Фото: depositphotos.com

Германияда қазақстандық концлагерь тұтқындарының рухына тағзым жасалды

Германиядағы Бухенвальд мемориалдық кешенінде нацистік концлагерь тұтқынында болған қазақстандықтарға арналған естелік тақта ашылды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы 24.kz-ке сілтеме жасап.

1937 жылдан соғыс аяқталғанға дейін нацистік Германияның ең ірі концлагерьлерінің бірінде 280 мың адам қамауда болған. Олардың 56 мыңы аштықтан, азаптаудан және түрлі аурулардан қаза тапқан. Солардың арасында Қазақстан азаматтары да бар.

Зерттеушілер архив деректерін қалпына келтіріп, қаза тапқандардың аты-жөні, туған күні мен жерін анықтаған. Нәтижесінде олардың көпшілігі Алматы, Атырау және Ақмола облыстарынан шыққаны белгілі болды.

Бухенвальд пен Миттельбау-Дора мемориалдар қорының стратегиялық коммуникациялар және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы, тарихшы Рикола-Гуннар Люттгенаудың айтуынша, нацистік билік әрбір тұтқынды мұқият тіркеп отырған, дәл осы архивтер адамдардың есімдерін қайта қалпына келтіруге мүмкіндік берген.

Бухенвальдта болған оқиғалар – тек неміс немесе кеңестік тарих қана емес. Мұнда есімі жоқ адамдар емес, әрқайсысының өз тағдыры, өз шыққан тегі бар жандар қаза тапты. Естелік тақта мұны алғаш рет айқын көрсетіп, лагерь тұтқындарының арасында қазақстандықтар да болғанын еске салады, – деді ол.

Қазақстандықтардың рухына арналған мемориалдық тақта бұрынғы крематорий ғимаратына орнатылды. Мұнда алғаш рет QR-код қолданылған. Ол архитектуралық нысанның ресми сайтына бағыттап, онда 35 қазақстандықтың есімі жарияланған.

Тарихшы Перизат Садуақас Бухенвальд тарихындағы қазақстандық із туралы екі жыл бұрын кешенге барған кезде білген. Бұл оның зерттеу жұмысына бастау болды. Кейін Бухенвальдпен бірлескен жоба аясында бірегей тізім қалпына келтірілді.

Біз қазақ, орыс және неміс тілдерінде транскрипция дайындадық. Тізімде тұтқындардың туған жері мен күні, жеке нөмірлері көрсетілген. Мәліметтерді іздеу, жинау және жүйелеу қызықты болғанымен, оңай болған жоқ. Бұған екі жыл кетті. Мемориалдық тақтаны өз қаржыммен орнатсам да, ол тұтқындардың ұрпақтары атынан және бүкіл Қазақстан халқының құрмет белгісі ретінде қойылды, – деді ол.

Естелік тақтаның ашылу салтанатына дипломаттар, неміс тарихшылары, студенттер мен Қазақстаннан келген қонақтар қатысты. Мамандардың айтуынша, Бухенвальдтағы қазақстандықтар тақырыбы әлі толық зерттелмеген, сондықтан бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді. Неміс тарапы жан-жақты қолдау көрсетуге дайын.

Бұл жұмыс ауқымды зерттеуді талап етеді. Бәрі екі жыл бұрын Қазақстан тарапынан қойылған «Біздің елден қанша адам осында болды?» деген сұрақтан басталды. Бүгінде біз Бухенвальдта болған 35 қазақстандықтың есімін білеміз, алайда олардың қашан келгені, аман қалғаны не қалмағаны, тағдырлары қалай өрбігені әлі белгісіз, – деді Бухенвальд пен Миттельбау-Дора мемориалдар қорының білім беру бөлімінің басшысы Хольгер Оббариус.

Оның айтуынша, есімдерді атау маңызды, бірақ бұл адамдардың өмір жолын одан әрі зерттеу де қажет. Зерттеу жұмыстары жалғасады, себебі бұл – тек бастау кезеңі ғана.