Газиантептегі түрік шебері мозаика өнерін тегін үйретіп жүр
Түркияның оңтүстігінде орналасқан Газиантеп қаласы – тарих пен мәдениетке бай мекен. Дәл осы жерде орналасқан Жәле Текіналп Йүжел атындағы мәдениет және өнер орталығы бүгінде талай жасқа қанат бітіріп, көне өнердің қайта жандануына жол ашып отыр. Орталықтың үйлестірушісі әрі мозаика өнерінің шебері Гүлчин Сөкүджү El.kz интернет-порталына бұл өнердің қыр-сырын әңгімелеп берді.
Мозаика өнері – көне дәуірден жеткен асыл қазына.
Мозаика – жай ғана әдемі өрнек емес. Ол – тасқа жазылған тарих. Әрбір кішкентай тас – бір дәуірдің, бір адамның, бір өркениеттің куәгері. Біз осы өнер арқылы ата-бабамыздың өмірін, дүниетанымын бүгінгі ұрпаққа жеткіземіз, – дейді ол.
Гүлчин Сөкүджү мозаикаға 20 жыл бұрын келген. Ол кезде Газиантепте жүргізілген қазба жұмыстары кезінде көне мозаикалар табылып, әлем назарын аударған еді.
Мен алғаш рет сол мозаикаларды көргенде жүрегім қатты толқыды. Сол сәттен бастап, бұл өнердің өмірімнің маңызды бөлігі болатынын түсіндім. Артынша Италияға барып, үлкен мектепте арнайы білім алдым. Өйткені мозаика өнерінің тамыры Еуропа өркениетінде терең жатыр. Ал оны меңгеру – ұлтқа қарамайтын, адамзатқа ортақ тіл, – дейді ол.
Содан бері Гүлчин Сөкүджүнің шығармашылық жолы халықаралық деңгейге шыққан. Оның еңбектері Франция, Венгрия, Швеция, Африка елдерінде көрсетілді.
Өнердің тілі – шексіз. Қай елге барсам да, адамдар мозаикаға таңырқай қарайды. Себебі бұл – көзбен ғана емес, жүрекпен түсінетін өнер, – дейді ол.
Мозаика өнері орталығы бүгінде Түркиядағы ең ірі әрі алғашқы оқу орны саналады. Мұнда тоғыз жылдан бері жастарға мозаика өнері тегін үйретіліп келеді.
Қазір тұрақты 500-ден астам шәкіртіміз бар. Одан бөлек жүздеген адам уақытша келіп-кетіп оқиды. Ең бастысы – бұл білімнің бәрі тегін. Біз ешқандай ақы алмаймыз. Өйткені мақсатымыз – өнерді сақтау және тарату, – дейді Гүлчин Сөкүджү.
Жаңадан келгендер үшін сабақтар қарапайым геометриялық өрнектерден басталады. Оларды жасауға шамамен бір апта жеткілікті. Ал тәжірибесі артқан сайын шәкірттер күрделі туындыларға көшеді.
Ең қиын жұмыс – «Сыған қызы» мозаикасының көшірмесі. Өйткені онда мыңдаған ұсақ тас, ондаған түс бар. Оны үш айда аяқтауға болады, – деп түсіндірді ол.
Шебердің айтуынша, әрбір тастың орны маңызды.
Біз Евфрат өзенінің жағасынан жиналған табиғи тастарды қолданамыз. Олар боялмайды, табиғи күйінде пайдаланылады. Сол себепті мозаика уақыт өтсе де түсін жоғалтпайды, – дейді ол.
Гүлчин Сөкүджү әр жерден жиналған түрлі ұлт өкілдерімен жұмыс істейді. Оның шәкірттерінің қатарында қазақ қызы да бар.
Менің Диляра есімді бір қазақ шәкіртім бар. Ол сіздердің ұлттық өрнектеріңізді мозаика тіліне түсіріп жүр. Қазақстанның ою-өрнектерінде үлкен тарих, терең мағына бар. Ол осы өрнектерді мозаика арқылы жаңа қырынан көрсеткісі келеді. Жақында Қазақстанда көрме ұйымдастырып, «Сыған қызы» мозаикасының көшірмесін қоюды жоспарлап отыр, – дейді шебер.
Бұл – түркі халықтарының мәдени байланысын нығайтуға жасалған игі қадам десе де болады.
Шебердің соңғы туындыларының бірі – «Махуса перілері» мозаикасы. Бұл жұмыс қазба кезінде табылған жаңа артефактілерден шабыт алған.
Бұл еңбегімде өте ұсақ тастар пайдаланылды. Әрбір тас – көзге көрінбейтіндей кішкентай. Бірақ бәрі біріккенде тұтас бейнені құрайды. Бұл өнердің сиқыры да осында, – дейді ол.
Мозаика жасау үшін ең алдымен төзім қажет. Шебердің айтуынша, адам бір күнде небәрі бірнеше тасты ғана орналастыра алады.
Мозаика – сабырлықты, төзімділікті талап етеді. Егер сүйіспеншілікпен істемесең, шыдай алмайсың. Ал бұл істі сүйсең, әр тасты орнына қоя отырып, ішкі тыныштық табасың, – дейді шебер.
Бұл өнер тек қол еңбегі емес, адамның жан дүниесін тәрбиелейтін рухани жол іспетті.
Әрбір мозаика туындысының бағасы әртүрлі.
Өнердің құнын өлшеу мүмкін емес. Десе де олар 5-100 түрік лирасы арасында сатылады. Мұның бәрі шығарманың мәніне, оған кеткен уақыт пен еңбекке байланысты, – деп түсіндірді шебер.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Айта кетейік, бұған дейін Түркияның оңтүстік-шығысындағы ең ескі Газиантеп қаласына барғанда нені ескеру керек екені жайлы жазған едік.

