Германия үкіметі Ұлттық қауіпсіздік кеңесін құру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Канцлердің төрағалығымен Ұлттық қауіпсіздік кеңесін құру туралы шешім қабылданды. Бұл қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы тәжірибе мен білімді тиімді жинақтап, қолдануға мүмкіндік береді, – делінген Министрлер кабинеті таратқан баспасөз релизінде.
Жаңа орган түрлі мемлекеттік құрылымдардың жұмысын үйлестіріп, олардың сыртқы және ішкі, экономикалық әрі ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәжірибесін біріктірмек.
Кеңес үш негізгі міндет атқарады:
ұлттық қауіпсіздікке қатысты шешімдер қабылдау;
тек ағымдағы оқиғаларға емес, сонымен қатар орта және ұзақ мерзімді жоспарлауға көңіл бөлу, ықтимал әрекет нұсқаларын әзірлеу;
Германияның «тұрақтылығын» қамтамасыз ету, соның ішінде дағдарыс жағдайларына ден қою машықтарын жетілдіруге бағытталған жаттығулар өткізу.
Кеңестің құрамына Қорғаныс министрі, Сыртқы істер министрі, Ішкі істер министрі, Экономика және энергетика министрі, Әділет министрі кіреді. Қажет болған жағдайда, кеңес жұмысына Германияның федералдық жерлерінің өкілдері, ЕО мен НАТО құрылымдары, халықаралық ұйымдар, сондай-ақ арнайы қызметтер, қауіпсіздік құрылымдары, талдау орталықтары мен ғылыми қауымдастық өкілдері тартылады.

