Жаңалықтар

Геннадий Головкин Panаm Sports Бас ассамблеясында сөз сөйледі

Геннадий Головкин Panаm Sports Бас ассамблеясында сөз сөйледі
Фото: ҰОК 04.10.2024 21:45 460

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті, World Boxing Олимпиадалық комиссия төрағасы Геннадий Головкин Асунсьонде (Парагвай) Panam Sports Бас ассамблеясына қатысып, онда алғаш рет World Boxing атынан сөз сөйледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Өз сөзінде ол боксты олимпиадалық спорт түрі ретінде сақтап қалудың маңызына баса тоқталып, осы бағытта бірлесе жұмыс істеуге күш салу қажеттігін атап өтті. 

«World Boxing Олимпиадалық комиссия төрағасы ретіндегі алғашқы сапарым аясында Panam Sports Бас ассамблеясына қатысу мен үшін зор мәртебе. Бокс көптеген жыл бойы олимпиадалық бағдарламаның маңызды бөлігі саналып келді. Менің бұл спорт түріне деген құштарлығым, олимпиадашыдан кәсіби боксшыға дейінгі жолымда жинақтаған тәжірибем менің үнсіз қалуыма мүмкіндік бермейді.

Бірге күш сала отырып, қазіргі қиындықтарды еңсеріп, олимпиадалық бокс мұрасын сақтап қалатынымызға сенемін. Біздің мақсат айқын – олимпиадалық бокс көптеген спортшыға шабыт беріп, үлкен спортқа қадам басуына септігін тигізуді жалғастыруы үшін бұл спорт түрін нығайту, қолдау», - деді Головкин. 

Айта кетелік, Бас Ассамблеяға World Boxing атынан Спорт комитетінің төрағасы Эрман Сальво мен Олимпиадалық комиссия хатшысы Майк Макатти қатысты. 

Парагвайға сапары шеңберінде World Boxing Олимпиадалық комиссиясы Оңтүстік және Солтүстік Америка Ұлттық Олимпиадалық комитеттерімен бірқатар кездесу өткізді. Талқылауларда Латын Америкасындағы бокстың мәдени және спорттық феномен ретіндегі маңызына көп көңіл бөлінді. 

Геннадий Головкин Panam Sports Бас ассамблеясында жасалған жұмыс World Boxing-тің Америка құрлығында да, сонымен бірге халықаралық аренада да боксты қолдап, дамытуды жалғастыруға дайын екенін көрсететін жеткізді. 

Айта кететін бір жайт, боксты Олимпиада бағдарламасында сақтау атлеттер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашып қана қоймайды, сондай-ақ оның басты спорт түрі ретіндегі мәртебесін әлемдік деңгейде нығайта түседі. 

Күш жұмылдырылса, бокстың ары қарай өркендей, дами түсетіні де айтылды.

2024 жылғы қараша айында АҚШ-тың Колорадо Спрингс қаласында өтеді деп жоспарланған World Boxing конгресі олимпиадалық боксты дамыту, оның ішінде төрешілікті жақсарту және федерацияны қолдауға бағытталған стратегияларды талқылауға арналған маңызды платформа болмақ. 

Айта кетелік, бүгінгі күні World Boxing-ке 48 мемлекет мүше болса, тағы 10 ел қосылуға ресми түрде өтініш жолдаған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға