегенде «дәрігер боламын, оның ішінде лор маманы боламын» деп жауап беретінмін. Авиценнаның «ауырған емес, басынан өткерген нағыз дәрігер» деп айтқан. Сол секілді лор ауруларын басымнан өткергендіктен, науқастарды жан-тәніммен сезініп тұратынмын. «Науқастың мына жері ауырып жатыр, осындай нәрсені сезініп жатыр» деп ойлайтын ем. Ешқандай өкінішім жоқ, осы мамандықты таңдағаныма қуанамын. Университеттегі жылдарым өте тез өтті, - дейді Оразбек Тәшімбетов.

Ол отандық университеттердегі жүйенің кемшілігіне тоқталып өтті.

Елордадағы Астана медициналық университеті мен үшін әрқашан алғашқы орында тұрады. Дегенмен, біздегі оқу жүйесінің кейбір кемшіліктері бар екенін жоққа шығармаймын. Студенттерге керек емес пәндерді көп оқытады. Өмірде қолданылмайтын сабақтардың сағаты көп, ал маман болып қалыптасуға көмектесетін пәндердің сағаты аз болатын. Университетте тәжірибе жинау жағы еш қиындық тудырмайтын. Астанадағы кез келген ауруханаға кіріп, тәжірибе жинауға болады. Шын мәнінде университеттегі білім емес, адамның жеке қызығушылығы мен білуге деген құштарлығы көп нәрсені шешеді. Үйренем, білем, көрем деген адамға университеттің де айырмашылығы болмайды, - дейді Оразбек Тәшімбетов.

Қазақстандағы медициналық білім алу барысында қаржылық қиындықтардың жиі кездесетінін атап өтті.

Медицина факультетінде оқитын көптеген студенттердің басты проблемасы туралы айтайын. Ол 5-6-7 курстар, резидентура кезі. Мысалы, сен 5 жылдық білімнен соң лор маманы атануың үшін тағы 2 жыл оқуың керек болады. Осы кезде қаржылық қиындықтар туындайды. Студенттер есейген сайын отбасын құрады, жауапкершілік алады. Олардың шәкіртақысы жетпей жатады. Осы тұста студенттердің басым бөлігі жұмыс істеп жатады. Ал жұмыс істеген студенттің білім алуға деген құштарлығы 50 пайызға төмендейді. Олар жұмыс істеп жүріп, жоғары жалақы алуы мүмкін. Бірақ сол сәтте «маған медицина қажет емес қой» деген ой да келуі мүмкін. Адам жұмыс істегенде шаршап, энергия жетпей қалады. Резидентураға түскенде де оның стипендиясы 100 мыңның айналасында. Ал резиденттердің арасында бірнеше баласы бар отбасы да болады. Олар үшін бір шәкіртақымен өмір сүру қиынға соғады. Бұл еліміздегі медицина саласында оқитын студенттердің мұңы, жанайқайы десем де болады. Резидентурада таңнан кешке дейін ауруханада жүріп, оқисың. Күні-түні ауруханада жүріп, айына бір шәкіртақы аласың. Осы қиындыққа шыдамаған дәрігерлер оқуды жарты жолдан тастауға мәжбүр болады, - дейді жас дәрігер.

Оразбек еліміздегі дәрігерлердің құжатқа байланысты жүктемесі көп екенін айтады.

Қазақстанда дәрігер болып жұмыс істеп көрмедім. Себебі, мен 7-курсты бітірген соң бірден Германияға кетіп қалдым. Оқып жүрген шағымда санитар және мейіргер болып жұмыс істедім. Көп уақытымыз құжатпен жұмысқа кететін. Соның кесірінен науқастар да дәрігердің жұмысына көңілі толмай, шағымданатын. Көптеген науқастардың «Дәрігерлер компьютерден көзін алмайды» деп жиі айтатынын естіген боларсыз. Әрине, көзін алмайды. Себебі, барлық пунктті толтырып отыру керек. Оны дұрыс толтырмаған жағдайда басшылықтан шағым келеді. Дәрігерлер осы шеңберден шыға алмай жүреді. Науқасқа көп қараса, құжаты толтырылмайды, құжат толтырса, науқасқа қарай алмайды. Бұл нәрсеге өзім көз жеткізіп, түсіндім. Көп адамның жұмысқа деген құштарлығы осы жерден жоғалады. Бір науқасты қабылдап болған соң, оған қатысты қандай ем тағайындап, қайда жібергеніңе дейін бәрін жазасың. Ал сол сәтте келесі науқас келеді. Сонда әр науқасқа жеткілікті көңіл бөлінбейтінін айтқым келеді. Германиядағы медицинаның өз кемшілігі жетерлік, - дейді ол.

Оразбек Германияға «Work&Travel» бағдарламасы арқылы келіп, жергілікті медицинаның мүмкіндіктерін көрген соң осы елде қалып, білімін жалғастыруға бел буған.

Германияға кету менің арманым болды деп айта алмаймын. Бұл менің жас кезімде тәуекелге бел буып, тосыннан қабылдаған шешімім болды. 2022 жылы Германияға «Work&travel» бағдарламасымен келгем, маған қатты ұнаған. Бұл жақтағы дәрігерлерге деген құрметі мен жалақысы, еңбегінің бағалануы қатты ұнады. Сонан соң осында келіп, тәжірибе жинасам деген ой туындады.  7-курста оқып жүргенде неміс тілін үйрене бастадым. Бірақ өз елімізде резидентураға лор мамандығына түсемін деп ойлағам. Бірақ оқуды аяқтаған соң бірден Германияға барам деп шештім.  Қазір дәрігердің ассистенті ретінде жұмыс істеп жүрмін. Германияға келген соң жаңа мүмкіндіктерді көрген соң, таңдаудан қателеспегенімді түсіндім, - дейді ол.

Дегенмен, Германиядағы медицина да мінсіз емес. 

Германия ақ халатты абзал жандарға аса қатты құрметпен қарайтын ТОП-5 мемлекетке кіреді, Соған сай дәрігерлер де пациенттерге де жақсы қарайды. Дәрігерлердің науқастармен тығыз байланысы таңғалдырды. Күн сайын 8 сағат жұмыс істеп, жұмыста артық уақыт өткізсең, созылған уақытқа ақша төленеді. Дәрігерлерге облыс пен аурухананың мекен-жайына және дәрігердің біліктілігіне сай жалақысы да өзгеріп отырады. 3-,5-5 миллион еуроға дейін жалақы алуы мүмкін. Басшылықтағы дәрігерлердің жалақысы мұнан да көп.

Германияда жүргеніме 1 жыл уақыт болды. Бірақ бірден жұмысқа кіріспедім. Бастапқыда тіл деңгейім төмен болды, емтихандарды тапсыру керек болды. Солардың барлығын өтіп, жаз айынан бастап ресми клиникада жұмыс істеп бастадым. Қазақстан мен Германия медицинасының арасында аса бір айырмашылық жоқ. Дегенмен, айта кететін тұстары бар. Германияда дәрігер мен резиденттің арасындағы үлкен қабырға жоқ. Дос болып араласып, бір-біріне үйретіп, көрсетуден жалықпайды. Өйткені, шәкірт қанша көп тәжірибе жинаса, ол өзінің тәлімгерінің науқастарын алады. Бұл елде науқас өте көп, дәрігерлерге сұраныс жоғары. Өкінішке қарай, біздің елде үйретуге селқос қарап жатады. Үйретсе, науқасын тартып алатындай көзқарас бар. Құрал-жабдық, қажетті препараттар жағынан Германияның көш ілгері екені сөзсіз. Фармацевтикалық, медициналық жабдықтарының сапасы жоғары, микроскопиялық операциялар өте жоғары деңгейде өтеді. Науқастармен байланысы өте жақсы. Қазақстанда алған 7 жылдық біліміммен келіп, қателескен кездерім де көп болды. Дегенмен, мұндағы дәрігерлер қателесуді қалыпты жағдай деп қабылдайды, үйретуден жалықпайды, әр нәрсені бүге-шүгесіне дейін түсіндіреді. Хирургияда қол жуудан бастап көрсетеді. Тағы бір артық тұсы – құжаттармен бас қатырмайсың. Бюрократиялық мемлекет ретінде үшінші орында тұрғанына қарамастан ауруханада сансыз құжат толтырылмайды. Мысалы, кардиолог ЭКГ-ны өзі түсіруі керек, ал гинеколог УЗИ-ға түсіре білуі тиіс. Лор өзі науқасын рентгенге түсіруі керек, - дейді отандасымыз.

Оразбек өзі секілді шет елде тәжірибе жинағысы келетін замандастарының көп екенін және бәсекелестіктің жоғары екенін айтады.

Менің келіншегім де осы ауруханада жұмыс істейді. Бірақ ол хирургия бағытынан басқа бағытқа кетуі мүмкін. Ол неврологиялық клиникаға ауысқысы келеді. Бұл жақтағы жүйе басқаша. Дәрігердің бәрін резидентурада оқытпайды. Жұмыс істеуіне рұқсат береді, бірақ қызметі негізгі дәрігердің көмекшісі болумен шектеледі. Ассистент дәрігердің жалақысы дәрігердің жалақысынан аз ғана айырмашылығы болады, өмір сүруге де, ата-анасына көмектесуге де жетеді. Сондықтан да олар бос уақытын оқуға арнайды.

Германияда да «дипломың бар екен, жас маман екенсің, тәжірибең бар екен» деп ешкім күтіп тұрмайды. Түркиядан, Украинадан, Ресейден көптеген дәрігерлер келеді. Бәсекелестік өте жоғары. Мұнда біраз тәжірибе жинаған соң, Қазақстанға оралып, үлесімді қосқым келеді. Өз клиникамды ашып, медицинаның барлық саласын қамтитын, операциялар да жасайтын жеке орталық ашқым келеді. Осылайша Қазақстанда оқып жүрген көптеген студенттерге мүмкіндік сыйлағым келеді. Себебі, біздің елде оқудан шаршамайтын студенттер жетерлік. Олар қателесуден қорқып, ұрыс естуден беті қайтып, барлық қабілетін аша алмай қалады. Студент уайымсыз-қайғысыз, тұрақты жалақы алып, оқитын болса мықты дәрігер болып шығады, - дейді Оразбек Тәшімбетов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға