Жаңалықтар

Германия президенті: Қазақстан – Орталық Азиядағы негізгі серіктесіміз

Германия президенті: Қазақстан – Орталық Азиядағы негізгі серіктесіміз
Фото: Akorda.kz 20.06.2023 12:53 897

Бұл туралы Германияның Федералды президенті Франк-Вальтер Штайнмайер айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Германия Федералды президенті Қазақстанмен ынтымақтастық серіктестікті одан әрі арттыратынын айтты.

Мен біздің мемлекеттер, Орталық Азия және Еуропа арасындағы ынтымақтастықты нығайту бағытында өте тығыз жұмыс істедім. Екіжақты қарым-қатынастың мәртебесі туралы айтқан сөзіңізбен толықтай келісемін. Біз дипломатиялық қатынастардың соңғы 30 жылын ғана емес, сонымен бірге ұлғайып келе жатқан экономикалық қатынастарымызға да көз жүгіртеміз. Өз сөзіңізде Қазақстанда көптеген неміс компаниясы барын, олардың табысты қызмет етіп отырғанын айттыңыз. Экономикалық қарым-қатынастардан басқа, ғылыми институттарымыз арасындағы ынтымақтастықты да дамытамыз деген ойдамын. Бүгін неміс ғылыми мекемелері мен қазақстандық мекемелер арасындағы жаңа ынтымақтастыққа бастама көтергіміз келеді, - деді Франк-Вальтер Штайнмайер.

Германия басшысы кездесу барысында «Орта дәліздің» маңызы туралы талқыланғанын атап өтті.

Біздің көптеген ұқсастығымыз бар. Қазақстан – Орталық Азиядағы негізгі серіктесіміз. Біз сіз бастамашылық еткен Қазақстандағы реформалар бағытын қолдаймыз, - деді ол.

Франк-Вальтер Штайнмайер Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі Конституциялық сотты қалпына келтіргенін, Парламентті нығайтудағы рөлін жоғары бағалады.

Біз Германия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, оны жалғастыруға ниеттіміз. Қыркүйек айындағы сіздің сапарыңызды асыға күтеміз, - деп түйіндеді Германияның Федералды президенті.

Биыл Қазақстан мен Германия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 31 жыл толды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға