Жаңалықтар

Генерал-майор Жарболов Әлихан Бірімжанұлы

Әскери қайраткер
Генерал-майор Жарболов Әлихан Бірімжанұлы
06.05.2017 09:31 5954

Биыл Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері 25 жылдығын атап өтеді. Осыдан 25 жыл бұрын, яғни 1992 жылы 7 мамырда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығына сай дербес әскеріміз құрылды. Тәуелсіз еліміздің құрыш қалқанына айналған төл әскері 25 жылда талай белестерді бағындырды. El.kz интернет жобасы 7 мамыр – Отан қорғашылар күні мерекесі қарсаңында Қарулы Күштердің 25 жылдығына арнап, «Қарулы Күштер генералдары» атты жаңа жобасын бастады. Қарулы Күштеріміз бен айбынды әскерлеріміздің өсіп-өркендеуіне, нығаюна үлес қосқан генералдар туралы естелік мақалалар ұсынамыз. Мақалалардың авторы белгілі әскери журналист Сәндібай Күмісбеков.

Генерал-майор Жарболов Әлихан Бірімжанұлы

1955 жылы 15-шілдеде Ақмола облысында дүниеге келген. Сверловск қаласындағы жасөспірімдерге арналған Суворов училищесін, 1976-жылы үздік бағамен Қонаев атындағы Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищесін, 1989-жылы үздік бағамен Фрунзе атындағы Әскери академияны бітірген. Офицерлік қызметін Кеңес әскерлерінің Германиядағы тобында взвод командирінен бастаған. Орал әскери округінде полк командирінің орынбасары болған. Түркістан әскери округінде жауапты қызметтер атқарған. Тәуелсіз Қазақстан әскерінің сапында полк, құрама, армиялық корпус командирі болды. ҚР ҚК Бас штаб бастығы – Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары лауазымын атқарды. Кейіннен Оңтүстік әскери округі әскерлерінің қолбасшысы, Алматы жоғары әскери училищесінің бастығы болды. Бірқатар мемлекеттік наградалармен марапатталған. 2 баланың әкесі.

Әскери журналистикада жасаған ең алғашқы қадамым осы офицермен тікелей байланысты. Атап айтсам, ең бірінші редакциялық тапсырама осы офицер басшылық еткен әскери бөлімде болған еді.

Кеңес Армиясы заманынан бастау алған дәстүр бойынша барлық 15 одақтас республиканың астанасында мотоатқыштар полкі шоғырланатын. Атқарар жауынгерлік тапсырмасы өзінше, сонымен қатар бұл полктардың көпшілік назарына ұсыну мәртебесі болатын. Жалпақ тілмен айтқанда, құрметті қонақтар мен маңызды делегацияларға көрсетуге арналған еді. Мамандармен жасақталуы, қажет дүние мүлікпен жабдықталуы бірінші кезекте. Сондай әскери ұжым Алматыда да болды. Алдынан айтып өтейін, алғашқы жылдары осы бөлімнің тізгінін ұстаған офицерлердің барлығы да генерал атағына қол жеткізді. Сол тізімді Әлихан Бірімжанұлы бастап тұр.

Генерал Жарболов қашанда қарамағындағылардың мұң-мұқтажын жоғары қойды, мүддесін көздеді. Мына бір оқиға жадымда жатталып қалды. 90-шы жылдардың ортасы. Генерал-Гвардейский гарнизонының бастығы. Әлеуметтік тұрғыдағы проблемалар қыспаққа алған тұс. Қорғаныс министрлігі басшылығының қатысуымен үлкен жиын өтіп жатыр. Министрдің «қандай сұрақ бар» дегеніне, генерал ештеңеден тайсалмай «әскери қалашықта жылу жоқ, жарық уақытпен беріледі, қаражат жетіспейді. Халыққа іріткі салмасын деп, бас көтерген бірнеше әскериді қатардан аластаттым. Ер-азамат – офицер-прапорщиктерге сөзімді өткізермін, ал отбасы мүшелеріне қандай уәж айтамын. Қазір Отарға келгенде олардың жүзіне қалай қараймын», - деген еді. Осы бір жанайқайы генералдың болмысын көрсетсе керек. Әділін айту керек, экономикалық қиындықтар алқымнан алған сол бір жылдары қалашықтың инфроқұрылымын сақтап қалу үшін, ондағы көпқабатты үйлердің есік-терезесін бітеп, «консервациялап» тастау туралы шешімді қабылдаған жауапты тұлғалардың алдыңғы қатарында генерал да болған. Бүгінгі таңда Гвардейский қалашығы қайта гүлденіп тұрса, бұның астарында генералдың қолтаңбасы бар екеніне шек келтіруге болмайды.

Қызметтің жауапкершілігі, тұрмыстың ауырлығы жас офицердің сағын сындырмасын, мәдениетке жақын болсын деп, лейтенанттарға вальс билеткен де генерал болатын.

Біраз жыл бұрын Отарға кезекті іссапармен барғанымызда, генерал тарапынан әкелік қамқорлықтың тағы бір куәсі болғанымыз бар. Белгілі әнші Майкл Джексонның мәнерінде билей білетін бір әскеридің баласына ақпараттық қолдау көрсету мақсатында, бар жұмысын кейінге қалдырып, журналисттер алдында жас талантты көрсете білген еді.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға