©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney

Германия зауыттарында жұмыс уақыты қысқарады

Германияның Bosch және ZF Friedrichshafen (ZF) компаниялары елдегі бірқатар зауыттында жұмыс күнін қысқартуға мәжбүр. Бұл туралы Manager Magazin басылымына сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.

Мұндай шешім чип жеткізудегі кідірістерге байланысты қабылданған. Бұл қиындықтар нидерландтық Nexperia компаниясы төңірегіндегі белгісіз жағдайдың салдарынан туындап отыр.

Bosch компаниясы Төменгі Саксония федералдық жеріндегі Зальцгиттер қаласында орналасқан зауытта қысқартылған жұмыс күнін енгізу туралы өтініш берген. Мұнда қозғалтқышты басқару жүйелері өндіріледі және шамамен 1 400 адам еңбек етеді. Қанша қызметкер қысқартылған жұмыс режиміне ауысатыны әзірге белгісіз.

ZF компаниясы да «бірқатар зауытта» жұмыс уақытын азайтуды жоспарлап отыр. Қазір компания Бавариядағы Швайнфурт қаласындағы ең ірі кәсіпорындарының бірі бойынша өндірістік кеңеспен келіссөздер жүргізіп жатыр.

Бұл жағдай Нидерланд экономика министрлігінің 12 қазандағы шешімінен кейін ушыға түсті. Министрлік қытайлық Wingtech холдингіне тиесілі Nexperia компаниясына қатысты «тауарларға қолжетімділік туралы заңды» қолданған. Бұл заң елдің стратегиялық активтерін қорғау үшін тек ерекше жағдайда пайдаланылады.

Араға екі күн салып, Амстердамның апелляциялық соты Nexperia басшысы Чжан Сюэчжэнді қызметінен уақытша шеттету туралы шешім шығарды. Оның орнына уақытша директор тағайындалып, компанияның барлық акциялары (біреуінен басқа) тәуелсіз басқарушының бақылауына берілді.

Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, Қытай билігі осыған жауап ретінде Nexperia компаниясына қарсы экспорттық шектеулер енгізіп, оның Қытайдағы бөлімшесіне және мердігерлеріне кейбір компоненттерді шетелге шығаруға тыйым салды.