Жаңалықтар

Генерал-майор Марат Әубәкіров

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне - 25 жыл 
Генерал-майор Марат Әубәкіров
29.09.2017 16:18 4793

Өмірбаян беттерінен

1952 жылы 23 ақпанда Ташкент қаласында дүниеге келген. Қарулы күштер сапында 1969 жылдан. 1984 жылы Бронетанк әскерлерінің әскери академиясын бітірген. Әскери қызметін танк әскерлері сапында бастап, бірқатар командалық қызметтерден өткен. Мотоатқыштар полкінің командирі, кіші мамандар даярлайтын орталықтың бастығы, қару-жарақ және әскери техниканы сақтау базасының командирі болған. Бірқатар мемлекеттік наградалармен марапатталған.

***

Құрлықтағы әскерлердің діңгегі – жаяу әскер. Бірақ жаяу әскердің «жұмысы» танкистерсіз далбаса болмақ. Адамның екі қолы тәрізді. Бірі балға көтерсе, екіншісі шеге ұстайды. Кез келген ұрыста бірлесе қимылдайды. Әрине, классикалық үлгіде. Сондықтан болар, танк училищесіне бітірген офицер мотоатқыштар ұжымын жылдам иіріп әкетеді, ал жалпы әскери оқу орныынң түлегі танкистер тізгінін ұстап жүре береді.

Мектеп қабырғасынан ажырамас досым Ноян мерзімді қызметін «танктің ішінде» өткізді. Еделгі адамдардың нанымы бойынша жерді төрт бұрышынан төрт піл көтеріп тұрса, досымның пайымдауынша Кеңес әскерлерінің абыройын танкисте ғана асқақтатып жүрген. Келісті аргументтер келтіретін. Мықты десантшы Ержан досым көгілдір беретінің намысын жыртатын. Ондай қызылшеке дауда менің ПВО әскерлерім «әлсіздеу» көрініп соңында жүретін. Ерлан досым бәрі де түсінікті деп «стройбатын» ауызға да алмайтын. Кейін түсіндім, азулы «темір тұлпарға» қатысы бар жандардың барлығы да броньды бұл техникаға ғашық болып қалады екен.

Естен кетпес оқиға Отарда орын алды. Танкист курсанттар «огневая» бойынша жаттығулар жүргізіп жатты. Оқу орталығының бастығы генерал Әубәкіров қадағалап жүр. Кіші мамандардың оқтары нысанаға дөп тиіп жатса кеерк, генералдың көңіл-күйі көтеріңкі. Маған қарап «танкіден атып көріп пе едің» деп сұрап қалды. «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегендей, сенімді түрде, қанағаттанарлық жауап қайтардым. Келесі сұрағы төбемнен жай түсіргендей болды. «Ниетің болса, машина дайын» демесі бар ма. Қасымызда қаншама офицерлер тұр, тіпті бұл диалогті кезекшілікте тұрған екі медбике де естіді. «Онда тұрған не бар екен» деген сөздердің аузымнан қалай шығып кеткенін байқамадым.

Танк командирі, көздеуші оператор және механик жүргізушіден құралған үш экипаж жаттығу жолақтарында тұрған танктерге жүгіріп бара жаттық. Жеткенше сержантақ мән-жайды түсіндіргендей болдым. «Бәрін өзің дайындап бер, гашетканы көрсет. Дәлдеп көздеп бер. Қай уақытта қай қолмен қалай басатынын айт» дегенге саяды. Жағдайдан абыроймен шыққандай болдым. Қалай десек те, сырт көзге еңсемді тік ұстап көрінуге тырыстым.Нысананы дөп көздедің деп генерал арқамнан қақты. Танкінің «есігі» қайсы, «тесігі» қайсы екенін білмейтін мен үшін бұл танкіге алғаш кіргенім екенін сержанттан басқа ешкім білмеді. Және соңғысы да сол болды. Марат Ғаббасұлының арқасында мен де осылай танкист болғаным бар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға