Жаңалықтар

Генерал-майор Махмұт Телегусов

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне - 25 жыл
Генерал-майор Махмұт Телегусов
29.09.2017 14:56 5001

Өмірбаян беттерінен

1955 жылы 16 ақпанда Ресейдің Оренбург облысында дүниеге келген. 1977 жылы Ташкент жоғары І жалпыәскери командалық училищесін, 1987 жылы Жоғары академиялық курстарды, 1994 жылы Фрунзе атындағы әскери академияны бітірген. Кеңес әскерінде взвод-рота-батальон буындарындағы қызметтерден толықтай өткен. Полк командирі, танк құрамасы командирі болған. Шығыс әскери округі әскерлері қолбасшысынық орынбасары, АҚШ әскери басшылық штабында Қазақстан Қарулы Күштерінің өкілі қызметін атқарған. Казақстан Республикасы Карулы Күштері Аэроұтқыр әскерлері қолбасшысының орынбасары лауазымында болған. Бірқатар мемлекеттік наградалармен марапатталған. 2 баланың әкесі.

***

Совет Армиясы киімінің маңызды бөлігі етік болды. Мәселе бойынша офицерлер құрамы жан-жақты қамтамасыз етілді. Далаға киетіні жеке, қалаға жеке, «ойынға» өзінше, тойға киетіні тағы бар дегендей. «Яловый», «хромовый» деп бөліне беретін. Киген жоқпын. Сондықтан, сарбаздың керзі етігінен асқан сенімді аяқ кшм көрмедім. Әділін айту керек, офицердің аяғындағысы әдемі көрінетін. Қанша айтқанмен таза былғары ғой. «Берцы» етіктер келгелі бері, сол бір нағыз етіктер ұмытыла бастады. Әскери рәсімдер өткізу барысында ғана көзіміз шалады.

Төл әскеріміз бой көтерген алғашқы жылдары Гвардейский гарнизонындағы полк командирлерінің бірі, подполковник шеніндегі бір офицерді үнемі осы бір етіктермен көретінмін. Іштей ризашылығым шексіз еді. Ол – генерал Телегусов болатын.

Генералмен жақын танысуым Аякөзде қалыптасты. Іссапармен барған сайын шуақты шараға, үлкен бір мерекеге тап болып жүрдім. Сарбаздардың Ант қабылдау рәсімі, кезекті жаттығулардың сәтті аяқталуы, құраманың «туған» күні, танкистердің кәсіби мерекесі тәрізді қуаныштарына ортақтасып жүрдім. Генералдың өзі бастап: «Құтты қонақ келсе...», - деп барлық шараға шақыратын. Жас лейтенанттарды сапқа тұрғызу рәсімі, танкистердің штатты снарядпен алғаш атуы немесе механик-жүргізуші жас сарбаздың алғаш рет «темір тұлпардың» дербес тізгінін ұстауы тәрізді тебіреністі сәттерді жақыннан көруім генералдың есімімен тікелей байланысты.

Офицердің кезекті жұлдызын алуы өте қуанышты оқиға. Бұл сәт Жарғыда қысқа да нұсқа айқындалған. Жаңа погонды иығыңа қондырып, командиріңе баяндайсың деп, құрғақ көрсетілген. Жазылмаған заңдылықтар бойынша бұл өте жауапты ритуалмен сабақтасады. Онжылдықтар бойы қалыптасқан дәстүр деуге болады. Офицерлік атақ алған рәсімді талай көрдім, ал генералдық погон алуға қатысты өтетін шараға қатысудың реті келмеген еді. Бұл олқылықтың орнын Махмұт Өтегенұлы толтырды дей аламын. Рас, бұл «істің мамандары» шамалы өзгешелеу өткенін айтып жатты. Қалай болғанда да, генералдар корпусының бір адаммен толығуына орай өткен салтанатқа қатысқанымды ұмыта алмаймын. Генералдарды ренжітіп алсам керек, бұл шара мен қатысқан алғашқы әрі соңғысы болды.

... Етіктерге қайта оралсақ. Рас, аталмыш аяқ кшмді адамзат ертеде ойлап тапқан. Соған қарамастан оны нағыз әскерилердікі деп білемін. Етікке икемді етіп, арнайы тігілген шалбарды галифе дейді. Француз әскері генералының есімімен аталған...

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға