Геолог күні: 10 мың кен орны және миллиардтаған инвестиция
Жыл сайын сәуір айының алғашқы жексенбісінде Қазақстанда және бірқатар посткеңестік елдерде Геолог күні аталып өтеді. Бұл мереке – жер қойнауын зерттеп, табиғи байлықтарды ашуға үлес қосқан мамандарға көрсетілген құрметтің белгісі.
Геолог күні алғаш рет 1966 жылы Кеңес Одағында ресми түрде бекітілді. Бұл бастама елдің минералдық-шикізат базасын дамытуға зор үлес қосқан геологтардың еңбегін бағалау мақсатында енгізілген. Қазақстан да сол дәстүрді жалғастырып келеді.
Қазақстан – табиғи ресурстарға бай ел. Мұнда мұнай, газ, көмір, уран, түрлі металдар қоры мол. Осы байлықтарды табу мен игеруде геологтардың еңбегі ерекше.
Геологтардың жұмысы көбіне экспедициялармен байланысты. Олар:
- тау-тасты, шөлді, орманды аймақтарды зерттейді;
- жер қабаттарының құрамын анықтайды;
- пайдалы қазбалардың орналасуын болжайды;
- жаңа кен орындарын ашады.
Бұл мамандық табандылықты, төзімділікті және ғылыми білімді талап етеді.
Геолог күні – тек кәсіби мереке ғана емес, ел экономикасының дамуына үлес қосып жүрген мамандарды құрметтеу күні. Жер қойнауындағы байлықты зерттеу арқылы геологтар болашақ ұрпақтың игілігі үшін еңбек етіп келеді.
Елімізде жер қойнауын пайдалану жүйесін жетілдіру бағытында нақты қадамдар жасалып жатыр. Соның бірі – қызметтерге ашық қолжетімділікті қамтамасыз ететін Бірыңғай порталдың іске қосылуы. Бұл жүйе арқылы жер қойнауын пайдалану процестері барынша ашық әрі қолжетімді бола түсті.
Атап айтқанда, «Бірінші келді – бірінші алды» қағидаты негізінде құқық беру рәсімдері айтарлықтай жеңілдетілді. Мұндай тәсіл халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылады. Соның нәтижесінде соңғы үш жыл ішінде геологиялық барлау саласына шамамен 280 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция тартылған.
Сонымен қатар, қорлар бойынша есептіліктің халықаралық стандарттары енгізіліп, саланың ашықтығы мен сенімділігі артты. Ал геологиялық зерттеулерге жүйелі көзқарас қалыптастыру үшін 1:50 000 масштабындағы геофизикалық карталарды жасау жұмыстары басталды.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, бүгінгі таңда геология тек салалық бағыт емес, экономикалық және технологиялық дамудың маңызды құрамдас бөлігіне айналып отыр.
Оның мәліметінше, Қазақстанда шамамен 10 мың кен орны бар. Оның ішінде 1 мыңнан астамы қатты пайдалы қазбалар, 359-ы көмірсутектер, 3 700-ден астамы кең таралған пайдалы қазбалар және 4 900-ге жуығы жерасты су көздері.
Қазіргі таңда Қазақстанда геология саласын дамытудың заманауи әрі технологиялық моделі қалыптасып келеді. Басым бағыттардың қатарында техногендік минералдық түзілімдерді экономикалық айналымға енгізу, жерасты сулары қорын түгендеу, сондай-ақ цифрлық трансформацияға бейім жаңа буын мамандарды даярлау бар.
Осы бағытта Астанада геологиялық кластер құрылуда. Оның құрамына сараптамалық зертхана, керн қоймасы және геологиялық ақпарат қоры кіреді. Бұл орталық кадрлық және техникалық ресурстарды біріктіріп, ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазақстан минералдық-шикізаттық әлеуеті жоғары елдердің бірі саналады. Бүгінде елімізде шамамен 10 мың кен орны белгілі. Негізгі қорлар көлемі бойынша 2,3 мың тоннадан астам алтын, 4,3 млрд тонна мұнай, 3,8 трлн текше метр газ, 33,5 млрд тонна көмір және 26,7 млрд тонна темір бар.
Сондай-ақ сирек жер металдары да ерекше маңызға ие. Оның ішінде 2025 жылы анықталған «Құйрықтыкөл» кен орнында шамамен 800 мың тонна церий, неодим, иттрий және басқа элементтердің қоры бар.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ел аумағын геологиялық-геофизикалық зерттеу көлемін 2,2 млн шаршы шақырымға дейін жеткізу жұмыстары жалғасып жатыр.
Қазірдің өзінде бұл көрсеткіш 2,04 млн шаршы шақырымға жеткен. Сонымен бірге геологиялық барлауды қаржыландыру 10 есеге артқан, ал алдағы үш жылда бұл салаға шамамен 500 млн доллар бағытталмақ.
Саладағы маңызды бағыттардың бірі – цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті енгізу. Бұл геологиялық барлау жұмыстарының тиімділігін арттырып, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге жол ашады.

