Геннадий Головкин І дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Ақордада Геннадий Головкинді қабылдап, оны World Boxing халықаралық федерациясының президенті болып сайлануымен құттықтады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Кездесу барысында Президент Головкинге еліміздің дамуына қосқан ерекше еңбегі үшін І дәрежелі «Барыс» орденін табыстады.
Мемлекет басшысы Головкиннің спорттық мансабында жаңа кезең басталғанын атап өтіп, оның жаһандық деңгейдегі беделді спорт ұйымын басқаратын алғашқы қазақстандық екенін ерекше айтты. Мемлекет басшысы GGG-нің тәжірибесі мен кәсібилігі халықаралық бокс қауымдастығын жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.
Өз кезегінде Геннадий Головкин көрсетілген сенім мен жоғары марапат үшін алғыс айтып, боксты әрі қарай дамытуға, бұл спорт түрінің Қазақстандағы және әлемдегі беделін нығайтуға күш салатынын жеткізді.

