Жаңалықтар

Газ, жол және автобус қызметі жоқ: Ақтөбе облысындағы шалғай ауылдың жағдайы

Газ, жол және автобус қызметі жоқ: Ақтөбе облысындағы шалғай ауылдың жағдайы
Фото: Әлеуметтік желі 27.03.2024 18:15 1191

Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Біршоғыр ауылының тұрғындары газ құбырын 10 жылдан астам күтуде. Экономикалық зерттеулер институты» АҚ сарапшылары инфрақұрылымның басқа түрлері бойынша ауылдағы жағдайдың қалай екенін анықтап көрді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Біршоғыр ауылы Біршоғыр ауылдық округінің әкімшілік орталығы болып табылады. Тұрғындардың саны 1 241 адамды құрайды. Халықтың көп бөлігін балалар мен қарт адамдар құрайды. Еңбекке қабілетті халықтың үлесі 40%-тен сәл асады.

Облыс орталығына дейінгі қашықтық 252 шақырым, аудан орталығына дейін (Шалқар қаласы) – 113 шақырым, жақын қалаға дейін (Ембі қаласы) – 60 шақырым құрайды. Біршоғыр тірек ауыл болып табылады, яғни даму әлеуеті бар ауылдар санатына жатады.

Өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес Біршоғыр ауылының инфрақұрылым объектілерімен және қызметтерімен қамтамасыз етілуі 2022 жылы 87,1%–. құрады (облыс бойынша орташа-69,2%). 

Ауылдың инфрақұрылымы қалай дамып жатыр?

Ауылдың әлеуметтік саласында объектілермен қамтамасыз ету көрсеткіштері айтарлықтай жоғары. Білім беруде объектілермен және қызметтермен қамтамасыз ету деңгейі 91,7% құрайды. Ауылда бір жалпы білім беретін мектеп пен балабақша жұмыс істейді. Денсаулық сақтау саласында да объектілермен жоғары қамтамасыз етілгендігі байқалады - 97,2%. Тұрғындарға медициналық қызметтерді дәрігерлік амбулатория көрсетеді. Мекеме ғимараты 2007 жылы пайдалануға берілді. Біршоғырдың өз дәріханасы бар.

Мәдениет және спорт объектілерімен қамтамасыз ету 96,7% құрайды. Нысандардан мектеп жанындағы Мәдени-демалыс мекемесі, кітапхана және спорт залы жұмыс істейді. Ауыз сумен ешқандай проблема жоқ. Ауылдың барлық тұрғындары орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген.

Бұл ретте тұрғындардың 80%-де үйге су құбыры тартылған, ал қалған тұрғындар колонкаларды пайдаланады. Ауылдың сумен жабдықтау жүйесі салыстырмалы түрде жаңа және 2017 жылы пайдалануға берілген. 

Ауыл электрмен толық қамтамасыз етілген. Дегенмен, қолданыстағы электр желілері мен трансформаторлық қосалқы станциялардың тозуы жоғарылаған. Елді мекенде өзінің пошта бөлімшесі жұмыс істейді. Тұрғындар ұялы байланыс пен КЖҚ-ға қол жеткізе алады.

Ауылдың негізгі проблемаларының бірі - жолдардың жай-күйі және автобус қатынасының болмауы. Ауылдың шалғай орналасуы және жолдардың нашар жағдайы ауыл тұрғындарының өмірін қиындатады. Ауыл мен аудан орталығын жалғайтын 113 шақырым автомобиль жолдары қанағаттанарлықсыз жағдайда. Облыс орталығына баратын жол да жақсы жағдайда емес.

«Қандыағаш-Ембі-Шалқар–Ырғыз» жолының учаскесі 50 жыл бұрын пайдалануға берілген және бүгінгі күні ең жақсы жағдайда емес. Ал «Ақтөбе-Қандыағаш» жолының жай-күйі туралы Президенттің өзі де айтып, кеңейтілген отырыста аталған жол учаскесін жөндеу 5 жылдан астам уақытқа созылып жатқанын айтты.

Жергілікті маңызы бар жолдармен қатар ауыл ішіндегі жолдар да нашар жағдайда. Ұзындығы 10,4 км көше желісі толығымен қанағаттанарлықсыз жағдайда. Және, ең бастысы – ең ірі газ кен орындары орналасқан аймақта табиғи газдың болмауы. Біршоғыр облыстың көптеген ауылдары сияқты, орталықтандырылған газбен жабдықталмаған. Жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша Шалқар ауданының 11 ауылдық округі де орталықтандырылған газбен жабдықталмаған, - дейді институт сарапшылары.

Айта кетейік, Біршоғыр ауылдық округінің әкімі Айтенов Нұржан Қажымқанұлы 2022 жылғы 11 желтоқсанда өткен сайлау қорытындысы бойынша сайланды. Сайлауда ол «Amanat» партиясынан ұсынылды. Дауыс беруге қатысқан 768 адамның ішінен Айтеновке 757 адам дауыс берді. Ол 1985 жылы дүниеге келген, білімі бойынша құрылысшы. Біршоғыр ауылында тұрады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға