ҰОК

Геннадий Головкин Венгрия бокс федерациясының 100 жылдық мерейтойына қатысты

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті, World Boxing Олимпиадалық комиссиясының төрағасы Геннадий Головкин Венгрия бокс федерациясының 100 жылдық мерейтойын атап өтуге арналған салтанатты іс-шараның құрметті қонағы болды. Іс-шара Будапешттегі батырлар алаңында өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

ҰОК мәліметінше, Геннадий Головкин Будапештке Венгрия бокс федерациясының президенті, Олимпиада чемпионы Иштван Ковачтың арнайы шақыртуымен барды.

Мерейтойлық шараға түрлі халықаралық ұйымдардың өкілдері жиналды. Мерекеге Халықаралық Олимпиадалық комитетінің бокс ісі жөніндегі бөлімінің жетекшісі Брено Прантес, Еуропалық бокс федерациясының президенті Ларс Бровил, Панамерикалық бокс конфедерациясының президенті Элиз Сеньоль, Еуропалық бокс федерациясының вице-президенті Альмар Огмундсон, Еуропалық бокс федерациясы Атқарушы кеңесінің мүшесі Кирси Корпаэус, World Boxing президенті Борис ван дер Ворст және басқа да тұлғалар қатысты.

Мерекелік бағдарламада жас ерекшеліктеріне қарай жасөспірімдерден бастап, ардагерлерге дейін көрсетілімдік жекпе-жектер ұйымдастырылды. Сондай-ақ бұрынғы чемпиондар мен танымал тұлғалар қатысты.

Сапар барысында Геннадий Головкин World Boxing саммитіне қатысып, Будапешттің спорт нысандарын аралады.

Еске салсақ, Халықаралық Олимпиадалық комитеті World Boxing ұйымын Олимпиадалық қозғалыс аясында әлемдік деңгейде боксты реттейтін халықаралық федерация ретінде уақытша мойындады. Бұл шешім 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін Олимпиада ойындарының бағдарламасында бокстың сақталуына мүмкіндік берді.