Жаңалықтар

Геннадий Головкин 2024 жылғы Олимпиада ойындары аясында бірқатар маңызды кездесулер өткізді

Геннадий Головкин 2024 жылғы Олимпиада ойындары аясында бірқатар маңызды кездесулер өткізді
Фото: ҰОК 08.08.2024 00:48 561

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Париж-2024 Олимпиада аясында маңызды кездесулер өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан ҰОК басшысы аталған қызметке сайланған бойда халықаралық бағыттағы  жұмысты жетілдіруге басымдық берілетінін айтқан болатын. Париждегі жазғы ойындар барысында да ол бұл бағыттағы жұмысын жалғастыруда. Кездесулер аясында еліміздегі олимпиадалық спорт түрлерін дамыту, Олимпиадалық қозғалыстың тұтастығы және Қазақстанда ірі спорттық іс-шараларды өткізу мүмкіндігі жайлы мәселелер сөз болды. 

Атап айтар болсақ, Головкин Біріккен күрес әлемінің (United World Wrestling) президенті, ХОК мүшесі әрі ХОК атқарушы комитетінің вице-президенті Ненад Лаловичпен кездесті. Функционерлер Париждегі Олимпиада ойындары мен Қазақстандағы күресті дамыту жолдарын талқылады. Головкин мен Лалович қазақстандық балуандарды халықаралық аренада қолдау стратегиясын егжей-тегжейлі сараптап, Қазақстанда ірі күрес турнирлерін ұйымдастыру мәселесіне тоқталды. 

Халықаралық садақ ату федерациясының президенті, ХОК мүшесі әрі Түркия ҰОК президенті Угур Эрденермен өткен кездесуде еліміздегі садақ ату спортын дамыту және екі ел ҰОК-терінің арасындағы екіжақты әріптестікті нығайту жолдары талқыланды. 

ХОК вице-президенті әрі ХОК Атқарушы комитетінің мүшесі Хуан Антонио Самаранч және ХОК спорттық директоры Кит Макконелмен өткен жүздесулер барысында Қазақстанның олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға, олимпиадалық қозғалыстың тұтастығын сақтауға үлес қосуы, сондай-ақ, халықаралық спорттық ұйымдармен әріптестікті әрі қарай күшейту мәселелері сөз болды. 

Фото: ҰОК

ХОК вице-президенті әрі ХОК Қаржылық комиссиясының жетекшісі Сер Мианг мырзамен өткен кездесу кезінде халықаралық спорттық серіктестікті нығайту, спортты қолдауға арналған қаржы құралдарын дамыту және спортшылардың мүмкіндігін кеңейту мәселелері әңгіме арқауы атанды. Одан бөлек, ХОК бастамасымен киберспортты дамыту бағыттары талқыланды.

Сонымен қатар, кездесу барысында 2024 жылдың  8 қыркүйегінде Делиде (Үндістан) өтетін АОК бас ассамблеясының сайлауы жайлы да сөз қозғалды. Азия Олимпиада Кеңесінің қазіргі президенті Ранджир Сингх және АОК бас директоры әрі халықаралық су спорты түрлері федерациясының президенті Хуссейн Әл-Муссаламмен өткен басқосуларда да осы мәселелер әңгімеге өзек болды. 

Фото: ҰОК

Olympism365 Комиссиясының төрайымы әрі ХОК мүшесі Аувита Рапилламен өткен жүздесуде  Головкин ХОК қызметін, Томас Бахтың Геннадий Головкинді Olympism365 комиссиясының мүшесі етіп тағайындауын, Комиссия қызметі мен оның жетістіктерін және мақсаттарын талқылады.

Сондай-ақ, 2024 жылдың қарашасында өтетін Olympism365 Комиссиясының отырысына Головкиннің алғаш рет қатысуы да күн тәртібіне енгізілді. Аталған кездесуге Olympism365 бағыты бойынша ХОК департаментінің директоры Олли Дадфилд пен Комиссияның қазіргі мүшелері де қатысты. Айта кетелік, Головкиннің Париждегі Olympism365 Комиссиясына қатысуы аясында тағы бірқатар кездесулер өтті. 

Фото: ҰОК

Париж Олимпиадасында Геннадий Головкин Азия аймағындағы спортты дамыту мәселелерін талқылады. Аталған тақырып Сауд Арабия ҰОК басшысы, ханзада Абдул-Азиз ибн Абдалла Әл Саудпен кездесу барысында көтерілді. Тараптар Париждегі Олимпиада ойындары жайлы сөз қозғап, киберспортты дамыту мүмкіндіктерін, бірлескен спорттық жарыстарды ұйымдастыру және Қазақстан мен Азия аймағы елдерінің спорттағы ара-қатынасын нығайту мәселелерін көтерді. 

«Бүгінге дейін Геннадий Геннадьевич басқа мемлекеттердің ҰОК басшылары, халықаралық федерация басшылары мен ХОК мүшелерін қоса есептегенде, 25-тен аса кездесу өткізіп үлгерді. 

ҰОК жаңа басшылығы ұйымның алдындағы басты міндет - халықаралық бағыттағы әріптестікті нығайту екенін әу бастан айтқан болатын. Олимпиада ойындары аясында біз осыған ықпал еткен кездесулерді өткізе алдық.

Біздің Олимпиада ойындарында екенімізді және жарыс кестесінің тығыздығын ескерсек, ҰОК президентінің жұмыс кестесінде әуел бастан үзіліс болған жоқ. Ресми кездесулер Олимпиаданың соңғы жарыс күніне дейін жалғаса бермек», - дейді халықаралық бағыттар  бойынша департамент басшысы Анар Сыздықова. 

Фото: ҰОК

Аталған кездесулер халықаралық бағыттағы әріптестік пен спорттық байланысты нығайтудың, сондай-ақ, қазақстандық спортты елімізде және жақын болашақта әлемдік аренада дамыту үшін халықаралық спорттық қауымдастықтардың белсенді өкілдерімен диалог жүргізудің маңыздылығын айқындайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға