2026 жылы генеративті жасанды интеллект (GenAI) маркетингтен бастап дизайн, бағдарламалау, тіпті медицина саласына дейін жұмыс тәсілін түбегейлі өзгертіп отыр. Бұл технология қалай жұмыс істейді және ол классикалық жасанды интеллекттен несімен ерекшеленеді – соны қарастырайық.
Генеративті жасанды интеллект ұғымы
Дәстүрлі жасанды интеллект деректерді талдауға, тануға және жіктеуге бейім. Мысалы, ол суреттен мысық пен итті ажырата алады немесе несие тәуекелін бағалайды. Ал генеративті жасанды интеллект (Generative AI, GenAI) – әлдеқайда күрделі деңгейдегі технология. Ол жаңа контент жасай алады: мәтін, сурет, бағдарламалық код, музыка, видео, тіпті 3D-сахналарға дейін.
Қарапайым тілмен айтқанда, оның басты міндеті – бұрын болмаған, бірақ сұранысқа сай және шынайы көрінетін жаңа өнім жасау. Ол үшін модельдер миллиардтаған мәтіндерге, суреттерге, аудиожазбаларға үйретіледі. Осы деректер арқылы ЖИ жасырын байланыстар мен заңдылықтарды анықтап, кейін сол «тәжірибені» шығармашылықта қолданады.
Генеративті ЖИ туралы әлемде 2022 жылдың соңында OpenAI компаниясы ChatGPT-ді іске қосқаннан кейін жаппай айтыла бастады. Қарапайым мәтіндік сұраныстар арқылы басқарылатын бұл құрал бағдарламалауды білмейтін адамдарға да қолжетімді болды. Сол кезден бастап генерация сапасы да күрт өсті: 2023 жылғы сюрреалистік, «қорқынышты» суреттерден 2025 жылға қарай фотореалистік бейнелер мен логикалық, байланысты мәтіндерге жеттік. Голливуд актері Уилл Смиттің спагетти жеп отырған видеосы көпшіліктің есінде шығар, оны да ЖИ жасаған болатын. Екі жыл ішінде технология зертханалық эксперименттен күнделікті құралға айналды.
ЖИ мен нейрожелінің айырмасы
Маңызды бір жайт бар: жасанды интеллект пен нейрожелі – екеуі екі түрлі ұғым. Нейрожелі – ЖИ-дің бір ғана архитектурасы, ол адамның миының жұмыс принципіне ұқсас модель. Қазіргі генеративті модельдердің басым бөлігі дәл осы терең нейрожелілерге негізделген. Ал «жасанды интеллект» ұғымы әлдеқайда кең, оған түрлі алгоритмдер мен тәсілдер кіреді.
Генеративті ЖИ мен дәстүрлі ЖИ арасындағы айырмашылық
Дәстүрлі ЖИ – тәртіпті сарапшы. Ол деректерді талдап, дайын жауапты табады: бет-әлпетті тану, спамды сүзу, жабдықтың істен шығу ықтималдығын болжау, фильм ұсыну. Оның жұмысы «сұрақ – жауап» қағидасына негізделген.
Ал генеративті ЖИ – цифрлық шығармашылық серіктес. Ол дайын жауапты іздемейді, керісінше, оны өзі қалыптастырады. Негізгі айырмашылықтарды бірнеше тармаққа бөлуге болады:
Міндеті: дәстүрлі ЖИ таниды, болжайды, жіктейді.
Дерек түрі: классикалық ЖИ құрылымдалған деректермен (кесте, сандар) жұмыс істесе, GenAI мәтін, сурет, дыбыс, видео секілді құрылымдалмаған ақпаратқа сүйенеді.
Нәтиже: дәстүрлі ЖИ – баға, белгі, болжам береді. Генеративті ЖИ – мақала, дизайн, код, музыка немесе видео ұсынады.
Түсіндіру мүмкіндігі: классикалық модельдердің шешім логикасын түсіндіруге болады. Ал генеративті нейрожелілер көбіне «қара жәшік» болып қала береді – нәтиже бар, бірақ оған қалай келгені толық ашық емес.
Мысалы, дәстүрлі ЖИ сізге бұрын қараған тауарға ұқсас өнім ұсынады, ал генеративті ЖИ интернет-дүкендегі жаңа тауарға бірегей сипаттама жазып береді. Бұлар – бірін-бірі алмастырмайтын, әртүрлі мақсатқа арналған құралдар.
Генеративті ЖИ қалай жұмыс істейді?
ЖИ-дің «шығармашылығы» – көпсатылы процесс. Ол адам секілді мыңдаған мысалды көріп, олардың арасындағы байланыстарды үйренеді.
Негізгі төрт кезеңі бар:
Ауқымды деректерді сіңіру. Модель Википедия мәтіндері, миллиондаған кітаптар, ғылыми мақалалар, GitHub-тағы ашық кодтар, сурет-сипаттама жұптары сияқты терабайттаған деректерді меңгереді.
Болжауды үйрену. Модель келесі сөзді, келесі пиксельді немесе келесі қадамды болжауға жаттығады. Осылайша ол ықтималдыққа негізделген әлем моделін қалыптастырады.
Нақты міндетке бейімдеу (fine-tuning). Кең ауқымды базалық модель арнайы деректер арқылы «тәрбиеленеді»: нұсқауды орындауға, диалог жүргізуге, зиянды контенттен аулақ болуға үйренеді.
Сұраныс бойынша генерация. Пайдаланушы сұрақ қойған сәтте модель біртіндеп, сөзбе-сөз немесе кадрлап контент жасайды.
Бұл – статистикалық тұрғыдан жоғары деңгейдегі шығармашылық. Сондықтан бір сұраққа әр жолы әртүрлі, бірақ қисынды жауап беруі мүмкін.
Генеративті ЖИ түрлері
Контент түрі бойынша:
Мәтіндік модельдер (LLM): ChatGPT, Claude, GigaChat.
Сурет генерациясы: Midjourney, Stable Diffusion, Kandinsky.
Кодпен жұмыс: GitHub Copilot.
Аудио және дауыс: Suno және дауыс синтезі модельдері.
Видео генерациясы: Sora, Veo.
Архитектурасы бойынша:
Трансформерлер – тілдік модельдердің негізі.
Диффузиялық модельдер – сурет пен видео генерациясының стандарты.
GAN – алғашқы дипфейктердің негізі болған бәсекелі архитектура.
Генеративті ЖИ қайда қолданылады?
Маркетинг пен контент: пост, мақала, тауар сипаттамасы, баннер.
Клиенттерге қызмет көрсету: интеллектуалды чат-боттар.
Бағдарламалау: код жазу, тестілеу, қате табу.
Білім беру: жеке оқу материалдары, цифрлық репетитор.
Медиа және креатив: сценарий, идея, визуал прототип.
Адамдарды алмастыра ма?
Жоқ. Бірақ жұмыс тәсілін өзгертеді. ЖИ – идея ұсынуда, күйбең тірлікті автоматтандыруда таптырмас құрал. Ал стратегия, эмоция, жауапкершілік пен соңғы шешім – адамға тиесілі.
Генеративті ЖИ – жаңа контент жасайтын технология.
Ол трансформер, диффузия секілді архитектураларға негізделген.
ChatGPT, Midjourney – ең танымал мысалдар.
Қазақстан мен Ресейде GigaChat, Kandinsky, YandexGPT дамып келеді.
Нарық жылдам өсіп, миллиардтаған көлемге жетіп отыр.

