«Гауһартас» қойылымы бір жылда рекордтық көрсеткішке қол жеткізді
Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры «Гауһартас» музыкалық драмасын сахналағанына бір жыл толды. Халықтың көзайымына айналған «Гауһартас» музыкалық драмасы көрермен назарына 165 рет ұсынылып еліміздің театр кеңістігінде рекордтық көрсеткішке қол жеткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Спектакльдің әр қойылымы аншлагпен өтіп, бүгінгі таңға дейін 68 мыңға жуық көрермен тамашалады. Қойылым Ақтау, Атырау, Орал, Талдықорған, Алматы, Тараз, Шымкент, Түркістан қалаларының театрларында көрсетілсе, биыл да әртістердің басқа өңірлердегі гастрольдік сапары жоспарланып отыр.
Музыкалық драманың авторы Қазақстанның еңбек ері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы, драматург Дулат Исабеков, қоюшы режиссері және сахналық нұсқасын жасаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.
«Гауһартас» музыкалық драмасы «UMAI-2023» ұлттық жүлдесінің «Театр өнері» номинациясы бойынша «Үздік спектакль» атанды.
Сондай-ақ аталған музыкалық драмада Салтанаттың рөлін сомдағаны үшін театр актрисасы Инабат Ризабекова республикалық «Сыншылар жүлдесі - 2023» марапаттау кешінде «Жыл актрисасы-2023» номинациясына ие болды. «Гауһартас» музыкалық драмасындағы халықтың «Құдаша» әні мен биі санаулы сағатта әлеуметтік желілерде миллионнан аса қаралым жинап, жастар арасында трендке айналды. Тіпті, Қытай еліндегі жастардың бейнежазбасы да кеңінен тарады.